- Негізгі бет
- Ақберен
- Қазақ батырларының қару-жарағы...
Қазақ батырларының қару-жарағы
Халқымыз ғасырлар бойы жаугершілік жағдайда өмір сүріп, өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға мәжбүр болған. Ел мен жердің қамы үшін ат үстінде күн кешіп, қолындағы бес қаруына сеніп жауының құтын қашырып, мысын басқаны ауыздан-ауызға таралып бүгінге жетті. Алайда қазіргі жас ұрпақ ата-бабаларының осынау көптеген әскери қару-жарағының атауын да ұмытып бара жатқандай. Сондықтан да біз бүгін қазақтың жаугершілік замандағы киім-кешектері, қару-жарақтары туралы қолжазбалардан ықшамдап беріп отырмыз.
Адырна — өгіздің жон терісінен жасалып, садақ ағашының екі басын иіп ұстап тұратын керме қайыстың атауы. Иі қанған теріден жасалғандықтан, садақ серіппелі болып, жебесі алысқа ұшады. Этнографтар адырна түркі, моңғол тілдеріндегі «адар», «адыр» сөздерімен төркіндес екенін айтады.
Айбалта – ежелгі Египет заманынан бері белгілі соғыс қаруы, өткір де айбатты. Айбалта Орта Азия мен Қазақстанға 14-15 ғасырда кеңінен тараған. Оның алғашқы үлгілері Батыс пен Шығыс елдерінің қару-жарағында ұшырасады. Қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безендіреді. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдірге байлайды.
Алдаспан – Семсердің бір түрі. Жекпе-жек шайқаста қолданылатын қару болғандықтан әрі салмағының ауырлығына байланысты оның қыны болмайды, батырлар шайқасқа қолға ұстап шығады. Сол себепті алдаспанды күшті, қарулы батырлар ғана пайдаланған. Алдаспанды белге байлайды немесе иыққа асып алады. Ол семсер, қылыштың ішіндегі ең асылы. Батырлар жырында бір сілтегенде қара тасты да қақ бөліп, қиып түсетін алдаспандар көп суреттелген.
Алмас қылыш – соғыс қаруы. Болаттың ең асылынан соғылады. Қазақ батырлары асынған бес қарудың бірі – осы алмас қылыш. Наркескен алмас қылыштың аңызға айналған түрі. 1861 жылы Злотоуста орыс инженері Аносов қазақтардың ертеде пайдаланған алмас қылыштарының өте өткір болу сыры суару тәсілінде, болатты салқын күйінде соғуында екенін анықтап, сондай алмас қылыштарды орыс жауынгерлеріне жасатқан.
Ақберен. Болаттан құйып жасалған ұзын ұңғылы шиті мылтықтың да атауы – ақ-берген. Мұндай мылтықтың оғы алысқа ұшады, дәл тиеді. Әрі мылтықтың салмағы ауыр болады. Оны «сирақты мылтық» деп атауының сыры: ұңғысының ұш жағында ашалы таянышы бар.
Атпа найза – ол әрі аңшылық құралы, әрі соғыс қаруы. Оның ұзындығы мен салмағы кәдімгі найзадан қысқарақ, жеңіл. Қазақтар мұндай найзаны жаққа салып атқан (лақтырған). Атпа найза жоғары палеолит дәуірінде қолданылған. Оның сол кездегі ұшы тастан, сүйектен жасалғаны белгілі. Атпа найзаны ертедегі мексикандықтар да, бразиялықтар да, папуастар да пайдаланғаны жөнінде деректер бар. Ол садақтың шығуына негіз қалаған тәрізді. Тарихта римдіктердің де жаяу әскерлерін атпа найзамен қаруландырғаны жөнінде дерек көп. Атпа найзаны бүлдіргісіз лақтырғанда 30 метрге, бүлдіргімен лақтырғанда 70 метрге жетеді. Орта ғасырларда атпа найзаны Еуропа мен Ресей де қолданған. Атпа найза – қыпшақтардың әскери қару-жарақтарының ең көне түрлерінің бірі.
Аша – бұл найзаның ежелгі түрі. Болаттан екі айыр етіп соғылады. Екі айыр тармағының арасы 10-15 сантиметр, ұзындығы 30-40 сантиметр болады. Сабын қайыңнан жасайды. Ашаны қарсы шыққан жауды шаншып, аттан құлату үшін қолданады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте әскери қару-жарақтың бір түрі ретінде сарбаздар қолына ұстап, жазалаушы отрядтармен шайқаста оларға қарсы алып шыққан.
