Сыпатай Әлібекұлы (1781 – 1868) – Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Ботпай руынан шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділділігі мен ақылдылығы ел жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты танылған адам екен. Бірақ балалары Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Көз көрген қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: "Зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір топ қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты", - деп суреттейді.
Батыр қазақ, қырғыз хандықтарының Қоқан ханына қарсы қозғалыстарына белсене қатысушылардың бірі. Сыпатай батыр елін жауға бермеген, қысы-жазы, күні-түні тыным көрмеген, ұры-қары барымташыларда кеткен малды қайтарып, жауды жерлеген, тұла-бойы ақыл-ой, күш-қуат кернеген. 1806 жылы Дулатқа тиген Қарабалтадан Түркістанға дейінгі жерге жау келтірмеген, еліне тиген ауларға өзі қол бастап, қарсы тұрған. Сыпатай батыр қаһарлы хандардан да қайтпаған, алғаш кездескенде көкірек көрсеткен Кенесарыға: «Ұлы жүз елімді ескермедің, жасымның үлкендігін біліп, дұрыстап ол бермедің» деп, өзін тілдеген Наурызбай сұлтанға: «Төреде де төре бар, төбет итке пара-пар, Біздерде туған бала бар, әке кегін ала алар – бас кесер яки жаралар» деген екен. Қоқандық Құдияр ханның салық жинаушыларын талай елден қуған.
Сол заманда Сыпатай батырдың алдында үш айрық жол тұрды. Бірі – Қоқан хандығына қарай жол, екіншісі – Ресей отаршылдығына қарсы Кенесары қозғалысына қосылар жол, үшіншісі – Ресейге бағынып, прогреске бет алу жолы. Сыпатай Ресейге арқа сүйеу жолын дұрыс деп, 1847 жылы Ресей қол астына қарағандығы туралы Жетісудың бірқатар сұлтандары және билерімен бірге ант берген. Сыпатай батыр, саясаткер де, дипломат та және қара қылды қақ жарған әділ би де болған. Қалың мал құнын 47 қара қылғанда «20 жасында жылына бір қараға жалданған кедей мұнша мал жинағанша 70 жасқа келеді. Одан кейін ол қандай ұрпақ, қандай қызық көреді» деген. «Теңін тапса, қыз тегін берілсін» дегенді жөн санаған.
Сыпатай сексен бес жыл жасаған өмірінің саналы алпыс жылын күрес-тартыспен өткізіп, шапқыншылықты күнде ерлігін, бейбіт күнде мәмлегер әділдігін танытып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің бірі. Ол Алатаудың баурайында, Мерке аңғарының қойнауында, Ұлы Жібек бойында, сулы жердің, нулы жердің топырағын дамыл тапқан.