Қобыланды батырдың үш ғұмыры

Қобыланды - қазақтың жыр дәстүріндегі ең танымал жыр кейіпкер. Ол туралы қазақша мектеп бітірген азамат жақсы біледі, сондықтан, оның эпостық хикаялары жөнінде қайталап жатудың қажеттілігі шамалы. Біздің әңгімелегіміз келетіні - осы батырға арналған жырдың қалыптасу тарихы жөнінде. Айта кету керек, бұл мәселе жөніндегі пікірлер мен тұспалдар қазақ фольклор танымы ғылымында жеткілікті. М.Ғабдуллин, Ә.Бөкейханов, С.Сейфуллин, Ә.Қоңыратбаев, т.т. сияқты талай білгірлер осы жөнінде өз тұжырымдарын жазып кеткен болатын. Бірақ, қазақ жырларының тарихына қатысты басқа мәселелер сияқты, «Қобыландының» қалыптасу тарихының мәселесі де ашылмаған, көмескі күйінде қалып отыр. Сондықтан, бұл жөнінде өзіміздің зерттеу қорытындыларымызды ұсынғымыз келеді.

Жалпы, жыртанудағы қазақ зерттеушілерінің ешқашан дұрыстап назар аударып көрмеген үш мезеті бар:

Біріншісі - қандай да жыр болмасын, жыр оқиғасының негізінде ғаламдық, тұтас халықтық деңгейдегі оқиғаның емес, жергілікті, ауыл-аймақтық деңгейдегі, үлкен тарих тұрғысынан алғанда пәлендей маңызды емес оқиғаның  жату мүмкіндігі.

Екіншісі - жырдағы ономастиконға, яғни, адам есімдері, этнонимдер мен жер - су аттарына деген көзқарастың қарабайырлығы. Ең бастысы жырдағы екінші қатардағы, қосалқы рөлдердегі кейіпкерлердің есімдері мен тұрпаттарына дұрыс көңіл бөлінбеуі.

 

Қобыланды - қазақтың жыр дәстүріндегі ең танымал жыр кейіпкер. Ол туралы қазақша мектеп бітірген азамат жақсы біледі, сондықтан, оның эпостық хикаялары жөнінде қайталап жатудың қажеттілігі шамалы. Біздің әңгімелегіміз келетіні - осы батырға арналған жырдың қалыптасу тарихы жөнінде. Айта кету керек, бұл мәселе жөніндегі пікірлер мен тұспалдар қазақ фольклор танымы ғылымында жеткілікті. М.Ғабдуллин, Ә.Бөкейханов, С.Сейфуллин, Ә.Қоңыратбаев, т.т. сияқты талай білгірлер осы жөнінде өз тұжырымдарын жазып кеткен болатын. Бірақ, қазақ жырларының тарихына қатысты басқа мәселелер сияқты, «Қобыландының» қалыптасу тарихының мәселесі де ашылмаған, көмескі күйінде қалып отыр. Сондықтан, бұл жөнінде өзіміздің зерттеу қорытындыларымызды ұсынғымыз келеді.

Жалпы, жыртанудағы қазақ зерттеушілерінің ешқашан дұрыстап назар аударып көрмеген үш мезеті бар:

Біріншісі - қандай да жыр болмасын, жыр оқиғасының негізінде ғаламдық, тұтас халықтық деңгейдегі оқиғаның емес, жергілікті, ауыл-аймақтық деңгейдегі, үлкен тарих тұрғысынан алғанда пәлендей маңызды емес оқиғаның  жату мүмкіндігі.

Екіншісі - жырдағы ономастиконға, яғни, адам есімдері, этнонимдер мен жер - су аттарына деген көзқарастың қарабайырлығы. Ең бастысы жырдағы екінші қатардағы, қосалқы рөлдердегі кейіпкерлердің есімдері мен тұрпаттарына дұрыс көңіл бөлінбеуі.

Үшінші - қазақтың «ноғайлы эпосының» барлық дерлік жырында кездесіп отыратын «түрікпен мәселесінің» (түрікпен есімдері, этнонимдері, түрікпен жеріне қатысты жер-су атаулары) шешілмеуі.

Осындай үш мәселенә дұрыс түсіндіре алмасақ, жыр тарихын түсіндіру мүмкін болмайды. Міне, аталмыш жырдың қолда бар нұсқаларын талдау, осы жыр туралы зерттеу жұмыстарын бағамдау барысында көрсетілген мезеттерге ерекше көңіл бөлу арқылы жалпы ноғайлы заманы жырлары туралы да, нақты «Қобыланды» жырлары туралы да мынадай қорытындыға келдік:

«Қобыланды» жыры өзінің қалыптасуының үш сатысын басынан өткізген:

Бірінші саты - XIV ғасырдың ортасы және екінші жартысы (1350-1390 жылдар). Бұл - маңғыстаулық кезең. Бұл кезеңде «Қобыланды» жыры қалыптасқан жоқ, кейіннен осы жырды жасауға жұмсалған материал болған бастапқы аңыздық-озалдық оқиғалар жиынтығы қалыптасты.

