Бүгін – Бүкіләлемдік инсультқа қарсы күрес күні. (World Stroke Day). Атаулы күннің тарихы 2004 жылдан басталады. Осы жылы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы инсультті "жаһандық эпидемия" деп жариялады. Және бұл әлі күнге дейін жалғасып, әлемдегі өлім атаулының басты себептерінің бірі болып келеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір жылдағы өлім санының жартысы тамыр ауруларынан болса, оның ішінде, әрбір бесінші адам еңбекке қабілетті жасында душар болады. Осы ауруға тап болған адамдардың 31 пайызы өзге адамның көмегіне мұқтаж, 20 пайызы өз беттерімен әрекет ете алмайды, тек 8 пайызы ғана бұрынғы жұмысына оралады.
Осы мәселені шешу және алдын алу шараларының біршамасы Бүкіләлемдік инсультқа қарсы күрес күнінде өткізіліп жүр. Бұл күні медицина қызметкерлері мен оларға көмектесетін еріктілер халыққа тегін қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, бүгін Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Қазақ поэзиясының алдаспаны" Мұзафар Әлімбаев тоқсан жасқа келіп отыр.
Ол әнші-күйшілердің, ақын-жыраулардың думан құрған төрі Маралды атырабында (Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылы) дүниеге келген. Мұзағаң 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастаған. 6 сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, «Бауырсақтан» бастап, «Батырлар жырын» ортаға ала, А. С. Пушкиннің 4 томдығын тауысады.
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Ақынның 52 кітабы шыққан. «Құрбыма», «Лирика», «Менің Қазақстаным», «Жолдар - жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от», «Өлеңдер мен поэмалар», т.б. өлең кітаптары нәзік лиризм мен азаматтық әуенге толы. Әлімбаевтың 300-дей өлеңіне ән жазылған, бірнеше ән кітаптары шыққан. Ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ-олақ», «Шынықсаң - шымыр боларсың», т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді: «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Мақалнама», «Маржан сөз», «Нақылдар», «Батамен ер көгерер». «Халық – ғажап тәлімгер», «Нақылдың төркіннамасы», т.б.жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын-зерттеу саласында «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Өмір, өнер, өнерпаз», «Толқыннан толқын туады», «Көңіл күнделігі», «Көргендерім көңілде» еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Мұзафар Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге аударылған.
Туған күніңізбен, аға!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: koishymanova.kazjur.kz, kayrosblog.ru