Жылан жылында әлемдік және қазақстандық шоу-бизнесте аз өзгерістер болмады: жаңа жобалар, қызықты рөлдер, қызықты оқиғалар және аты шулы тойлар. Бәріне де қорытынды жасайтын кез келді. Келмеске кеткелі тұрған жылы шаңырақ көтерген жұлдыздар туралы әңгімелегіміз келіп тұр.
Биылғы жылы әлемдік додаларда Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшы қыздарымыз бен ұлдарымыз отбасын құрып, ел-жұртымен қуанышын бөлісті. Атап айтар болсақ: Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло, Кирилл Павлов, Марк Гурман, Александр Симичевич және Самат Отарбаев.
Сондай-ақ елбасының Н.Назарбаевтың немересі Айсұлтан Назарбаев пен Әлима Боранбаеваның үйлену тойлары есте қалды. Алдын-ала әлеуметтік желілерде жазылғанындай, Елбасы Алматыға арнайы келіп, той салтанатына қатысып, жас жұбайларға ұлттық салт-дәстүрімізге сай бата берген. Дерек көздеріне қарағанда, бұл тойға екі жақтың ең жақын туған-туыстарынан 300-дей адам шақырылса, есесіне шет елден осы тойға қызмет жасап, өнер көрсетуге келген атақты өнер жұлдыздары екі есе көп болған.
Тіпті, әлемдегі ең қымбат өнер жұлдыздары Бейонсе, репер Кени Уэст те мұхит асып келген. Олардың «қаламақысы» жай кезде 2-3 миллион доллар тұратын көрінеді. Бұлардан өзге алыс-жақын шетелдерден «жұлдыздар» арнайы өнер көрсеткен. Олардың арасында түрiктiң әншiсi Мұстафа Сандал, Ресейден Вахтанг Кикабидзе, Лев Лещенко, Лолита, әртiстер Геннадий Хазанов, Нонна Гришаева, пародист Максим Галкин, “Comedy club” тобы секілді өнер иелері болған. Тойға Тұрсынбек Қабатов, Нонна Гришаева мен Максим Галкин асабалық еткен екен.
Ал әлемдік шоу-бизнестің тарихында қалатын үйлену тойлары қалай өтті?
Хью Хефнер және Кристал Харрис
Playboy журналының негізін қалаушы 86 жастағы Хью Хефнер өз журналында қызмет ететі модельмен отау тікті. Той рәсімі Лос-Анджелес қаласында өтті.
Ксения Собчак және Максим Виторган
31 жастағы танымал тележүргізуші 40 жасты бағындырған актердің жары атанды. Ел-жұрт алғашқыда сенбегенімен, жұлдыздардың өз аузынан естігеннен кейін құттықтамасқа амалдары қалмады. Тойдың суреттері ресми түрде жарияланбағанымен, Ксенияның әлеуметтік желілерінен байқап қалғандар бар.
Кира Найтли және Джеймс Райтон
Актриса Кира мен «The Klaxons» тобының әншісі Джеймс 4 мамыр күні заңды түрле ерлі-зайыптылар атанды. Олар некелерін Францияның солтүстігінде қидырды. Кираның өте қарапайым той киімін Chanel дайындады. Тойда бар болғаны 50 адам болған.
Зои Салдана және Марк Перего
"Аватардағы" сүйікті кейіпкеріміздің рөлін сомдаған американдық актриса Зои итальяндық суретшіге тұрмысқа шықты. Жасырын түрде ұйымдастырылған той Лондонда өткен екен.
Лера Кудрявцева және Игорь Макаров
42 жастағы тележүргізуші 25 жастағы хоккейші Игорьдің ұсынысына "иә" деп жауап берген. Қалыңдық тойда үш бірдей той көйлегін киген екен.
Аврил Лавин және Чад Крюгер
Nickelback тобының әншісі канадалық сұлу әншімен отбасын құрды. Францияда өткен той өте көп қонақтарды жинап, тосын сыйларымен есте қалды. Бір қызығы – Аврил қара көйлек пен қара гүл шоғын ұстап шыққан және Чад та қара киімді жөн көріпті.
Кристина Риччи және Джеймс Хеердеген
Кристинаның тұрмыс құрғандығы тойдан кейін бірнеше аптадан соң жарияланған. Жұртшылықты Кристинаның той көйлегі әбден сүйсіндірді. Жұлдызды жұптар "Пэн Американ" фильмінің түсірілімінде танысқан екен.
Хэлли Берри және Оливье Мартинес
Алты айлық сәбиді құрсағында көтеріп жүрген Хэлли ханымның жарының есімі – көпке танымал актер Оливье Мартинес. Той рәсімі Франциядағы Шато-де-Конде сарайында өткен болатын.
Шаңырақ көтереген барлық жұлдыздарды шын жүректен құттықтай отырып, отбасы бақытын тілегіміз келеді.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:total.kz,tele.ru,vk.com