Алдымен сұрақ қойып көрейік. Су шаңғысы, былғары құлаққап, таяқшадағы жемістер балмұздағы және Брайля шрифтінің арасында қандай байланыс бар екендігін білесіз бе? Жоқ? Олай болса, есіңізде сақтаңыз, бұлардың барлығын да кішкентай балалар ойлап тапқан.
Жалпы жыл сайын 500 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер әртүрлі гаджеттерді, ойындарды ойлап табады, роботтар мен техниканы іске қосады. Және балақайлар шығарған осындай табыстар біздің өмірімізді қызықты әрі жайлы етуге қызмет етіп жүр.
Міне, бүгін – жас ғалымдар үшін қуанатын, олардың еңбектерін бағалайтын, дарындарын одан сайын дамытуға күш салатын күн.
Бүгін дүние жүзінде Балалар өнертабысы (Kid Inventors’ Day) күні атап өтіледі. Бұл күн американдық қайраткер, дипломат, ғалым, өнертапқыш Бенджамин Франклиннің туған күнінің құрметіне белгіленген. Ол өзінің ең алғашқы өнертабысы – қолға киілетін әрі жүзуге арналған желкенді 12 жасында ойлап тапқан екен.
Саусағы жоқ қолғаптарды, түбі төртбұрыш қағаз қалталарды, калькуляторды еске алып отырып, балалар өнертабысын санай беруге болады...
Біздің елімізде де жас ғалымдарға қолдау білдіру бағдарламалары іске асырылып келеді. Жыл сайын қалалық, республикалық, халықаралық жас ғалымдар фестивалі ұйымдастырылып тұрады. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, 2013 жылы Атыраудағы техникалық гимназия оқушысы Гауһар Зайденова зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапқан. Бұл жаңалық Байқоңыр қаласында өткен ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық тоғызыншы ғылыми жобалар жарысында жария етілді. Жас ғалымның еңбегіне ресейлік мамандар назар аударып, әрі қарай зерттеуді көздеп отыр. Ал дарынды оқушы болса, ғалымдар тарапынан жоғары баға алып, отандық және ресейлік жоғары оқу орындарына шақырту алды.
Осы күні әлемнің түкпір-түкпірінде жаңа табыстарды сынау шаралары, конкурстар, марапаттаулар өтеді.
Бүгін – даңқты америкалық аңыз боксшы Мұхаммед Әлидің (шын аты-жөні - Кассиус Клей) дүниеге келген күні.
Мұхаммед Әли – бүгінге дейін Жыл боксшысы атағына 5 рет ие болған жалғыз спортшы саналады. Ол тек спортта ғана оза шауып қоймай, қоғамдық өмірге де белсене араласып, адамзатқа пайдалы игілікті жұмыстар жасап, әлем халқының махаббатына бөленді. Оның ой-толғамдарын бүгінде әлемнің мыңдаған балалары сүйіп оқиды, әрекеттерінүлгі тұтады, оның жетістіктерін қайталауды армандайды. Мұхаммед Әлидің ғұмыр жолындағы ең ұлы қадамы – Ислам дінін қабылдағаны. Боксшы 1964 жылы «Ислам ұлты» қозғалысының қатарына қосылғаннан кейін, бұрынғы Кассиус Клей атын Мұхаммед Әлиге өзгертті.
Оның боксқа келуі күтпеген оқиғадан басталған деседі. Бір күні көшеге қойған велосипедін біреулер ұрлап кетеді. Шарасы қалмаған бозбала жақын маңдағы полиция учаскесіне барды. Полиция қызметкері Джо Мартинге болған жағдайды айтып, ұрыны ұстап жатса, көкесін көзіне көрсететінін де жасырмайды. Сонда Мартин бозбалаға сынай қарап: «Сен төбелесе аласың ба?», – деген екен. Содан, келесі күні-ақ жас Кассиус Мартин жұмыс істейтінүйірмеге барып, қолына қолғап киіп, оңды-солды әрекеттер жасап, бокс жаттығуларын бастап кетеді. Ол бұл кезде бар болғаны 12 жаста еді.
Адамзат үшін сіңірген мол еңбегі үшін 2002 жылы Мұхаммед Әлиге Отто Ган атындағы бейбітшілік сыйлығы берілген болатын.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: arnapress.kz, lichnosti.net