Кенесары ханның ұлы Сыздық батыр # 2

Кенесары ханның ұлы Сыздық батыр # 2
Фото: vk.com

Басы

Сыздық Қоңыраттардан шағын жасақ құрып, өзенмен жоғары жүзіп келе жатқан кемемен атысып, жағуға дайындап қойған отындарын өртеп жібереді. Сыздық сұлтан Самарқанға барып, әмірге орыстардың бастарын, қолға түсірген аттарын апарып тапсырады. Әмір оған қатты қуанып, мол сыйлық беріп, өзімен бірге Бұхараға алып жүреді. Батыр Әмірдің рұқсатын алып, өзінің сегіз жүз адамымен Қазалы жаққа бет алады.

Жолшыбай бір бұлақтың басында жылқылары мен түйелерін суарып жатқан орыс солдаттарын кездестіреді. Сыздық батыр сарбаздарымен бірге орыстарды қырып, мал-мүліктерін тартып алады. Бұлақтан екі шақырым жерде құм төбенің басында жүз қырық солдаттан құрылған отряд орналасқан екен. Сыздық өзінің жігіттеріне сексеуіл, жыңғыл, басқа да бұта-шөптерді жинатып, оларды оқ өтпейтіндей етіп буғызып, төбенің үш жағынан домалатып жақындата бастайды. Сөйтіп, олар бума тасасынан оқ атып, алға жылжып, үш күн соғысады.

1873 жылдың көктемінде генерал Кауфман көп әскерімен Хиуаға келе жатыр деген хабар келеді. Хиуа ханы Сыздық сұлтанға түрікпендерді қосып, Кауфман генералға қарсы жібереді. Батырдың қарамағындағы жеті жүз қазақ, бес жүз түрікпен, барлығы бір мың екі жүз адам болады. Таң алдында ол Кауфман генералдың лагеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Алайда орыс әскері мылтық, зеңбірек атып, жолатпай қояды.

Сыздық Хиуа ханмен қоштасып, өзіне қарасты елді аралап, түрікпендерге барып қосылу ойымен дарияны өрлей жүреді. Бір күні түрікпен жасақтарымен кездеседі. Ішінде Сыздық сұлтанды танитын Мұхамеднияз сардар бар екен. Бұл жерге ол он екі күн жүріп келеді. Мервтің ханы Сыздық сұлтанды күтіп қонақ етеді. Біраз уақыт өткеннен кейін Сыздық олардан Гератқа шығарып салуды сұрайды. Түрікпендердің басшылары бұл тілекті мақұл көріп, атқосшыға қырық жігіт қосып, Сыздық сұлтанды Гератқа аттандырады. Олар Гератқа келіп, қаланың бастығы Якуб сардарға сәлем береді. Гератта үш ай тұрғаннан кейін Сыздық Қашқарға барады. Бұл кезде Қашқарға Қытай әскері келіп қалған екен. Қытайлар қашқарлықтарды ойсырата жеңеді. Осы шайқаста Сыздық сұлтанға оқ тиіп, жараланады. Қытайларды біраз ығыстырғаннан кейін Сыздық жігіттермен ақылдасады: "Мен орыс патшасына қарсы қанша жыл соғыстым, орыстардан қашып талай елге бардым, бірақ ештеңе шығара алмадым... Енді, міне, қолыма оқ тиіп шарасыз боп қалдым. Маған тыныш отыратын қауіпсіз орын табылмады. Сондықтан амалсыздан орыстардың қол астына баруым ғана қалды. Ресей – мықты мемлекет. "Ұсынған мойынды қылыш кеспейді" деген бар ғой. Егер олар айыбымды кешсе, інім Ахмет сұлтанмен және басқа да туысқандарыммен бірге сол жақта тұрақтаймын. Не де болса Құдайдың салғанын көремін".

Сөйтіп, Сыздық сұлтан орыс жеріне өтеді. Бұл хабар генерал Кауфманға да жетеді. Ол дәрігер жіберіп, Сыздықтың қолын жеті айда сауықтырады. Жарасы жазылғаннан кейін бастықтар оны шақыртып: "Ұсынған мойынды қылыш шаппайды. Ұлы патшамыз сенің бұрынғы айыбыңды кешірді", - дейді. 

Ж. Исакаев