11 қараша. Бүгін қандай күн?

11 қараша. Бүгін қандай күн?

"Ресурстар мен энергияны пайдалану бойынша мектеп жобасы" (SPARE) атты халықаралық экологиялық желінің бастамасымен қараша айының он бірінші жұлдызы Энергия үнемдеу күні болып белгіленген. Атаулы күнді белгілеу туралы шешім 2008 жылдың сәуір айында Қазақстанда өткен SPARE координаторларының басқосуында қабылданды.

Дәл осы жылдың қараша айында әлем алғаш рет Энергия үнемдеу күнін атап өтті. Жиырмадан астам ел бірауыздан қолдағандықтан халықаралық мереке мәртебесіне еш қиындықсыз ие болды.

Күннің басты мақсаты – билік органдары мен қоғамды энергия көздері мен ресурстарды рационалды қолдануға шақыру. Энергия үнемдеу мәселесі бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, өте терең жатқан мәселе саналады. Энергияны үнемдеу қоршаған ортаның ластануын төмендете алады және экономика жағына да аса тиімді.

Бұл күні бірнеше елде әртүрлі тақырыптағы акциялар, конференциялар, көрмелер, оқу орындарында сабақтар өткізіледі. Іс-шаралар барысында энергия үнемдеу жолдары таныстырылып, энергия көзін дұрыс пайдалануға арналған үндеулер айтылады.


Бүгін – ұлы орыс жазушысы Достоевский Фёдор Михайловичтің туған күні. Ол 1821 жылы 11 қарашада Мәскеу қаласында туылып, 1881 жылдың тоғызыншы ақпанында Санкт-Петербург қаласында қайтыс болған. 1843 жылы Санкт-Петербург әскери-инженерлік училищесін бітіреді. 1847 жылдан Михаил Петрашевскийдің қоғамына қатысқаны үшін 1849 жылы қамауға алынып, өлім жазасына кесіледі. Бұл жаза каторгамен ауыстырылып, 1850 – 54 жылдары Омбыда айдауда, кейін қатардағы солдат болды. 1854 жылы Омбыда Шоқан Уәлихановпен танысады, бұл таныстық Семейдегі кездесулерден соң үлкен достыққа айналды. Жазушының шығармалары орыс әдебиетінің ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінің алтын қорына еніп, әлі күнге дейін үлкен сұраныспен оқылып келеді.


Бүгін – американдық актер Леонардо Ди Каприоның дүниеге келген күні. Ол 1974 жылдың 11 қарашасында Лос-Анджелесте дүниеге келген. Оның аты Да Винчидің картинасына байланысты қойылған. Анасы аяғы ауыр кезінде италиандық мұражайлардың бірінде серуендеп жүреді де, дәл осы суретшінің туындыларына келгенде баласы ішінен қатты тебеді. Кейіннен оған Леонардо деген есім беріледі.

Ата-анасы Ирмелин мен Джордж болашақ актер бір жасқа толмай жатып ажырасып кеткен екен. Леонардо ең алғаш рет 2,5 жасында камерадан көрінеді. Әкесі оны балалар шоуына алып келген. Ол Сидс университетінде білім алып жүріп, қосымша актерлік курстарға барып жүреді де, "The Mud People" тобына қосылып Лос-Анджелестің бірнеше жеріне гастрольдік сапарларға барып, тәжірибе жинақтайды.

Он бес жасында Джон Маршалдың мектебінде білім алады және сол кездің өзінде жеке агенті болған екен. Көп ұзамай "Лесси" және "Санта Барбара" сериалдарында кішігірім рөлдерге ие болады. 1991 жылы түскен толықметражды «Зубастики 3» фильмі мен "Growing Pains" сериалынан кейін үлкен танымалдылыққа ие болып, көптеген продюсерлер ұсыныс жасайды. Осы сәттен бері шығармашылығы өрлеп, үлкен рөлдерді сомдай бастады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: baskino.com, blogspot.com