Көшпелі өмір салтын жүргізіп, кең байтақ жерді сырт жаудан қорғаған бабаларымыз қашанда әскери машығын арттырып отырған және өз заманының озық әскери жүйесін ойлап тапқан. Олардың соғыс жүргізу әдісі ғасырлар бойы өзгелерден алда болғаны тарихи деректерден белгілі.
Сондай деректердің бірі Әбілғазы Баһадүр-ханның "Шежіре-и Түрк" ("Түрік шежіресі") атты еңбегінде көрсетіледі. Айта кетерлігі, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ұрпағы саналатын Әбілғазы ұзақ жылдар бойы Хиуа ханы болып, қартайған шағында тақ мұрагері Әбілмұзафар Ануша-ханға билігін тапсырып, өзі ғылымға бет бұрған. Шежіре жазып, түрік текті халықтардың тарихын зерттеген оның деректері әлі күнге дейін шығыстану мен түркітануда кеңінен қолданылады. "Түрік шежіресінде" келтірілген сондай маңызды мағлұматтардың бірі – бабаларымыздың соғыс жүргізу әдісінің сипатталуы.
Зерттеуші Жолдас Нұрсұлтанұлы шежіренің 1838 жылғы ағылшын тіліне аударылған нұсқасынан алынған ақпараттарды келтіре отырып, "Бұл ертедегі әскери әдіс көне замандағы түрік-моңғол жорықтарында пайдаланған. Ал, қосындардың атауына келер болсақ, олар әлі қүнге дейін қазақ тілінде қолданыста бар. Әбілғазы осы әскери атауларды Әмір Темірдің немересі атақты ғалым Ұлықбетің жазған "Төрт Ұлыс Хандары" ("Тариқи-ұлұс Арбаға") атты еңбегінен алуы ықтимал",– деген болжам айтады. Назарларыңызға "Түрік шежіресінде" жазылған көне түріктер соғысты қандай әдісте жүргізгені жайындағы деректі ұсынамыз.
Еңбекте ерте заманда Оғыз Хан барлық әскерлерін жинап жетіге бөлгені және ол жеті топ шайқас алаңында мына ретпен орналасқанын айтылады:
1. Құрауыл: әскердің ең алдында жүретін бірінші топ. Олар қорғаныс әрі шабуылшы шебі болған. Әбілғазы Баһадүр "Түрік Шежіресінде" түріктер бұл топты "Құрауыл" деп атаса, моңғолдар "Болжоңғар" деп атаған дейді. Алдымен ұрысқа кіріп шайқас дәмін тататын әрі қырғынға көп ұшырайтын да осылар. Аты айтып тұрғандай олар әр-түрлі құрама топтардан құралған.
2. Ерауыл (немесе Мұнқолай): түріктер бұл қосынды "Ерауыл" (ерген топ) және "Мұнқұлай" деп атаса, моңғолдар "Бороңғар" деп атаған дейді Әбілғазы Баһадүр. Олар алдағы "Құрауыл" тобының артынан белгілі қашықтық қалдыра еріп отырады. "Ерауыл" немесе "Ерген топ" аталған себебі де осыдан шығады. Бұл бөлімнің басты міндеті барлық қосындар арасындағы байланысты жандандыру болған. Ал арабтар бұл топты "Мүкдүмт-ил-жиш" деп атаған, өйткені бұл топқа қосындағы ең батыр жігіттер ұйыстырылған.
3. Оң қол: жалпы қосынның оң жақ бөліміне орналасқан. Олар алдынғы екінші топ "Ерауылдан" садақ жебесі жетер ара-қашықтық яғни жебе ұшырым шалғайлық сақтап отырады. Бұл топты түріктер "Оң қол" деп атаса, моңғолдар "Оңғар" деп атайтын, ал арабша «Йүменә» делінген.
4. Сол қол: жалпы қосынның сол жақ бөліміне тұрақтасқан яғни "Оң қолдың" қарсы жағына орналасқан. Түріктер бұл қосынды "Сол қол" десе, моңғолдар "Жоңғар" деп атаған. "Оң қол" мен "Сол қол" орталықтан тең аралық сақтап жайғасқан, сол ретпен жүрген.
5. Жасауыл: жалпы қосынның қақ ортасына орналасып, "Қол" деп аталған. Олар "Оң қол" мен "Сол қолдың" арасында іс-әрекет жасаған. "Жасауыл" қосынының басшысы ұрыста өзінің орнын осы арадан ауытқымайтындай сақтап, бұйрығын осы екі арада атқарады. Бұл қосын Түрік тілінде "Жасауыл" делінсе, арабша "Қалыб-әл-жәйш" делінген.
6. Шаңдауыл: алдыңғы "Қол" тобынан белгілі аралық сақтап артта орналасқан. Олар "Қол" қосынының ат тұяғынан шыққан шаңына жетеқабыл қашықтықта еріп жүруі керек болған. Бұл қосын түрік тілінде "Шаңдауыл" (Шаңды-ауыл) делінсе, арабша "Сәкех" делінген. Кейде түріктер бұл топты "Оқшы" деп, моңғолдар "Оқжоңғар" деп атаған.
7. Бұқтырма: "Шаңдауыл" қосынына оң-солға бөлінбей жинақы түрде еріп отыратын қосын. Олар жаулар "Шаңдауыл" қосынының ат тұяғынан шыққан шаңды көре алмайтындай аралық тастай бұға еріп отырады. Түріктер бұл топ қосынды "Бұқтырма", моңғолдар "Басоңғар", парсылар "Күменгәх" деп атаған. Аты айтып тұрғандай "Бұқтырма" жалпы қосынның ең артынан бұғып жасырына еріп жүретін қосын.