- Негізгі бет
- Ақберен
- Қазақ сарбазының бес...
Қазақ сарбазының бес қаруы
Қазақ этносының дәстүрлі мәдениетінің бір бөлігі болатын жауынгерлік қару-жарағының даму тарихы ежелгі Сақ дәуірінен бастау алып, бірнеше ғасырларды қамтиды.
Қазақ сарбазының соғыс қаруы негізінен бес түрге бөлінеді. Бұл олардың бірін-бірі ауыстыра алмайтын тек өзіндік жеке қызметіне байланысты. Ату үшін – садақ, түйреу үшін – найза, кесу үшін – қылыш, шабу үшін – айбалта және соққы қаруы – шоқпар. Қолбасшылар соғыс жүйесін ойластырғанда осы қару түрлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ол қаруларды мейлінше ұтымды пайдалануға негіздеген. Сонымен қатар соғыс қарулары әскери лауазымдарды белгілеу, әртүрлі символдық мағынада да қолданылған. Мысалы, қазақ хандарын ақ киізге көтергенде олардың белдеріне қылыш байласа, Түрік қолбасылары дәреже ретінде шоқпар ұстаған. Ал байрақ тағылған найза көп халықтарда әскербасылық белгі.
Қару – атадан балаға мұра болып қалып отырған. Ер жетіп, алғаш рет ел қорғауға шыққан жас батыр әкесінің, не атасының қаруын сандықтан алып беліне тағынған. «Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Қол төңкерер ме екенбіз?! Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екенбіз?!» – деп жырлайды Ақтанберді жырау. Осылайша отансүйгіштікке, ерлікке шақырады.
Батырлардың қарулануын білдіретін “бес қаруын асынды”, “бес қаруы бойында”, “бес қаруын сайланған” деген сөз тіркестері тілімізде, ауыз әдебиетінде жиі қолданылады. Қазақтарда “ер қаруы – бес қару” деген мақал да бар. Олай болса қазақ сарбазының бес қаруымен таныс бола отырыңыздар.
Садақ
Қазақ садағы – көшпелілер садағының дамуы барысында қалыптасқан соңғы үлгісі. Күрделі-құрама садақтың бір нұсқасы. Серпінді етіп жасалған негізі – «адырна» - ағаштан жасалып, ұстайтын тұсы сүйекпен күшейтіліп, сыртынан тарамыспен оралады. Керілген жібі – «кірісі» - малдың шегінен немесе тарамыспен өріліп жасалады. Садақтың оғы ағаштан (қайың, тал, тобылғы) жонып жасалып, ұшына темірден, сүйектен жебе орнатылады. Төменгі жағына құстың қауырсыны бекітіледі. Жауынгерлер өз оқтарына меншік белгісі ретінде әртүрлі таңбалар салатын болған. Оқтардың арнайы қабы – «қорамсақ» - теріден жасалып, беті ою-өрнектермен бедерленеді. Бай-бақуат сарбаздар өз қорамсақтарын күміспен көмкеріп, асыл тастармен де безендіретін болған.
Жоғарыда айтқандай, қазақ садағы көшпелілер садағының жетілдірілген жалғасы болып саналады. Ауыз әдебиетінде садақтардың жасалуына қарай “қайың садақ”, “қарағай садақ”, “үйеңкі садақ” деген атаулары кездеседі. Қайыңның қабығымен қапталған, сарғайған түсіне байланысты “сарыжа”, “сарсадақ” деген атаулары да бар.
Найза
Найза – атты жауынгердің негізгі түйреу қаруы. Сабы қайың, қарағай, емен сияқты қатты ағаштардан жасалып, басына темірден жебе кигізіледі. Жебе ұңғысының найза сабымен түйіскен жерін металмен құрсап, қынап бекітеді. Әдетте найза басына шашақ тағылады. Бұл аққан қанды қарудың сабына жібермеуге арналған. Әскербасының найзасына дәреже белгісі ретінде байрақ, жалау тағылады. Сабының қолға ұстайтын жері жұмсақ болу үшін барқыт, мақпалмен оралып, қайыстан ілгек салынады. Әдетте қазақ найзаларының ұзындығы 150 – 190 см болғанымен, темір сауытқа қарсы қолданылатын «сүңгінің» ұзындығы 3-3,5 метрге дейін жеткен. Өткен ғасырларда, сирек те болса найзаның тағы бір түрі алыстан лақтыруға арналған қысқа сапты найза да болған. Оны «жыда» деп атаған.
