Қоғам Кейкі батырдың басы елге келгеніне қуанып жатыр. Игі істің ерте-кеші болмайды. «Жасыған рухымыз қайта түледі» деп ұлтжанды азаматтар сүйінші сұрауда. Бұл да болса үкімет тарапынан тәуелсіздіктің ширек ғасырына деген тамаша тартуы болды. Шынын айту керек, елдің елеулі оқиғаларын суреттеуде біздің әдебиетшілер қалыс қалған емес. Осы орайда Алаштың айтулы ақыны Серік Ақсұңқарұлының сүйінші жырын қабыл алыңыздар!
Келе жатыр алтын Басы Кейкінің…
Жаудан жалғыз –
Шаһид кешкен дейтұғын,
Келе жатыр алтын Басы Кейкінің;
Масайраған оның мұнда жоғында,
Орман жұрты қала барды соңында.
Кеудесінде қалып қоймай зар әні,
Маңдай, шеке сүйегіне тарады;
Ата жаудан көңілі қалған, қайран, Бас
Арт жағына қайырыла бір қарады…
Белес, белес, белес деп,
Айдарынан сипағандай жел иіскеп;
Бас келеді тоқсан жылдай көрмеген,
Өз денесі
Өз көзіне
Елестеп!
Табанының астында қап тағылық,
Қасіретті қара түнді жамылып,
Бас… келеді тоқсан жылдай торығып,
Өр кеудесін!
Өкпе-бауырын сағынып!
Улап-шулап әлеуметтік желі кеп,
Демін ішке тартқан кезде төңірек,
Тоқсан жылдай екі көзі төрт болған,
Торғай жұрты қоя берді еңіреп…
Бас келеді баса-көктеп ғасырды,
Әлихан мен іздеп Қаныш…
Қасымды;
Қарай бермей жаутаң-жаутаң төменге,
Көкке қарай көтер, қазақ, басыңды!
Серік Ақсұңқарұлы
adebiportal.kz