- Негізгі бет
- Ақберен
- Орақты батыр туралы...
Орақты батыр туралы аңыздар # 2
Үшінші аңыз:
Әлқисса еліміздің Сыр бойында жүрген кезі болса керек. Араларында оқуы терең молда болыпты. Бір күні молда жолға шығып кетіп, бірнеше уаықттан соң үйіне оралады. Келсе, бір жігіт пен әйелінің зинақорлық жасап жатқан үстіне түседі. Молда бұған қатты ашуланып, бәддұға оқып, әйелі мен жігітті адам бейнесінен өзгертіп, еш мақұлыққа ұқсамайтындай тажал ғып жібереді. Сонда әйел мен жігіт, қасқырдай қайратты, арыстандай айбатты, жезтырнақтай жебір, лебінен жер өртеніп, ауа күйгендей адам жейтіндей жалмауыз тұқымдас бірдеңе болып шыға келеді.
Сөйтіп олар алғашқы рет арс етеді. Сол арс еткен лебінен қарсы алдындағы бір төбе өртеніп кетеді. Ол жерді халық Күйік деп атайды. Арыс, Күйік деген атаулар содан қалыпты дейді.
Бұл екі жалмауыздың еркегін Ақкөбік, ұрғашысын Қаракөбік деп атайды. Бұдан кейін олар адамдарды да, малдарды да жайпайды. Олардан ел үркіп, қорқып көше бастайды. Бірақ әлгі балалар елдің соңына түсіп, қалмай қояды. Құтылудың қамалқасын жасаған ел оларға бір қыз, бір қой, бір қарын май беріп тұруға шығады. Осы айтқандарды жұрттарына тастап, өздері күдере көшіп отырады.
Бір күні Әлшағыр баласы Орақты батыр аң аулап жүріп, ауылына келсе, оның жалғыз қарындасын, шешесінің бір қарын сары майын жұртқа тастап, елі көшіп бара жатыпты. Сонда Орақты батыр "бұл қалай?" деп сұрайды. "Ел ұйғарымы осылай. Малыңды да, майыңды да, қарындасыңды да қиясың", - дейді ауыл адамдары. Содан соң Орақты қарындасын қимай: "Өлсем жалғыз қарындасыммен бірге өлемін" деп, сол жерден ор қазып, садағын кезеніп, адамжегіштерді аңдып жатады. Әлгілер де көрінеді. Жолдарындағыны айпап-жайпап, арсылдап, ырылдап, гүрілдеп келе жатады.
Бұл бәлекеттердің оқ өтетін бір-бір ғана нысандары бар екен. Ақкөбіктің бүйірінде қара дағы бар екен. Бұдан басқа жерге тиген оқтар дарымайтын болса керек.
Сонымен қой мен қызға алдымен Ақкөбік жақындап мойын созып, басын көтере бергенде бүйірдегі қара дақтан Орақты батыр тура көздеп атып салады. Сол жерде Ақкөбік жығылады. Артында келе жатқан қаншығы Қаракөбік олжаға жақындап қалғанда, неге құладың дегендей ар-гүр етіп, азу тістерін батыра оны жұлқылай бастайды. Сол сәтте оның бүйіріндегі ақ дағын көздеп, Орақты батыр екінші жебесін тартады. Нардай денеге жеті қарыстай бойлап кеткен жебе Қаракөбікті де мұрттай ұшырады. Сөйтіп Орақты батыр екеуін де өлтіріп, екеуінің де азу тістерін қағып алады. Қарындасын ертіп, қойын жетелеп, мйаын арқалап, көштің артынан елге жетеді. Үрей билеген ел алғашында сеніңкіремейді. Сол жерде барып, Орақты батыр Ақкөбік, Қаракөбіктен қағып алған азу тістерді алдына тастайды. Жұрт сенеді. Содан кейін алты алаштың балаларын түгел жинап, той жасайды. Той үстінде жұрт Орақты батырға "не қалайсың, не сұрайсың, тілегіңді айт" - дейді.
Орақты сауықты жақсы көретін сауықшыл, сауыққой кісі екен. Қазына, байлық, мал тағы басқа ештеңе сұрамастан:
- Алты Алаштың баласы менен бұрын және менің ұрпағымнан бұрын олжаның алдын алмасын, тойды бастамасын. "Ноқтағасылықты" беріңдер. Менің сұрағаным да, қалағаным да осы! - дейді. Батырдың сол тілегі қабыл болыпты.
Төртінші аңыз:
- Әлқисса, үркіншілік кез болса керек. Ауға.н ел ауа көшіп, Шу өзенінің бойына жетеді. Әбден титықтап, өлермен халге жеткен халық еріксіз еру болады. Бірақ ойламаған жерден ойран шығады. Ойран арттан не алдыдан келмейді, өзен бойындағы ну қамыстың ішінен келеді. Күнде кешкілік, ымырт қараңғлығы үйіріле бере қалың жыныстың ішінен алым-салым боп Жезтырнақ шыға келеді екен. Келген бойда ұстайтыны әйел, бас салып, бүйіп, жұлып жей бастайды.
Елде маза жоқ, атар таңға кірпік ілмей, кезекпен күзетке тұрады. Сәл қалғыса болды, қыз-қырқын, әйелдерінен айырылады. Қашанда аңдығына алады емес пе? Күніне бір әйел құрбан болады отырады. Зар еңіреп, "бауырымдағандардың" қатары күніне бір адамға, кейді екі-үш адамға көбейеді. Енді қайтпек керек?
Елдің ақсақал, қарасақалдары жиылып, Орақты батырға келеді. Жезтырнақтың әрекетін бастан-аяқ баяндап береді. Әбден тыңдап алған Орақты ойлана отырып, ағаштан түйін түйген бір хас шеберді жанына шақыртады. Әлгіге айтып, ұршық иіріп отырған жас келіншектің кейпін ағаштан шаптырады. Содан кейін жер ошаққа от жақтырып, ағаш келіншекті жанына отырғызады. Сонымен кеш батады. Арқан бойы жерде Орақты жатады. Айтқанындай апақ-сапақ, көз байланған шақта қалың қамысты қақ жарып, шашы ебіл-себіл болған Жезтырнақ шығады. Шыққан бойда сойдыйған-сойдыйған тырнақтарын жерошақ басында отырған ағаш келіншекке салып кеп жібереді. Сол сәтте садақтың оғы да зу етіп, өңменінен келіп қадалады. Сонда әлгінің тырнағы ағаш келіншекке бір сүйемнен әрмен батып кеткен екен дейді.
Сөйтіп, Жезтырнақ оққа ұшып, ел тынышталады. Батырға құрмет көрсетіледі. Шу көп болып, ел мазасы кеткендіктен де сол өзенді халық содан бері Шу өзені деп атап кетсе керек.
Ж. Исакаев