2018 жылы әлемді қорғаған 10 адам

2018 жылы әлемді қорғаған 10 адам

Әр жыл сайын Nature журналы біздің әлемімізге пайдасын тигізген 10 адамның тізімін жариялайды. Бұл материалдың қызығы, тізімге әлемге әйгілі жұлдыздар мен бай-қуатты адамдардың емес, жас ғалымдардың, қоғам белсенділерінің, заңгерлер мен саясатқа енді араласып жүрген тұлғалардың есімі енеді. Олар – біз өмір сүріп жатқан әлемді түрлі қауіп-қатерден сақтау үшін тер төккен адамдар.

Валери Массон-Дельмотт – Жер қорғаны

Апаттың алдын алудың бірінші қадамы – қауіптің жақындағанын уақытында сезе білу. 2018 жылдың қазанында климаттың өзгеруін қадағалайтын Үкіметаралық сарапшылар тобы 2030-2052 жылдар аралығында Жер ғаламшарына қауіп төнетінін хабарлады. Осы кезеңде, орташа есеппен  Жердің қызуы ең азы 1,5˙С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Дәл бұндай құбылыс бұрын соңды орын алмағандықтан, ғалымдар экожүйенің өзгеру қаупі барын айтуда.

Бұл хабарды Жер тұрғындарына ең бірінші Валери Массон-Дельмотт жеткізді. Ол – Франциядағы климат және қоршаған ортаны қорғау зертханасының қызметкері. Ол өзінің тобымен бірге, авторлардың жұмыстарын бір жүйеге келтіріп, бірнеше мемлекет басшылығына төніп келе жатқан жаңалық жайлы хабарлап, оның алдын алуға ұсыныс білдірген. Құжатта бұл қауіпке қарсы қандай әрекет жасау керектігі де жазылған. Бұл адамзатқа өз зардабын тигізбей қоймайды. Мысалы, теңіз балықтарын аулау 1,5 миллион тоннаға дейін азаюы мүмкін.

Ғалым және оның қол астындағы топ бұл мәселенің шешімін табу жолында білек сыбана жұмыс істеп жатыр. Массон-Дельмот осы тақырыпқа байланысты ғылыми баяндама дайындау үстінде. Жоспар бойынша, келесі жылы Жердің жағдайы жайлы ғылыми еңбек жарық көреді. Адамдар ғаламшарына төнген қауіптің алдын-алу шаралары осы жұмыста жазылмақ.

Энтони Браун – жұлдыз картографы

2018 жылдың 25 сәуірінде жер жүзінің астрономдары Гея ғарыштық телескобы жинаған 500 гигабайттық деректерді көруге мүмкіндік алды. Бұл телескопқа жиналған ақпаратты реттеу үшін 400 зерттеушіден құралған арнайы топ жұмыс істеді. Оның төрағасы – Энтони Браун.

Энтони жаңалық ашқан жоқ. Ол тек осы салада жеке дара еңбектеніп жүрген ғалымдардың басын біріктіріп, жұмысты жұмыла көтеруді ұсынып, қадағалады. Оның бұл жұмысқа деген жауапкершілігі мен ерекше ынтасы ғалымдардың оң нәтиже көрсетуіне септігін тигізді. Ғалымдар тобының мүшесі астроном Амина Хелмидің айтуынша, Браун әріптестерін жігерлендіре алады. Ол ұжымдық жұмыстың жауапкершілігі мол екенін түсіндіргенде, ғалымдардың көбісі, тіптен басқа да жұмыстарын тастауға дайын болған.

Браун қазіргі уақытта, өзінің командасымен тоқтаусыз жұмыс жасап жатыр. Олар 2019 жылы, жоғарыда атап өткен телескоптағы деректерді тағы да жаңартпақ. Бұл әрекет жыл сайын қайталанып отырады. Оны атқарудан Браун бас тартып отырған жоқ. Оның аталған бағдарламамен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан.

Роберт-Ян Смитс – қолжетімді білім алуды насихаттаушы

Түрлі тақырыптағы зерттеу жұмыстарын жариялайтын ғылыми журналдарды әр түрлі грант ұсынушы ұйымдар қаржыландырады. Алайда бұл материалдар жабық форматта жарияланатындықтан, оны оқырман толық оқи алмайды. Барлық мәтінді оқу тек журналға қосымша қаржы төлеген жағдайда ғана қолжетімді. Бұл грант ұсынушы ұйымдар үшін тиімсіз. Себебі, олар қаржыны журнал басшылығының қазынасын толтыру үшін емес, қарапайым халықты зерттеу жұмыстарынан хабардар болсын деген мақсатпен салады.

Қоғамдағы осы мәселені шешу үшін Роберт-Ян Смитс «S жоспарын» ұсынды. Оның талабы бойынша, 2020 жылдан бастап грант қаржысымен жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері ашық форматта жариялану керек. Смитс бастамасын бүгінде 16 мемлекет қолдап отыр. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіштің артатынына өздері сенімді.