Екінші саты - XVI ғасырдың екінші жартысы (1560-1600 жылдар). Бұл «қобда-електік» (ақтөбелік) немесе «алты ауылдық» кезең. Нақ осы заманда, есімі белгісіз болып қалған алтыауылдық-ноғайлық Жырау өзі өмір сүрген заманда атағы мәшһүр болған, қыпшақ тайпасынан шыққан, реалды Қобыландыға арнап, жыр жасамақ болды, бірақ, ол Қобыланды туралы шынайы аңызды біле бермеген, сондықтан да, басқа кейіпкер (кейіпкерлер) туралы аңыздарды пайдаланып, сол аңыздардың бас кейіпкері ретінде Қобыланды есімін алды да, жаңа жыр жасады. Мұндай тәсілді әдебиетте компиляция дейді. Бұл әдіс ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетте де көптеп кездеседі, сондықтан, осы әдіске деген көзқарас жақсы да, жаман да емес, бейтарап болуы шарт.

Үшінші саты - XVII ғасырдан кейінгі уақыт. Бұл кезде «алтыауылдық ноғайлар» бірлестігі жойылып, олардың қалдықтары қазаққа, ноғайға, қарақалпаққа, көшпелі өзбекке сіңді. Сол қалдық-топтардың өздерімен бірге ала кеткен «қыпшақ Қобыланды» жыры енді қазақ, ноғай, қарақалпақ, өзбек арасына таралып, ұлттық нұсқалары қалыптасты. Осы кезеңде бір қазақтың өзінде жырдың бірнеше ондаған аймақтық нұсқалары дамып, олардың кейінгі ғасырларды тағы да араласу процесі болып өтті. Сондықтан, жырдың ішіндегі тарихи ақиқаты қайсы, ойдан қосылғаны қайсы - анықтау қиын.

Міне, алдын-ала берілген қысқаша қалыптасу тарихы осындай. Енді бастапқы саты жөнінде ықшамдау болса да жүйелі қисындарды айтуға болады.

«Қобыланды» жырындағы бас кейіпкер Қобыланды мен оның ата-анасы бастапқы тарихи аңызға кіргізлген қыстырынды (вставка) бейнелер дедік. Егер осы есімді жырдан алып тастар болсақ, алдыңғы қатарға Құртқа, Қараман, Қошабай, Қазан, Ақшахан, Көктім-аймақ сияқты есімдер шығады. Ал, олардың барлығы да түрікпен тілді ортаның есімдері болып табылады. «Түрікпендік» дегенде осы сөзді ІХ-ХІ ғасырлардағы оғыздармен де, XVI-XVIII ғасырлардағы қызылбастармен де шатастырудың жөні жоқ. Олар - нақты  XІV ғасырдағы Маңғыстау-Үстірт кеңістігіндегі есен-қазақтардың, яғни, жартылай қыпшақ, жартылай түрікпен тілді болған қазақылық етуші топтардың құрамындағы «түрікпендер» болып табылады.

Құртқа - жырдағы батырдың жұбайы. Оның есімі - қыпшақ тілінікі емес, түрікпен тілінікі, өйткені, «қасқыр, бөрі» дегенді білдіретін «құрт» сөзі қыпшақ тілді ортада қолданылып көрмеген. Маңғыстауда, Шетпе кентінің шығыс жағындағы (20 км жердегі) «Құрша» (немесе «Құртты», «Құрташы») деген жер аты, сірә, осы тарихи Құртқа есімімен сабақтасып жатыр: құртқа > құртақ > құрташы > құрт-ажы > құрт-әже. Жырдағы Құртқа - әлдебір сиқыршылық қасиетке ие әйел; кейбір нұсқада ол Гөклән деген мыстан кемпірдің қызы болып суреттеледі. Гөклән - оғыз руы емес, түрікпен руының атауы. Маңғыстау өңірінде бұдан басқа «Құртыш әулие» деген топоним бар деп болжанады (Құртыш-ата әулие солтүстік-батыс Түрікпенстанда бар). Сондай-ақ, түбектің бірнеше жерінде «Керт», «Кертті» деген топонимдер кездеседі.