Қылыш
Қазақ қылышы – басы бір жүзді, сыртына қарай қайқылау болып келетін кесу қаруы. Басының қайқылау болуы қылыштың кесу күшін күшейтеді. Ал өте қайқы қылыштарды қазақтар «Наркескен» деп атаған. Қылыштың басының ұзындығы әдетте 75-88 см, жүзінің ені 3-3,5 см болып келеді. Сабы 10-13 см болып, ағаштан, сүйектен немесе мүйізден жасалған. Сырты күміспен көмкеріліп, әртүрлі ұлттық нақыштармен өрнектелген. Қылышты «қынап» деп аталатын арнаулы қабына салып, қылышбау арқылы белге тағып жүреді.
Қазақ қылыштарының наркескеннен бөлек алдаспан, зұлпықар, жатаған қылыш, қайқы қылыш, т.б. түрлері бар.
Айбалта
Айбалта – қазақтың дәстүрлі шабу қаруы. Сабы ағаштан жасалып, темірден жасалған басы қосымша екі темір бекітпелер арқылы ұстатылған. Артқы жағының бекітпесі оюмен өрнектелсе, алдыңғы жағына қарсыластың қаруын кесетін қылыш сияқты өткір жүз немесе араның жүзі сияқты ұсақ тіс салынады. Жүзі жарты ай тәрізді дөңгелене келген. Бұл ерекшелігі айбалтаға шабумен бірге кесу арқылы жарақат салуға мүмкіндік береді.
Айбалтаның басын ою-өрнекпен әшекейлеу көнеден келе жатқан дәстүр. Оның негізінде діни-ғұрыптық ырымдар жатыр. Балта басына қолданылатын өрнектің негізгі түрі «әлем ағашын» тұспалдайтын өсімдік өрнегінің түрлері болды. Басын әшекейлеп, күмістен өрнек салынған айбалталарды «ақ балта», «ала балта» деп атаған.
Шоқпар
Шоқпар – қазақ жауынгерінің соғу қаруы. Жасалуы мен басының үлгісіне қарай бірнеше түрі бар.
Басы мен сабын біртұтас қылып, түбірлі ағаштан жасалған қару «шоқпар» деп аталады. Басы темірден жасалып, сабы да темірден немесе ағаштан жасалып, сырты металмен қапталған түрі – «күрзі», ал басы бірнеше тілімді, қырлы болып темірден жасалған жеңіл шоқпар – «бұздыған» деп аталады. Сонымен қатар темірден жасалған басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бос бекітілген «босмойын» шоқпарлар да қолданыста болған. Босмойын шоқпар басының диаметрі әдетте 4,5-5 см болып, сабының ұзындығы ат үстінде айқасуға ыңғайлы орташа және қысқа болады. Жасалуы оңай ағаш шоқпарлар соғыста ғана емес, күнделікті тұрмыста да малшының қаруы ретінде қолданыста болған.
Қазақ халқы соғыс қаруын айрықша қастерлеген. Қаруды кім болса сол асынбаған. Қаруды қастерлі деп санаған ертедегі қазақтар оған сыйынған, ант берген. Қару асыну құқына ие болған адамдарға белгілі бір артықшылықтар да берілген. Мысалы, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңы бойынша хан кеңесіне қару асынған хандар, сұлтандар, батырлар мен ру басылары ғана қатыса алатын болған.
Жауынгер халқымыз "аттың жалында, түйенің қомында" жүріп, "ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен" Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даланы асқан ерлікпен қорғап қалды. Сондағы бір серігі - осы бес қаруы еді. "Ер қаруы - бес қару" демекші, бес қаруымызды біле жүрген артық болмас.
О. Сансызбай