2 қазан. Бүгін қандай күн?

Қазанның екінші жұлдызында атап өтілетін алғашқы мерекені тым жас деген болар едік. 2009 жылдың 2 мамырында Копенгагенде әлеуметтік педагогтардың XVII Халықаралық коференциясы өтті. Айтулы іс-шараға әлемнің 44 елінен келген өкілдер қатысқан. Осы күні әлеуметтік педагогтар күні белгіленді.

Айта кетейік, әлеуметтік педагогика – тұлғаның қалыптасуына қоршаған ортаның әсерін анықтайтын, тәрбиені социализм контекстінде зерттейтін ғылым. Бұл күні көптеген елдерде тақырыпқа сай іс-шаралар, кәсіби конференциялар, форумдар мен семинарлар, шеберлік-класстар өтеді. Көбіне жастарды тәрбиелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік әдістер, қоғамды ақпараттандыру мәселелері қаралады.

2 қазан – Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні (International Day of Non-Violence). 2007 жылы 15 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жариялаған. Мереке үшін дәл осы күннің таңдалуы да бекер емес. Себебі, бүгін – Үндістандағы тәуелсіздік үшін күрестің басшысы, зорлыққа қарсы философияның негізін салушы Махатма Гандидің дүниеге келген күні. Көшбасшы бір сөзінде: "Зорлық-зомбылықтан бас тарту – адамзаттың ұлы әрекеті. Өйткені бұл – адамзат ойлап тапқан қарулардың ішіндегі ең жойқыны" деген екен. Мереке әлем халықтарын адамгершілікке, бейбітшілікке шақырады.

2 қазан – Бүкіләлемдік ауылшаруашылығы жануарларының күніБұл мереке 70 жылдан аса уақыттан бері аталып келеді. Көптеген елдерде табиғат қорғау ұйымдарының бастамасымен үй жануарларына қамқорлықпен қарау мәселесіне байланысты бірнеше заңдар қабылданған. Содан бері өркениетті елдерде үй жануарлары отбасы мүшесі ретінде есептеледі. Олардың жақсы тамақ ішуге, жақсы жерге жатуына, медициналық көмекке құқығы бар, керек десеңіз, өз мерекелері де бар.

1991 жылдың 2 қазанында Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз Тоқтар Әубәкіров және КСРО ғарышкер-ұшқышы Александр Волков, Аустрия Республикасының азаматы Франц Фибек «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанады. Қазақ азаматының сапары сәтті болып, есімі әлемге әйгіленіп, елінің мерейін үстем етті.

Сондай-ақ, бүгін актер, режиссер, профессор, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов (әл-Тарази) өзінің 65 жастық мерейтойын атап өтіп отыр. Бүгінде қазақ өнерінің ақсақалы болып жүрген алып тұлғалардың ізін жалғап келе жатқан атақты да, дарынды актер ешқашан да өнерден өзін бөліп-жарған емес. Оның наны да - өнер, жаны да - өнер. Қазақтың киносы мен театрында өзінің білікті актер екенін көрсетіп, сахна саңлағына айналып та үлгерді.  Қазақ десе, "Міне" деп көрсетуге лайықты дарынды актер Тұңғышбай Жаманқұлов болса, "Қазақ киносы қайда?" дегенге Тұңғышбай түскен киноларды ұсына аламыз.


Қазанның екінші жұлдызы тағы да бір өнер адамын дүниеге әкелген екен. Кинорежисер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаев ағамыз тірі болғанда 87 жасқа келер еді. Талантты режисер Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1947-1983 жылдары «Қазақфильм» студиясында режисер болып «Ана мен бала», «Егер біздің бәріміз де...», «Қанатты сыйлық», «Ботагөз» атты көркем фильмдерді қоюға қатысты. Тарихи тақырыпқа «Қилы кезең», «Даладағы қуғын» секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Менің ағам», «Қатарыңнан қалма», «Оу, ковбойлар», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі» көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шеті», «Черкасск қорғаны», «Ақтөбе» атты бірнеше деректі фильмдерді қойған.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: today.ru, analitika-forex.ru, inform.kz