Көктім-аймақ - жырдағы Құртқа сұлудың әкесі ретінде көрінеді. Оның түрікпендігі жөнінде соңғы зерттеулерде айтылып жүр, сондықтан осы бейне жөнінде орасан көп дау туындай қоймас деп ойлаймыз. Бұл да көне оғыздың емес, орта ғасырлардағы түрікпен руының атауы. «Аймақ» сөзін «ру» мағынасында да сақтап отырған түрікпендер болып табылады.

Қобыландының серігі ретінде жырдың бір нұсқасында қияттан шыққан «Сейілдің ұлы Қараман» деген батыр есімі аталады. Зерттеушілер осы Қараманның атына байланысты «қият» деген ықтимал этникалық тегіне көңіл бөліп, осы қиятты қарақалпақ шежіресіндегі қиятқа сәйкестендіре келіп, нәтижесінде үлкен қателік туындаған. Қараманға қатысты ең басты анықтаушы қият емес, оның Сейіл деген әкесінің аты. Сейіл немесе Сейілхан (Сайынхан) - түрікпеннің шежірелік түп-атасы, қазақтың эпикалық жады Қараманның түрікпен ұлы екендігін Сейілдің ұлы ету арқылы көрсеткен. Яғни, Қараман - қарақалпақ емес, түрікпен. Оның қияттан шығарылуы бастапқы жырдағы «қиян» (үш қиян) мифтік-эпикалық ұғымын кейінгі жыршылардың қият этнонимімен шатастыруынан шыққан қателік болып табылады. Маңғыстауда Қараман-ата әулие бар, ол Шетпенің оңтүстігінде 35 км жерде. Сондай-ақ түбекте «Қарамандыбас», «Қараманды» сияқты топонимдердің бар екендігін, бір кездерде қараманды деген рудың өмір сүру ықтималдығын да айта аламыз.

Қозан немесе Қазан - жыр нұсқаларында кездесетін «жау елінің» (қызылбас, қалмақ) ханы. Қызан (көне атауы - Құзан, Қозан, Қазан) - Маңғыстау облысының Бозашы түбегіндегі, Шетпеден 90 км жердегі ауылдың және орта ғасырлық әулиенің атауы. Жалпы, қазақ-ноғайлы жырларындағы «Қазан» (бүгінгі татардың астанасы деп түсініліп кеткен) қаласының прототипі де осы бозашылық Қызан болып табылады.

Ақшахан - жыр нұсқасындағы «қалмақ ханы». Маңғыстауда Ақшақұю, Ақшабас, Ақшақұдық сияқты бірнеше жер атауы бар. Олардың ішіндегі ең негізгісі - Шетпе кентінен солтүстік-шығыста 45-50 км жердегі «Ақшоймақ» тауы. Ол «Ақшаоймақ» немесе «Ақша-аймақ», яғни, «Ақшаның руы» деп аударылады. «Аймақ» атауының қолданылуына қарағанда Ақша - орта ғасырлық, түрікпен руының атауы болып табылады.

Қошабай - жыр нұсқасындағы Қобыландының серігі. Бастапқы маңғыстаулық озал-аңыздағы бас кейіпкер нақ Қошабайдың өзі болған. Құртқаға да үйленіп, Сейілдің ұлы Қараманмен дос болып, Қазан еліне жорық жасайтын да осы Қошабай. XVI ғасырдың жырауы осы аңыздың базасында Қобыландыға арнаған жыр жасаған кезде Қобыланды осы Қошабайдың кейіпкерлік орнын иемденіп, оны қосалқы орынға ығыстырып жіберген. Дегенмен, Қошабай - XIV ғасырдағы есен-қазақтың аса танымал тұлғасы болған сыңайлы. Мифтік-лингвистикалық салыстыру нәтижелерін «қабыстастыра қарастыру» нәтижесінде анықтағанымыз - қазақ жырларында кездесетін Қожақ (Қартқожақ), Қосай, Қозы, Құттықия, башқұрт шежірелік аңызындағы башқұрт байұлысының атасы делінетін Күшлек, ұлы жүздік сіргелі руының арғы атасы болып есептелінетін Боршұлы Құсабай (Құбасай) есімдерінің бір бастапқы бейнеден шыққандығы болды. Олардың барлығы да XIV ғасырлық маңғыстаулық-үстірттік «Қош» негізді түбір арқылы жасалған есімі бар кейіпкерден өрбіп шыққан. Тек олардың жырдағы, шежірелік аңыздағы тағдырлары әртүрлі болып шыққан. Маңғыстаудың Шетпе маңайында Қошақ, Көшек, Күш атты жерлер бар. Үстіртте екі жерде «Құсшы ата» (біреуі - Жағалбайлы-Құсшы деп аталады)  әулие бейіті бар.