Бесқару – ертеде батырлар бойына асынған қарулардың жалпылама атауы. Қазақтардың бесқаруы: қамшы (дойыр), сойыл, шоқпар, найза, жақ (садақ). «Ер қаруы – бес қару». Сойылдың орнына қылыш немесе айбалта да асынған.
Бұйда пышақ – бұл да қару саналады. Сабы сүйектен, мүйізден, ырғайдан жасалатын жетелі ұзын пышақ. Сабының мойнын жез, мыс, күміспен әшекейлейді. Осылай жасалған пышақты қазақтар «Сарымойнақ пышақ» деп те атайды.
Білте (пілте) мылтық – қазақтардың өздері жасаған, мақта білтемен от алатын, серіппесіз мылтығы. Оның бір түрі Мәскеудің тарихи мұражайында көрнекі жәдігер ретінде сақтаулы тұр. XVI-XVIII ғасырларда жоңғар басқыншыларына қарсы шайқаста көп қолданылды, көп жасап шығарылды. Білтелі мылтықтың ең ұзыны, әрі ауыры – «шамқал», ең алысқа тиетіні – «күлдір мамай» деп аталады.
Гүрзі – темір шоқпар. Ертеде ол әрі аң аулау, әрі соғыс құралы болған. Бұл атау парсы сөзінен шыққан. Палеолит дәуіріндегі алғашқы адамдардың негізгі құралы болған сойылдың күрделі түрі. Ол салмағы ауыр, мықты ағаштан жасалып, жуан басы қоламен, кейін темірмен қапталып қолданылды. Гүрзі бертінде билік етудің құралына айналды.
Жақ – сырт түрі малдың жақ сүйегіне ұқсас, оғы алысқа ұшатын, көлемі садақтан үлкен және серпер ағашы жуан, садақша иілген тұсы сірі таспамен орап қапталған соғыс қаруы. Оғын уығы деп атайды. Оны «жай» (найзағай) деп атап, ерекше қастерлейді.
Жебе – садақ оғының масағы. Алғашқыда оны өте берік кремний тасынан, кейін қоладан, темірден жасап оқтың ұшына қадаған. Темір жебелер XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін қолданылды. Жаудың жолына құрылатын тікенекті темірдің де атауы – жебе.
Жеке ауыз – бір ғана оқпен атылатын мылтық. Оны бір ауыз, қанды ауыз, жезді ауыз, берен деп те атай береді. Жеке ауыздың бөлшектерінің атауы: құндақ, оқпан, шүрпі, шаппа, сирақ. Оған оқты аузынан салып атады. Жеке ауызды ертеректе қазақ ұсталары қолдан соғып жасаған.
Зұлпықар – Шығыста аңызға айналған, киелі, қасиетті саналған қылыш. Әр халықта ол жөнінде әртүрлі қызық әңгімелер, аңыздар бар.
Қалқан – шайқасқанда найза, қылыш соққысынан, садақ оғынан қорғану үшін қолға ұстайтын құрал. Металл қалқанды алғаш рет б.з.б. екі мыңыншы жылдарда ежелгі ассириялықтар пайдаланғаны жөнінде деректер бар. Бұрындары төрт бұрышты, дөңгелек, жарты цилиндр тәрізді, жүрекше, астауша үлгідегі де қалқандар болған. Шығыста көннен, қоладан, ағаштан, темірден жасалған дөңгелек қалқандар кең тараған. Қазақтардың ертедегі қару-жарағында осындай дөңгелек қалқандар қолданылған.
Қалжуыр – садақ оғының бір түрі.
Қанжар – екі жүзді, ұшы өткір, қысқа сапты қару. Оны болаттан соғып жасайтындықтан өткір, мықты болады. VI-XII ғасырларда қанжар жасау Түрік қағандығының Қашқар, Баласағұн, Шаш, Отырар тағы да басқа қалаларында кеңінен өрістегені жөнінде деректер бар. Қазақ хандығында жасақтар қанжарды ықшам қару ретінде пайдаланған. Қанжарға күміс, алтын жалатып, сабын әсемдеп те белге таққан.
