Forbes басылымы жыл сайынғы дәстүр бойынша, соңғы 12 айды сәтті өткізіп, қаржысын бұрынғыдан да көбейте білген миллиардерлердің жаһандық рейтингін жасап шықты. Біз де осы тізімнің ізімен жылдың ең табысты миллиардерлерін таныстырғымыз келіп отыр.
1. Шелдон Адельсон
Қазынасы: 37,2 млрд$
2013 жылғы өсім: 15 млрд$ (+68%)
Las Vegas Sands компаниясының негізгі акционері әрі басқарушысы Шелдон Адельсон иелігіндегі казиноның бәрін өзі ұтып алғандай көрінеді. Ол жыл бойы бір күнде 41 млн. доллар ақша тауып отырған (орташа есеппен). Ол осынша байлықты казиноның ордасы саналатын Лас-Вегаста емес, Макао мен Сингапурдан жиды. Бизнесмен Мадридте казино ашу жобасынан бас тартқан екен.
2. Марк Цукерберг
Қазынасы: 25,8 млрд$
2013 жылғы өсім: 13,6 млрд$ (+112%)
2013 жыл Facebook желісінің негізін қалаушы үшін өзгеріске толы болды. 30 жастағы Марк өзінің қажырлы еңбегінің арқасында екі есе көп ақша тауып, проценттік көрсеткіш бойынша Шелдон Адельсонды артқа тастады.
3. Джефф Безос
Қазынасы: 36,9 млрд$
2013 жылғы өсім: 13,3 млрд$ (+56%)
Amazon.com-ның негізін қалаушы әрі бас директоры Джефф Безос технологиялық индустрия саласындағы визионер ғана емес, өзінің тың идеялары арқасында ақша жасай білетін үздік бизнесмен ретінде танылып жүр. Ол биылғы жылы да өте ауқымды жобалар жасап, үлкен келісімшарттарға отырды.
4. Уоррен Баффетт
Қазынасы: 60 млрд$
2013 жылғы өсім: 12,1 млрд$ (+25%)
Аты аңызға айналған инвестор егде жасына, денсаулығының нашарлығына қарамастан өзінің әлемдік бизнестегі орнын сақтап қалып отыр. Оның дағдарыс кезінде жүрексінбестен салған инвестициялары Баффетке 10 млрд. доллар қаржы алып келген.
5. Кристи Уолтон
Қазынасы: 37,5 млрд$
2013 жылғы өсім: 10,7 млрд$ (+40%)
Әлемдегі ең бай әйелдің қазынасы күн өткен сайын толыға түсуде. Кристи марқұм күйеуі Джон Уолтоннан (Wal-Mart-тың негізін қалаушы Сэм Уолтонның ұлы) қалған мұраны күн энергиясы саласына жұмсап отыр.
6. С. Робсон Уолтон
Қазынасы: 35 млрд$
2013 жылдың өсімі: 10,1 млрд$ (+41%)
Сэм Уолтонның үлкен ұлы, 1992 жылдан бері Wal-Mart-тың кеңесшілер төрағасы қызметін атқарып келе жатқан Робсон Уолтон сауда империясындағы бас рөлін әлі ешкімге берген жоқ. Ол көптеген келеңсіз жағдайларға қарамастан, үлкен жетістіктерге жетіп келеді.
7. Элис Уолтон
Қазынасы: 35 млрд$
2013 жылдың өсімі: 10,1 млрд$ (+40%)
Сэм Уолтонның қызы Элис Уолтон әкесі құрған компанияның жұмыстарына араласпайды. Оның ең басты қызығушылығы – 2011 жылы негізі қаланған Crystal Bridges атты америкалық мұражай. Мекеме Арканзас штатында орналасқан. Бүгінде ол миллиардерлердің отбасындағы қайырымдылықпен айналысатындардың басында тұр.
8. Джим Уолтон
Қазынасы: 35,5 млрд$
2013 жылдың өсімі: 10 млрд$ (+39%)
Сэм Уолтонның кіші ұлы Джим басқа да мұрагерлермен бірге компания арқылы ақша табуды әдетке айналдырды. Джим бұдан басқа Arvest Bank деп аталатын отбасылық банкті басқарады.
9. Ларри Пейдж
Қазынасы: 30,5 млрд$
2013 жылғы өсім: 9,4 млрд$ (+26%)
Google-дың бас директоры әрі негізін қалаушылардың бірі Лари Пейдж жаһандық технологиялық нарықты баяғыда-ақ жаулап алған және сол орнын сақтап қалу үшін барын салып келеді. Google-дың биылғы жылғы жетістіктерінің куәгері болдыңыздар, ал ол жетістіктің бәрі Сергей Брин мен Лари Пейдждың еңбегімен келген деп түсіну керек.
10. Билл Гейтс
Қазынасы: 74,1 млрд$
2013 жылдың өсімі: 9,3 млрд$ (+14%)
Microsoft-тың негізін қалаушы азамт биыл ғаламшардағы ең бай адам атағын қайтарып алды. Өзінің онсыз да ауқымды қазынасына 9 млрд $ қаржыны қоса білген Билл бизнес-империяның шыңынан көрінді. Ол қазір қайырымдылық шараларына көп қатысып жүрген көрінеді.
Міне, әлемдегі ең сәтті миллиардерлердің есімдері осындай... Келер жылы талмай еңбек етіңіз, біршама уақыттан кейін тізімде сіздің де есіміңіздің болуы ғажап емес...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: forbes.ru