Жырдың бір нұсқасында кездесетін «Қызыл ер», «Қызыл дәу», «Нарқызыл», «Қызыл хан» есімдері де әңгіме етуге тұрарлық. Т.Қоңыратбаев осы есімнің этникалық астары бар екендігін жазады. Қызыл - жай ғана этноним емес, түрікпендік этноним көрінеді: «түрікпен елінің құрамына енген бұл тайпа (қызыл - С.Қ.) «қызыл», «қызылаяқ», «қызылкөз», «қызылкөр» болып бірнеше тарау-тармақтарға жіктеледі.Жырдағы «Қызыл ер» антропонимінің негізінде осы субэтностық тармақтардың бірі жатқаны анық. М.Галкин оларды бірде жәуміт (қызыл), бірде теке (қызылкөз), бірде ерсары (қызылаяқ), енді бірде сарық (қызылкөр) руларынан таратады».  (Т.Қоңыратбаев. Эпос және этнос. А.Ғылым.2000. 168-бет). Яғни, XIV ғасырда Қызыл атты ру болып, XV-XVI ғасырларда сол тайпаның қалдықтары жаңа түрікпендік жәуміт, басқа да тайпалар құрамына ішкі ру - ата ретінде кіруі мүмкін деген сөз. Маңғыстауда Қызыл әулие деген киелі орын бар. Оны бүгінгі жергілікті қазақтар көп біле бермейді. Біз осындай есімді әулиенің Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы жерінде бар екендігін тек М.Қожановтың Маңғыстау ауданының жер-су атаулары жөніндегі зерттеу мақаласынан білдік. (М.Қожанов. Маңғыстау ауданы топонимдерінің мағынасы мен құрылымдық жүйелері.//Қазақ ономастикасының мәселелері. 1986.84-б.) М.Қожанов Маңғыстау әкімшілік ауданы аумағындағы 230 топонимді жинақтап, қарастырғандығын жазыпты, яғни, ол бұрынғы мал совхоздарының шаруалық карталарын еркін пайдаланған адам, сондықтан, оның Маңғыстау ауданының жерінің бір пұшпағынан «Қызыл әулие» дегенді көріп оқыған, оған сеніміміз мол. Міне, осы белгісіз болып отырған Қызыл әулие - XІV ғасырдағы есен-қазақтардың немесе олармен қақтығысып тұрған түрікпендердің атақты адамының (оның әулие болуы міндетті емес) есімі болып, «Қобыланды» жырына кірген Қараман, Көктім, Құртқа, Қозан, Ақша сияқты «маңғыстаулық» аңыз кейіпкерлері сияқты эпикалық мәртебеге ие болуы әбден мүмкін.

«Қобыланды» жырындағы кейбір жер-су аттарына келсек...

«Қобыланды» жырының жеке варианттарының бірінде қызылбас елінен шыққан Қазан деген батырдың ноғайлының «Қырлы қала», «Сырлы қала» деген қалаларын шауып алғандығы, ноғайлыға көмекке шыққан Сейілдің ұлы Қараманның жолшыбай Қобыландыны қасына ерте кеткендігі жөнінде әңгіме болды. Міне, жырдың осы бөлігіне негіз болған оқиғалар - Бозашы мен Таулы Маңғыстау аймағындағы, яғни, бүгінгі Маңғыстау әкімшілік ауданы ауқымындағы есен-қазақтар мен түрікпендер арасында өткен көптеген қақтығыстардың, тарихи озалдар мен аңыздардың жиынтығы болып табылады. Егер біз Қобыландының эпикалық образының прототипі болған маңғыстаулық кейіпкердің негізгі мекені Шетпе-Айрақты-Шерқала маңы болды деп мынадай географиялық қисындарды келтіруге болады:

«Сырлы (Қырлы) қала» дегеніміз - бүгінгі Шетпеден солтүстікке 10-15 км жердегі Иір ойында дүңкиіп тұрған Шерқала (шерқала > шырқала > сырлы қала) мен Айрақты монолит төрткүлдерінің біреуі болып табылады. Осы Иір ойындағы және осы көмкерген Ақтау жотасындағы «Күмірә», «Қотан» микротонимдері, Айрақты төрткүлінің оқшауланып қалған Ақмыштау (Ақмая), Айыртүйе (Иіртау) монолиттері де жырдан көрініс тапқан:

Құмра, Қотан қос көлден

Айналасы бес көлден...

... Түйе мойнақ иір тау

Қыз емшекті сүйір тау

Атасу мен Манащы... (Қобыланды. Батырлар жыры. 1-том.1986. 58-бет)

Айрақты тауының шетіндегі Ақмая тауы шынында да қыздың емшегіне, бір өркешті маяға ұқсас келсе, оның қасындағы Айыртүйе - қос өркешке, яғни «айыр мойнақ иір тауға» ұқсайды. Екеуі де «Иір ойының» аумағында орналасқан.