Хэ Цзянькуй – геном редакторы

Қытайлық ғалымның жетістігі ғылыми көзқараспен қарағанда ғаламат жаңалық болса, моральдық тұрғыда дау тудырады. 2018 жылдың қарашасында Хэ Цзянькуй тұңғыш рет генетикалық модификацияланған балаларды жасай алғанын хабарлады. Ол АҚТҚ (ЖҚТБ) инфекциясын жұқтырған ердің ұрығындағы генді өзгертіп, дүниеге келген балаға инфекцияны жұқтырмаған.

Алайда, бұл жаңалыққа сала ғалымдары оң пікір білдірген жоқ. Олар Хэге тәжірибе жасау үшін адам өмірін бәйгеге тігіп, адамға салғырт қарағаны үшін кінә тағуда. Хэ Цзянькуй жұмыс жасаған Оңтүстік ғылыми технологиялық университеті бұл зерттеу жұмысына ешқандай қатыстары жоқтығын айтып ақталуда. Ал Қытай үкіметі ғалымға жұмысты ары қарай  жалғастыруға тыйым салды.

Қытайлық ғалым негізінде генетика емес, физика саласында білім алған. Алайда, ол 2010 жылы бактериялық ДНҚ жайлы зерттеу жүргізіп, осыған байланысты Direct Genomics компаниясын құрған.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, Хэ ешқандай генге өзгерту енгізбеген. Себебі, тәжірибе барысында жасалған жұмыстар жайлы нақты дәлелдер көрсетілген жоқ. Ғалымдар аяқсыз қалған ғылыми жұмыстың нәтижесін дүниеге келген егіз қыздар Лулу мен Нанаға қарап байқаймыз деп отыр. Осылайша, Хэ мырза бұрын соңды болмаған жаңалық жасап, ғылымға бір сілкініс әкелді деп айтуға болады. Ал оның тәжірибесінің нәтижесі уақыттың еншісінде. Кім біледі, мүмкін ол генетикаға жаңа жол салып берген болар.

Би Инь Йо – экологияны қорғаушы саясаткер

Малайзиялық азаматшаның өмір жолы шым-шытырық оқиғаларға толы. Ол өзінің жұмыс мансабын Schlumberger мұнай компаниясында бастаған. Компанияда жұмыс істеп жүріп, адамдардың уақыты келгенде қазба отынды пайдаланудан бас тартатынын түсініп, басқа салада білім алуды көздейді. Ғаламшарымызға пайдасын тигізетін мамандық іздеген Йо Оксфордқа аттанып, химия-технология мамандығына оқуға түскен.

Дипломын алған Йо Малайзияға оралып, тек қана ғылыммен емес, саясатпен айналысуды да көздейді. Сүйтіп, жылдар өте, 2018 жылы ол энергетика, климаттың өзгеруі, ғылым, технология министрі атанды.

Қызметке орныққан Йо, табиғатты қорғау үшін ең бірінші пластиктен арылуды ойластырған. Сүйтіп, ол елге пластик қалдықтарды кіргізуге тыйым салып, бір рет қолданылатын пластик өнімдерді құртудың жоспарын құрды.

Макото Есикава – астероид аңшысы

Жапондар жақында ірі ғарыштық бағдарламамен жұмыс жасауды бастады. Жұмыстың басталғанына аз ғана уақыт өтсе де жапониялық Макото Есикава тағы бір шыңды бағындыра алды. «Хаябуса-2» жоспарына жауапты ғалым 2018 жылы ғарыштық құрылғыларының көмегімен Рюгу астероидына жақындап, оны суретке түсіре алды. Соның нәтижесінде, қазіргі уақытта ондағы топырақ құрамына зерттеу жүргізіліп жатыр.

Астероидты зерттеу өте күрделі жұмыс. Сәл шалыс қадам басу арқылы жасалған жұмысты теріске шығарып алуға болады. Сол себепті де, NASA бұл іспен айналысудан бас тартып отыр. Ал Макото Есикава алғашқы «Хаябуса» операциясының сәтсіз аяқталғанына қарамастан бұл іске кірісіп кеткен.

Есикаваның жеке өмірінің өзі тұтас бір мақалаға арқау бола алады. Оның ғарыш саласына деген қызығушылығын оятқан «Кішкентай ханзада» кітабы екен. Оқыған болсаңыз, шығарманың басты кейіпкері кішкентай ғана астероидта өмір сүреді.

Жапониялық азаматты әріптестері «ең мейірімді ғалым» деп атайды. Себебі, оның қарамағындағы қызметкерлер арасында айқай-шу, ұрыс-керіс мүлде болмайды. Өзі де дауыс көтеріп, қол астындағы адамға батырып сөйлеген адам емес.

