Оралда өтіп жатқан "Қала күні" өңірдің ғана емес, барша қазақтың қос батырын ұлықтау шарасымен жалғасты. Қалаға кіре беріс қақпада Исатай мен Махамбет батырларға арналған ескерткіш орнатылды.
2018 жылдың 29 мамыр күні облыс әкімінің орынбасары Оспанқұлов Ғабидолла Абдоллаұлының төрағалық етуімен Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраларын, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және мемориалдық тақталарды орнату мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өткен. Комиссия "Исатай мен Махамбет батырларға арналған атты композиция" ескерткішінің эскиздік жобалары қарастырған болатын.
Конкурсқа қатысуға мүсіншілерден 6 өтініш келіп түскен еді: Келіп түскен өтініштердің ішінен үздік 3 жұмыс таңдап алынып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысына жіберілді. 2018 жылдың 27 шілде күні жоғарыда аталған комиссия отырысында ең үздік жоба ретінде Әбенов Р.А., Зиябеков Е.С. және Рустамбеков С.И. бірлескен жұмыстары таңдалған.
Ескерткішті ашу салтанатты шарасына жергілікті халықтан бөлек Алматыдан, Атырау облысынан, Ресей Федерациясынан арнайы қонақтар келді.