Иір ойы көктемгі не күзгі жауын-шашын нәтижесінде бөлек-бөлек  көлшіктерге айналады. XIV ғасырдың қазіргіге қарағанда ылғалдырақ жылдары осы алқапта тұрақты екі және одан көп көлшіктер болғанын топографиялық картаның мәліметтеріне қарай оңай аңғаруға болады. Бүгінгі Күмірә және Қотан микротонимдер де Иір ойының жиегіндегі жотаның үстінде, сондықтан, бір кездері олардың ойдағы көлшік атаулары болғандығын жорамалдау қиын емес.

Осы «Иір» топониміне байланысты А.Джикиев келтірген бір түрікпен аңызының сюжетінің Қобыланды жырының бір нұсқасының сюжетіне ұқсас келетіндігін айтуымыз керек. Түрікпеннің ерсары руынан шыққан бір жігіт «Иір» жерінде су көздерін басып алған айдаһарды өлтіреді, бірақ айдаһардың демінен уланып қалады; алдын ала дайындалып қойған су толтырылған қазанға түсіп қана аман қалады.(А.Джикиев. Материалы по этнографии мангышлакских туркмен. Труды института истории, археологии и этнографии АН ТуркмССР, Т.VIII, 1963, сс. 192-202) Осы сюжет сәл өзгерістермен Қобыландыға қатысты қайталанады: «Қобыланды мал бағып жүріп бір қызға жолығады. Елі оны жылына бір рет келетін айдаһардың жолына қойған екен. Қобыланды қыздың орнына қалып, қырық құлаш қылышын тосып, айдаһарды өлтіреді. Бірақ өзі уланып қалады. Оны қыз сүтке шомылдырып, емдейді. Сол қыз Құртқа болып шығады да, батырдың ерлігіне риза болған Көктім хан Құртқаны береді» (Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. А.Ана тілі. 146-б; Қ.Қоңыратбаев осы оқиғаның «Қобыланды» жырының Құлзақ пен Досжан вариантында кездесетіндігін атап өткен). Осындай сюжет басқа мифтер мен аңыздарда да кездесіп тұрады, сондықтан, оны салыстыруға қажетті басты бағдар етудің қажеттілігі де, жөні де жоқ. Есесіне осы екі сюжеттің де бір жерге - «Иір» жеріне байланыстырылуы біз үшін маңызды болып табылады.

Қараман ата - Шетпенің оңтүстігінде 35 км жерде, ол - жырдағы Қараман есіміне негіз болған этникалық топтың жиынтық тұлғасы болып табылады. Қараман батыр жолшыбай Шетпеге, Айрақтыға соғып, Қобыландыны Қазан (Қозан) хан еліне ерте кетеді, мұндағы Қозан - кәдімгі бозашылық Қызан топонимі (әулие есімі), ол Шетпенің солтүстік-шығысында 90-100 км жерде; сонда Қараман мен Қобыландының жорығы бар болғаны 100-135 шақырым аралығындағы ауыл-аймақ ауқымында өткен. Ақшаханның елі ретінде Ақшоймақ өңірін алуға болады. Ол - Шетпеден солтүстік-шығыста 40-50 км жерде, Шерқала-Айрақты мен Ақшоймақтың арасы да 37-40 км. Ақшоймақтың Бозашы жақ бетінде Қожықсор, Қожыққұдық деген жерлер бар. Біз осы топонимдердің негізінде жырдағы Қобыландының серігі делінетін Қошабай есімі жатыр деп тұспалдаймыз. Сонда Ақша хан ұйымдастырған бәйге жарысы да осы Қожықсор-Ақшоймақ өңірінде өткен болып шығар еді. Құрша - Құртқа есіміне байланысты болған топоним, ол Шетпеден солтүстік-шығыста 20 км жерде, Құрша мен Айрақтының аралығы - не бәрі 10-12 км. Ол жырда аталған Қызыл ерге байланысты болуы мүмкін. Қызыл әулиенің қай жерде орналасқандығы туралы мәліметіміз жоқ, анығы - оның Маңғыстау ауданының аумағында екендігі. Қобыланды жырына қатысты әңгімелеп отырған Шетпе өңіріне қатысты «қызыл» сөзі бар топонимдерді атап өтер болсақ - «Қызылкүп» тауы мен қапысын көрсетуге болады; бұлардың барлығы да Шетпе мен Ақшоймақ, Күмірә-Құршақ-Жармыш аралығында орналасқан, яғни бір-бірінен 15-30 километрлік қашықтықта. Бұл келтірілген қисындардың кейбірі барынша қисынды болса, енді бірі әлсіз жорамал деңгейінде қалып отыр. Дегенмен, дау туғызбас қисындардың болу ыңғайына қарай әлсіз тұспалдардың да негізсіз емес екендігін айта аламыз. Осылайша Қобыландының өз есімі Маңғыстаудан табылмаса да, оның жырындағы аттары аталғандардың барлығы дерлік Маңғыстаудың орталық бөлігіндегі шағын территориядан табылып отырғандығын көрсетіп отырмыз. Сену-сенбеу, күмәнмен қарау - әркімнің еркі, тек бірден жоққа шығармастан бұрын тексеріп көрсе екен дейміз.