Вивиан Слон – адамның арғы тегін зерттеуші

Вивиан Слон Сібір үңгірінен табылған ежелгі адамның сүйегін зерттеген. Оның ойынша, мың жыл бұрын Сібірде неандертальдық адамдардың арғы аталары тіршілік еткен. Осы сүйектерді мұқият зерттеу кезінде, ол ежелгі адамның генін тауып алған. Зерттеу нәтижесінде, бұл неандертальдық әйел адамның сүйегі екені анықталды.

Бұл Слонның ғылымдағы алғашқы жаңалығы емес. Ол осыған дейін ғалымдардың бірлескен тобымен бірге топырақ шөгінділерінен генетикалық материалдарды іздеудің жаңа тәсілін ойлап тапқан. Оның көмегімен ежелгі адам сүйегінің сақталмағанына қарамастан, оның тұрған орнын табуға болады. Ежелгі адам сүйегі жиі табыла бермейтіндіктен, бұл ғылымға көп пайдасын тигізетін бірегей әдіс деп бағаланды. Қысқасы, палеогенетика саласы үшін Вивианның ашқан жаңалығы адамның арғы тегін зерттеу үшін мол мүмкіндік бермек.

Юань Цао – графен билеушісі

Графен – алмаз бен графиттен ерекшеленетін көміртектің жаңа формасы. Қытайлық жас ғалым бакалаврды Қытайдың ғылыми-техникалық университетінде оқып, магистратураны АҚШ-та жалғастырған. 2014 жылы ол ғалымдар тобымен бірге графеннің құрылымын зерттей бастады. Жылдар өте тек осы салада ізденісте болған жас ғалым түрлі тәжірибелер жасау арқылы бұл көміртек формасын меңгерді. Ғалымдар ортасында оны «графен билеушісі» деп атап кеткен. Ол ғылымдағы жаңалықтарын небәрі 21 жасында жасай алды.

Джесс Уэйд – ғылыми әртүрліліктің қорғаны

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, уикипедия сайтындағы биографиялық мақалалардың 18%-ы ғана әйел адамдар жайлы екен. Бұл деректерден хабардар болған Джесс Уэйд қазіргі уақытта нәзік жанды ғалымдардың көп екенін алға тарта отырып, осы іспен айналысқан. Ол ғалым әйелдер жайлы күніне 1 мақаладан дайындап, 2019 жылдың қарсаңында 400 материалды уикипедияға енгізіпті.

Уэйд алғашында бұл жұмыспен жалғыз өзі айналысып жүрген. Кейін қасына топ жинап, мақала жазатын адамдардың санын арттырды.

Барбара Рей-Вентер – ДНҚ детективі

Барбара – бүгінде зейнетке шыққан заңгер. Алайда, ол генетиканы да жақсы меңгерген. Ол магистрлік диссертациясын биология бойынша қорғап, кейін заң саласында екінші білім алған.

Барбара 1990 жылдары өзінің арғы тектерін танып-білуге қызығып, осы жұмыспен айналысып жүреді. Осылайша, ол жақын туыстарын генетикалық тесттен өткізген. 2012 жылы ол бөтен отбасының қамқорлығында өскен өзінің алыс туысқанын тауып алады. Табылған Лиза Дженсон есімді туысқанының нақ әкесін тауып беру үшін генеология мен ДНҚ-ны тереңінен оқытатын курсқа жазылады. Осылайша, араға 3 жыл салып, генетикалық зерттеулер жүргізген Барбара Лиза Дженсонның өз әке-шешесін тауып берген. Қыздың әке деп жүрген адамы оны бала кезінде өзінің нақ ата-анасынан ұрлап кеткен екен. Барбара Рей-Вентердің көмегімен бірнеше жыл бұрын қызынан айырылып қалған отбасы қайтадан өз перзентімен қауышты.

2017 жылы бұл жаңалықты естіген Пол Хоулз есімді детектив Барбараны өзіне шақыртады. Детектив Барбарадан «Нағыз түнгі аңшы» деген лақап аты бар әйгілі баскесерді құрыққа түсіруге көмектесуін сұраған. Іздеудегі баскесер – 1970 жылдары 45 адамды зорлап, 10 адамды өлтірген өте қауіпті адам. 40 жыл бойы полиция оның кім екенін анықтай алмай келіпті. Алайда, оларда қылмыскердің ДНҚ деректері бар екен.

Іске кіріскен Рей-Вентер генетикалық генеологияның көмегімен қылмыскердің туыстарын тауып, сол арқылы баскесердің өзін де тауып алған. Бұл бұрын полиция қызметкері болып жұмыс істеген – Джеймс Деанджело еді. Барбара әдісінің іздеудегі адамдарды табу үшін көп көмегі тиген. Осы оқиғадан кейін полицейлер 16 қылмыскерді ұстапты.