- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- 27 мемлекет пен...
27 мемлекет пен төрт халықаралық ұйым EXPO-2017 көрмесіне қатысатынын растады
27 мемлекет пен төрт халықаралық ұйым EXPO-2017 көрмесіне қатысатынын растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл туралы ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары, ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас ассамблеясының 157-ші сессиясында мәлімдеді.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сессия барысында 2016 жылы Анталияда өтетін бағбандық көрме және Астана-2017 мен Дубай-2020 көрмелеріне дайындық жұмыстары туралы есеп берілді. Жошыбаев халықаралық қатысушыларды шақыру, көрменің құқықтық негіздемесі және Қазақстанның ХКБ алдындағы міндеттемелерін орындау шаралары туралы баяндама жасады.
"Жошыбаев 27 мемлекет пен 4 халықаралық ұйымның ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуын ресми растағаны туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, ол шетелдік мемлекеттердің қатысуын растау бойынша жұмыс барлық бағыттар мен деңгейлерде жүргізілетінін, сондай-ақ ЕХРО Милан-2015 алаңын және алдағы уақытта Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесінің тұсаукесеріне келетін халықаралық қатысушылар жиынын барынша пайдалану жоспарланғанын атап өтті", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, сессия жұмысының қорытындысы бойынша ХКБ басшылығы мен мүшелері ЕХРО-2017 көрмесінің дайындық деңгейіне оң баға берді.
М. Бисембаева