 

Екінші кезең

1550-1560 жылдардағы Ноғай арасындағы қанды қырғын жүз жыл бойына атағы дүрілдеген мемлекеттің түбіне жетті. Жырдағы Алшы Смайылдың Орақ батырды өлтірді дейтіні де осы тұс. Ноғайлы мемлекеті осы оқиғалардан кейін үш бөлікке бөлінді. Еділ-Жайықта «Үлкен Ноғай», Азау теңізі маңында «Кіші Ноғай» (Қази ұлысы), Жем-Қобда мен Мұғалжарда «Алты-ауыл ұлысы» құрылды.

«Қобыланды» жырының , жалпы «ноғайлы» жырларының да қалыптасуы осы 1550-1560 жылдардан кейінгі уақытта, ойран болып кеткен ноғайлы қоғамының өткен батырлық дәуренін аңсаудан, қоғамның өне бойын қамтыған бақталастық пен ойраншылыққа қарсы ақын-жыраулардың (ал, ақындар - қоғамның адамгершілік-моральдық жай-күйінің барометрі ғой) реакциясы ретінде жүзеге асты. Белгісіз жырау (жыраулар), біздің топшылауымызша, көрсетілген уақытта «Алты ауыл ұлысның» этникалық ортасында өмір сүрген адам.

Міне, белгісіз жырау XV ғасырда осы Ақтөбе-Орынбор аймағында өмір сүрген, ноғай арасындағы қыпшақтан шыққан Қобыланды деген батырға арнап жыр шығарды. Ал, жырдағы оқиға желісінің бір бөлігіне қарап, реалды Қобыландыны XV ғасырдың аяғында өмір сүрген, ноғай елінің билеушісі Мұсаның баласы Алшағырмен тұстас болып, оның қарсыласы болған адам екендігіне ден қоюға болады. Яғни, бүкіл жырдағы реалды Қобыландыға қатысты тарихи ая осыған мегзейді. Бүгінгі Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Елек бойындағы Жиренқопа деген жердегі Қобыландының бейіті - нақ осы Қобыландыныкі деп есептеуге болады. Жырдың шығуына себепкер, түрткі болған да нақ осы жерде жатқан Қобыланды.

1560-1600 жылдар аралығының бір тұсында шығармашылық белсенділігі болған жырау өз заманынан 100 жыл бұрын өмір сүрген Қобыланды туралы көп ештеңе білмеген сыңайлы. Тек азын-аулақ жергілікті аңыз фрагменті ғана белгілі болатын. Сондықтан да, жырау жаңа жырға XІV ғасырдағы маңғыстаулық есен-қазақтардан қалған «Қошабай» мен «Өрек» (Үйрек, Орақ) туралы озалдарды пайдаланды. Яғни, бұрынғы аңыздағы Қошабай мен Өректің орнын Қобыланды есімі басты да, бұрынғы аңыздың басқа кейіпкерлерінің есімдері (Қозан, Құртқа, Қараман, Көктімаймақ, Ақшахан, Алшағыр, Баба-түкті, Қарлыға)  жаңа жырға сол күйінде еніп кетті.

 

Үшінші кезең

XVІІ ғасырдан бастап жан-жаққа шашырап, жаңа замандық жұрттарға сіңіп кеткен «алтыауылдық ноғайлармен» бірге олардың эпостары мен аңыздары да, оның ішінде «Қобыланды» жыры да қазақ, өзбек, қарақалпақ, ноғайлар ауыз әдебиетіне таралды. Ендігі жерде жырдың қазақ, өзбек, қарақалпақ, ноғай варианттары қалыптаса бастап, XVІІ-XVІІІ ғасырдың болмысынан алынған сөздік детальдармен толықты. Сонымен бірге «Қобыландының моласы» да әр аймақтарда «пайда бола бастады».

Өзбекстандағы және Ұлытау-Сарысу өңіріндегі Қобыландының «молалары» - осындай үрдістің ескерткіштері болып табылады. XV-XVI ғасырларда басқа да реалды, жергілікті «Қобыландылар» болған да шығар. Сондықтан кейінгі заманның жыр жады барлық Қобыланды атаулыны бір тұрпат ретінде қарастыратын болды.