Қозы жауырын – сауыт бұзуға арналып жасалған садақ оғының ұшы (масағы). Ортасы қырланып, екі жүзді етіп жасалады. Болат жебе масағы әбден кепкен еменнен, самырсыннан, қамыстан жонған оқтың ұшына бекітіліп атылады. Қозы жауырын жебені ататын құрал-қос жауырын садақ. Мұндай садақпен қозы жауырын оқты әбден жаттыққан, қарулы батырлар, жасақтар атқан.
Қорамсақ – садақ оғының сауыты. Оны белге байлап немесе иыққа асып алады. Қалың көннен жасап өрнектейді. Қорамса ішінен екі қатар көлденең таспа тартады, оған жебелерді қатарлай тізеді. Оқты алу оңай болуы үшін жебенің кірісі төмен қаратылады.
Қылыш – имек келген, өткір жүзді, үшкір, шабуға, шаншуға лайықты қару. Ол негізінен, атты әскер қаруы болып саналады. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мың жылдықта қылышты әр елдің әскері қолданған. Болат қорыту ісі игерілген соң Орта Азияның көшпелі елдерінде, Шығыс Еуропада VIІІ ғасырда болаттан жасалған қылыштар пайда болды.
Мылтық – аң аулауда, соғыста қолданылатын қару. Алғашқы мылтық дәрісінің құпиясын арабтар қытайдан біліп, ХІІ ғасырда оны өндіріп, оқ-дәрі жасаған. Қазақтар арасында мылтықтың алғашқы түрлері ХV-ХVIІ ғасырда пайда болған. Мылтықтың шиті, бытыралы, білтелі, шүріппелі, опырмалы, қос ауыз, жеке ауыз, көкберен, бесатар тәрізді түрлері бар.
Найза – бүкіл әлем халықтары аң аулағанда, соғыста қолданады. Қадалғыш, лақтырмалы қару. Ол палеолит дәуірінде пайда болып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне дейін қолданылды. Найзның әскери қару ретінде кең тараған кезі – темір ғасыры. Қазақ батырлары мен жауынге-лерінің де қаруы шашақты, темірден үшкір ұшы бар, ұзын найза болды.
Наркескен — өткір қылыштың айрықша түрі. Оның басқа қылыштардан өзіндік айырмашылығы бар. Ол: наркескеннің асыл болаттан екі жүзді етіп жасалуы, сабының сүйек немесе мүйізден қондырылып, алтын, күмістен бедерлендірілуі. Ертеде наркескенді хандар, жоғары биліктегілер, хас батырлар ұстаған. Хандар айрықша сыйлық ретінде наркескенді баһадүр батырлары мен қолбасшыларына сыйға тартып, оларды ұлықтап отырған.
Оқшантай – оқ-дәрі салатын арнайы қалта. Оқшантайды қазақ зергерлері сапиян былғарыдан жасап, айналасын шашақтаған. Ол белбеудегі шығыршыққа ілінеді.
Садақ – жебемен ататын қару. Садақты мезолит дәуірінен ХІІ ғасырға дейін, кейбір халықтар ХХ ғасырға дейін пайдаланып келді. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, тағы да басқа қатты ағаш шыбықтарын иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақты сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталып, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағып әзірлейді. Күрделі садақты кең қолданылған аймағы – ежелгі Шығыс елдері. Қазір садақ тартып, мергендік сынасу – спорттың бір түрі.
Сойыл – қол қаруы. Алып жүруге ыңғайлы, жеңіл. Ұзындығы 2-2,5 метр, диаметрі 6-7 сантиметр қатты ағаштан жасалады. Әбден кеуіп, көп ұсталғанын «қақ сойыл» деп атайды.
Шоқпар – қол қаруы. Оны түркі халықтары көне заманнан бері қолданып келеді. Ол сойылдан қысқа, бас жағы жұмыр болады. Шоқпардың бас жағын темірмен де қаптайды. Бас жағына қорғасын құйып жасалатын да шоқпар түрлері бар.
Зәнжір – жіңішке шынжыр. Одан бұрын бұғау жасалған. “Мойнындағы зәнжірін қылымен бұрап сындырды.(Алпамыс батыр)”
Кәзинек – Пышақтың, қылыштың әдемілігі үшін жазылының не сабының дүміне көбіне күмістен қақталған метал.
Толғау – орау мағынасында толғамалы найза, толғамалы мылтық, толғамалы балта. “Толғамалы ақ балта, Толғамалы ала балта қолға алып.(Доспамбет)”
Үйкек – Оттан түсірілген қазанды орнықтыру үшін астына қоюға дөңгелетіп жасалатын тұғыр.
@. @assel_assanova