- Негізгі бет
- Ақберен
- Қазақ батырларының киім-кешегі...
Қазақ батырларының киім-кешегі
Халқымыз ғасырлар бойы жаугершілік жағдайда өмір сүріп, өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға мәжбүр болған. Ел мен жердің қамы үшін ат үстінде күн кешіп, қолындағы бес қаруына сеніп жауының құтын қашырып, мысын басқаны ауыздан-ауызға таралып бүгінге жетті.
Алайда қазіргі жас ұрпақ ата-бабаларының осынау көптеген әскери қару-жарағының атауын да ұмытып бара жатқандай. Сондықтан да біз бүгін қазақтың жаугершілік замандағы киім-кешектері, қару-жарақтары туралы қолжазбалардан ықшамдап беріп отырмыз.
Ақ көбе – Батырлар киер ақ сауыттың көп түймелі түрі. “Тоқсан баулы ақ көбе, Тоғысқан жерде кигенмін”. Қазақ әдебиетінде кездесетін сауыт түрлері: бадана, берен, зере, көбе, кіреуке, торғауыт.
Аймауыт – жауынгерлердің ұрысқа шығарда оқ өтпеуі, қылыш жүзі батпауы үшін үстіне киетін сауыты. Ол асыл болаттан шытыр торлы етіп соғылады. Соғылуы қиын. Кез-келген батыр тауып, кие алмаған ұрыс киімі. Аймауыттың шынжыр торы денеге батпас үшін ішінен киіз кебенек киіледі.
Ақберен – асыл болаттан жапырақ торлы етіп соғылған батырлар сауыты. Оны қылыш кеспейді, найза теспейді, одан садақ оғы өтпейді деп сипаттайды.
Берен – Болаттан жасалған батырлар киімі. Болат тақталары астарына іш жағынан бекітілген тақталы сауыт.
Бадана – аймауыт, ақберен тәрізді батырлар киген темір сауыт. Сақина торлы етіп жасалған. Етек-жеңінің ұзын да, қысқа да түрлері бар. Шығыршықты кіреуке сауыттың көзіне асыл темірден дөңгелек жапырақ бастырма соғылған түрін «бадана» немесе «бадана көзді кіреуке» деп атайды.
Дулыға – батырлардың ұрысқа шығарда басына киетін темірден жасалған бас киімі. Дулығаның екі жағы мен артқы етегіне темір тор ілінеді. Ол адамның мойны мен иығын тымақ тәрізді тұтас жауып, қылыштан, оқтан қорғайды.
Жамшы – жамылғы. Желең жамылатын тон.
Жыға – соғыста басқа киетін сауыт. Төбесі үшкір, маңдай алды адамның қасына дейін түсіп тұратын, желке жағына бір жарым қарыстай шынжырлы баулар мойынды айнала тағылатын бұл бас киімді батырлар, жасақтар киген.
Зере – кеудеге киетін сауыт. Ол садақ жебесі өтпейтіндей етіп, шынжырлап тұрып жасалады. Зерені жауынгерлер бір қабат киімнің үстінен киеді. Кеуде тұсында жүректі садақ оғынан қорғап тұратын екі бөлек табақша қалтқысының атауы «шарайна». Бұл сауыттың зере аталуының себебі: ол мыс, қола, жез, күміс тәрізді жалтырауық шығырларды үзбелестіру арқылы жасалады.
Көбе – кебенек сыртынан киілетін темір сауыттың бір түрі. Оның екі түрі бар, олар былай жасалады: 1. Жүректі, білекті, тізені, иықты садақтың оғынан, қылыштан қорғау үшін жалпақ темірден жасалады. 2. Бүкіл кеудені қорғау үшін тырнақ көбесіне ұқсас қола, мыс, алтынды қобылап, қатпарлап тізіп, немесе темір шынжырларды біріктіріп, көйлек тәрізді етіп жасалады.
Көзе сауыт – соғыс киімі. Одан садақ оғы, найза ұшы, қылыш жүзі денеге өтпейді. Ол көбінесе бас киім, қалқан, кеудеге қақтаған шар айна, білекке, тізеге жабатыны қыш қоруыштар түрінде жасалады.
Кіреуке – ерте замандағы соғыста батырлар киген оқ өтпес сауыт. Оның басқа сауыттардан өзіндік айырмашылығы бар. Ол кеудесінде, арқасында, білек үстінде темірден немесе көзеден жасалған шаралары (шарайнасы) болуы.
Қаттама – қаттау, көкірекше. Қалың кездеме.
Сауыт – біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықта Ассирияда пайда болып, кейін барлық елге тараған киім дейді зерттеушілер. Біздің ата-бабаларымыз – сақтар да, қыпшақтар да сауыт жасаудың шебері болған. Қазақта: «Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ» деген мәтел бар.
Томқап – (темір томақап) – көшпелілердің қорғаныс киімі.
@. @assel_assanova