- Негізгі бет
- Ақберен
- Кенесары ханның ұлы...
Кенесары ханның ұлы Сыздық батыр
Сыздық Кенесарыұлы (1839-1910) – сұлтан, атақты батыр, жауынгер. Орта Азияда орыс үкіметіне, Қытайға қарсы халықтың жауынгершілік күресін бастаған. Кенесары қайтыс болғаннан кейін оның отбасы, балалары барша халқымен Шудың саға жағына Түркістан қаласына қарай көшеді. Сол жерде олар Қоқан хандығына қарайды. Кенесары ханның балалары ер жеткенге дейін ауылдарында молда жалдап сабақ оқиды. Сонымен қатар атқа мініп, мылтық ату әдістерін жетік меңгереді. Ер жете Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар әскери қызметке кіріп, қай жерде де ерліктерімен көзге түседі.
1860 жылы, Қоқан хандығында ерлігімен атағы шыққан Қағанат шаһ Ташкентті билеп тұрған кезде, генерал Колпаковский бастаған орыс әскері Алматыдан шығып, Тоқмақ каналын бұзып алады. Қағанат шаһ қырық мың әскерімен Верныйға қарай аттанады. Солардың ішінде Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар да болған. Колпаковский қоқан сарбаздарына зеңбіректен оқ жаудырып жеңеді. Сол жерде жеті жүз сарбаз және көптеген атты әскер қаза тапқан. Алматы маңынан қайтқаннан кейін Кенесары балалары өзара ақылдасады. Тайшық пен Ахмет сұлтандар: «Қоқан әскері Ақмешіт маңында да жеңіліп еді, бұл жолы да орыстардан жеңіліп қалды. Бұл хандық ендігі жерде өзін қорғай алатын түрі жоқ. Сондықтан Ресей жағына шығайық. Реті келсе қызметке кіреміз, болмаса солардың қол астынд тыныш отырамыз» - дейді. Олардың бұл ақылы Сыздық сұлтанға ұнамайды. Ол: «Ата-бабамыздың ұстаған жолын таптап, орыс жағына шықпаймын. Олар Қоқанды алса, Бұхараға барамын. Егер Бұхараны да алса, басқа да мемлекеттер бар ғой, кез келген бір мұсылман еліне барамын. Қалайда ата-баба жолынан аумаймын!». Сонымен Сыздық сұлтан Түркістанда қалады.
Тайшық пен Ахмет сұлтандар Ресей жағына шыққаннан кейін Сыздық сұлтан 1864 жылы Қоқан ханының ұсынысы бойынша Созақ хәкімі болып тағайындалады. Сол жылы Орынбор жақтан келген орыс әскері Түркістан қаласын қоршайды. Оны естіген Сыздық батыр Созақты тастап, Қоқандықтарға көмек көрсету үшін өзінің жігіттерімен бірге Қаратау асып Түркістанға келеді. Осы уақытта генерал Черняев Ташкентті қоршап үлгереді. Шортөбеде ұрыс болып, қоқан сарбаздары жеңіліс табады. Беделді адамдар Сыздықты қайтыс болған Әлімқұл молданың орнына әмір етіп сайлайды. Сыздық батыр ертеден кешке дейін жауды зеңбірекпен де, мылтықпен де атқылап, сақтық етеді. Соңынан ташкендіктердің басшы адамдарын жинап, оларға: "Бізді мықты жау - орыс әскері қамап жатқаны мынау. Осы қиын жағдайдан шығу үшін Бұхар әмірінің қол астына кіріп, одан көмек сұрайық", - дейді. Жиналғандардың бәрі осы ақылды мақұл көреді.
Бұхардың әмірі Сыздықтың бұл тілегін қабыл алып, басқару үшін өзінің Тайшыбек деген тоқсабасын жібереді. Тоқсаба келгеннен кейін Сыздық Ташкентті басқаруды оған тапсырып, ол өз адамдарымен Сырдариядан Шыңаз маңына өтіп, Бұхар ханына қарайтын Жызақ қаласына барады. Сол кезде генерал Черняев та әскерімен Жызаққа қарай бет алады. Зеңбіректерінен оқ ата қала бағының ішіне кірген орыстарды Сыздық сыртынан бақылап тұрып, тұтқиылдан оқ жаудырады. Осылай біраз атысқаннан кейін солдаттар шегініп, Сыздық батырдың жігіттері оларды талқандап, он бір атын олжалап қайтады.
Сыздық сұлтан өз жігіттерімен Сыр бойында көшіп жүрген елден сарбаз жинап аламын деген оймен Шардара жаққа жөнеледі. Қалаға жақын жерде Сыздық бір қазақтан Черняев әскерінен төрт жүз солдат осы ауылға келіп, тонап жатқанын естиді. Сыздық әлгі қазақты басшы етіп алып, орыстар жүрген жаққа аттанады. Көп ұзамай ол жүк артқан түйелерді, басқа да малдарын айдап бара жатқан жүз қарулы атты орыстарды көреді. Оларға жақын барып тап беріп, екі жақ қолма-қол соғысады. Сыздыққа бетпе-бет келіп қалған орыс офицерін батыр екпінімен келіп қылышымен шауып құлатып, астындағы ақбоз арғымағын жетектеп қайтады. Сол шайқаста алты орыс өліп, отыз ат олжа және орыстар тартып алған мал-мүлік қайтарылады.
Жалғасы бар
Ж. Исакаев