XV ғасырда өмір сүрген (сүруі мүмкін) Қобыландының «қара қыпшақтан» болуы, оның кейінгі ұлттық нұсқаларда да қыпшақ болып қала беруіне мүмкіндік берді. Яғни, XVII-XVIII ғасырдың өзбек, қарақалпақ, қазақ арасындағы қыпшақтар осы жырдың сақталып қана қоймай, әртүрлі нұсқасының қалыптасуына мүмкіндік берді.

Ноғайлық, бастапқы «қара қыпшақ Қобыланды» жырының қазақ нұсқаларының пайда болуы оның кейіпкерін қазақ ішіндегі қыпшақтың Қобыландысына айналдырды. Сондықтан қазақ-қыпшақтардың XVII-XVIII, тіпті, XIX ғасырлардағы көршілес рулармен қарым-қатынастарының ахуалына «ноғайлы» заманының эпостық кейіпкерлері ішінен кейінгі қазақта нақты «рулық құжатқа» ие болғандары (мысалы, Көкше мен Қосай - уақ руынікі, Қобыланды - қыпшақтікі) енді шежірелік аңыздарда да қолданыла бастады. Уәлихановтың, Радловтың, Потаниннің, Арғынбаевтың, Мұқанов пен Востровтың жазып алған деректеріндегі Қобыландының Көкше, Қосай батырлармен соғысы туралы мәліметтер жаңа уақыттың руаралық жағдайына сай көне эпостық кейіпкерлерді өзара қақтығыстырып қоюдың мысалдары болып табылады. Яғни, рулар арасында оқтын-оқтын болып тұрған дау-дамайлар мен қақтығыстар осындай жалған шежірелік фактілердің пайда болуына мүмкіндік берген, әйтпесе, осындай оқиғалардың тарихилығы жоқ деуге болады.

Үшінші кезеңнің Қобыландысына қатысты екі мәселені қысқаша да болса айта кетуге тура келеді. Олар - жырдың жеке нұсқаларындағы «Қараспан - Қобыландының отаны» болуы мен «қыпшақ Қобыланды мен арғын Ақжол-Дайырқожаның оқиғасы».

Зерттеушілер жырдағы «Қараспан» топонимін қарастырғанда оны Түркістан өңіріндегі осы аттас топонимге телиді. Бірақ уақыт мәселесіне келгенде осы атауды тым көнелетіп, Шыңғысхан шапқыншылығына дейінгі «қыпшақ заманына» телуге әуес. Мұнда XVII ғасырдың өне бойы мен XVIII ғасырдың алғашқы ширегінде барша қазақтың тұтасымен Қаратау-Түркістан, Ташкент-Жизақ, Нұрата-Кермине аймағында шоғырлануы тұсындағы тарихи ахуалға мән берілмейді. Міне, көрсетілген уақытта қазақ арасындағы қыпшақтар Түркістан маңындағы Қараспан өңірінде тұрған деп жорамалдауға болады. Тек XVIII ғасырдың ортасына таман ғана қыпшақтар Торғай-Қостанай аймағына қоныстана бастаған. Сондықтан,  XVIII ғасыр болмаса да, XIX ғасырдағы қыпшақ арасында «өздерінің бұрын Қараспанда тұрғандағы» жөнінде «аңыздық факт» қалыптасты. Осы аңыздық айғақты жыраулар «Қобыланды» жырына кіргізіп жіберді де, нәтижесінде «Қараспан - Қобыландының қыстауы» деген түсінік тұрақты эпостық аксиомаға айналды. Яғни, жырдың көне қыпшақ дәуіріне ешқандай қатысы жоқтығы сияқты, қазақ эпикалық дәстүрінде де «қыпшақ эпосы», «оғыз эпосы» деген кезеңдер де жоқ.

Ал, Қобыланды-Ақжол аңызы - көне заманның тарихи оқиғасы емес, XIX ғасырда пайда болған аймақтық шежірелік «фактіні» тарихи болған оқиғаға айналдырудың бір мысалы болып табылады.

Қ.Салғараұлының кітабынан Қобыланды батырдың 1496 жылы Орақтың қолынан өлгені туралы мәліметті оқыдық. Сондай-ақ, Қобыландының арғын Дайырқожа-Ақжолды өлтіруіне байланысты аңыздық оқиғаны шамамен 1450-1460 жылдарға бейімдеу сарынының болғандығы да байқалады (Қ.Салғараұлы. Қазақ қазақ болғаннан кейін. 2-кітап. А. «Жазушы». 1993. 362-363 беттер). Осында келтірілген Қобыланды мен арғын Дайырқожа (Ақжол) қарсыластығына байланысты аңызды алғаш хатқа түсірген Шәкәрім болуы көп мәселеге сәуле түсіргендей болады. Шәкәрім - Абай мен Шоқаннан кейінгі қазақтан шыққан, Шығыс пен Батыстың танымын ұштастыра білген көрнекті тұлға, сондықтан ол да шежіре мәселесіне келгенде халықтық аңыздармен қатар, сол кездегі орыс тілінде белгілі болған Дала тарихына қатысты деректермен таныс болып, соларды да пайдаланған. Пайдаланып қана қоймай, өзі де белгілі бір деңгейде интерпретациялаған. Сондықтан қазақ аңызына ауызекі шежіре дәстүрін білмеген, баяғыда ұмытып кеткен қазақ Жәнібек пен өзбек Әбілхайырдың Шәкәрім шежіресінде қайтып оралуын Шәкәрімнің өз интерпретациясы деп түсіну қажет. Сол сияқты «Құтан шал айтты» делінетін өлеңнің құрылымы да «XV-XVI ғасырларда пайда болды» делінетін жыр тілі мен поэзиялық үрдісіне сай келмейтіндігін де айтуымыз қажет. Өйткені, Құтан (Қотан) деген кісі де - бүгінгі арғынға ата-баба болған Мейрам сияқты XІV ғасырдың маңғыстаулық есен-қазағы болып шығуы ғажап емес. Қобыланды мен Ақжол антагонизмінің астарында, біздің шамалауымызша, көне озалдық маңғыстаулық Өрек пен Ақша немесе эпостық Қобыланды мен Ақшахан қарама-қарсылығы жатқан сияқты. Ақшахан немесе Ақша есімі дыбыс ұқсастығына қарай «Ақшаұлы» > «Ақжол» болып өзгеріп кеткен.

Хандар шежірелік дәстүрі ХІХ ғасырға дейін алғашқы қазақ хандары деп есептелетін Жәнібек пен Керейдің есімдерін білгенімен, қазақтың ұжымдық-фольклорлық жады Жәнібек пен Керей туралы ештеңе білген жоқ деуге болады. Олардың тарихынан деректі сақтағандар - Мұхаммед Хайдар Дулат пен онымен замандас орта азиялық авторлар. Олардың еңбегімен қазақтар XVIІ ғасырдың екінші жартысында ғана, аталған автордың парсы тілінде жазылған еңбегінің орыс тіліндегі аудармасы шыққаннан кейін ғана таныс болды. Міне, осындай жолмен таныс болған Шәкәрім қазақ Жәнібегі туралы тарихи дерек пен сарыарқалық қазақтар арасындағы Қобыланды-Ақжол хандығы шежірелік «айғақ-аңызды» бір-біріне бейімдеп, жаңа «тарихи-шежірелік оқиғаны» құрастырып шығарған. Нәтижесінде қазақ арасында сақталған алтынордалық Әз Жәнібек туралы аңыздар ендігі жерде кітаби жолмен қазақ жадына қайтып оралған қазақ Жәнібегіне теліне басталды. Осы үрдісті ХХ ғасырдың сауаттылары жалғастырып әкетті.

Міне, XV ғасырдағы Қобыландыға арналған жырда XІV ғасырдың есен-қазақтық аңыздарының пайдаланылуы кейінгі ғасырларда оның образының талай-талай өзгерістен өтуіне жол ашты. Квазитари-аңыздық, шежірелік, эпостық, топонимдік-аңыздық Қобыландылар пайда болды. Бірақ, олардың барлығының астарында бастапқы бір тарихи тұлға мен бір аймақтық аңыздық комплекстің жатқандығын түсіне білу керек. Бұл - батырдың тұлғасын да, оның әртүрлі аймақтық «молаларының» ақиқаттығы мен эпостық-аңыздық құндылығын  да жоққа шығармайды. Қайта олардың барлығын да бір жүйеге келтіріп, бір-бірімен байланыстырады. Қобыландының Қобда жеріндегі моласы да, Сарысу бойындағы моласы да өзіндік маңызға ие маңғыстаулық, эпосқа дейінгі кезеңнің атаулары да сондай маңызға ие болуы тиіс. Қазақтың қай жері болса да, бәрібір бір тұтас болып қала береді емес пе, сондықтан аймақтық-жершілдік, рушылдық эгоизмге салына бермей, «қобыландылық нысандар мен топонимдерді» әспеттеудің жолын тапқанымыз жөн.

22.03.2002 жыл. Алтын орда"
Серікбол Қондыбай
abai.kz