Қазақ батырлары: Диқанбай батыр

Қазақ батырлары: Диқанбай батыр
Фото: kazakhstanzaman.kz

1916 жылы Жетісу өңірінде де ұлт-азаттық көтеріліс болды. Бұл мұрағат құжаттарында Албан көтерілісі, халық жадында Албан бұғы  көтерілісі деп аталады. Сол кезде алым-салық көбейіп, халық тұрмысы күрт нашарлады.

Соғыстағы әскердің тылдағы қара жұмыстарына Қазақстан, Орта Азия және ішінара Сібірдің 19-43 жас аралығындағы (кейіннен 43-тен 31-ге түсірді)  ер азаматтарды шақыру жөніндегі Жарлығы көтерілістің шығуына түрткі болды. Жалпы Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың, соның ішінде Жетісудан 87 мың адам шақырылды. Патша Жарлығы жарияланысымен Қазақстанның барлық аймақтарында қарсылық білдіру басталды. Ұзақ пен Жәмеңке батырлар бастаған Қарқара жеріндегі қозғалыс жергілікті халыққа серпіліс берді.

Патша әскері көтерілісшілер мен халықты қырғынға ұшыратып, Қарқара көтерілісінің кезінде қазақ-қырғыздардың жүзге жуық елді мекені жазалаушылардың шабуылына ұшырап 373 үй өртенді, 1905 адам оққа ұшты, 684 адам жараланып, 1105 кісі тұтқындалып, кейінен із-түссіз жоғалған. Ал, патша жазалаушыларынан небәрі 171 адам ғана шығын болған.

Сол қиын-қыстау кезеңдерде болыс Диқанбай Жанпейісов Шәлкөде жайлауындағы казақ-орыс отрядтарының шабуылынан өз ауылдарын құтқару жолында күресті. Диқанбай Жанпейісұлы қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданының Шәлкөде өңірінде 1857 жылы туған.

Атақты Райымбек батырдың Әжі әулетінен тарайды. Руы-Албан ішінде Алжаның Сырымбет атасынан. Алжан еліне 25 жылдай әкелі-балалы болыс болған.

Бірде Іле жақта қазақ-орыс бас қосқан үлкен жиын өтеді. Нарынқол, Кеген, Шарын аймағы түгел жиналады. Диқанбай бұл шақыруға жер шалғайынан кешігіп жетіпті. Ұлық «ендігі келгендер жиынға жіберілмесін» деп тапсырма береді. Алайда төбе басында отырған орыс ұлығы, келе жатқан топқа таңдана қарап: «Ана келе жатқандар бөгелмесін. Қарсы алыңдар. Мұнда келуіне рұқсат!» деп шабарманын жұмсайды. Шағын топ Диқанбайлар екен. Олар ұлықпен сәлемдесіп, жайғасқанда, ұлық: «Сендер қазақтар арыз-шағымнан қолдарың босамайды. Өсексіз өмір сүре алмайсыңдар. Сол әдеттеріңді тағы істеп жүрмеңдер.

Алдарыңда көргенімді айтайын. Мен патшаның ұлығымын. Мына кісі (Диқанбайды нұсқап) қазақтар ұлығы екен. Жаңа келе жатқанда аң әулиесі жолбарыс артына мінгесіп келіп бірге түсті. Мен оны қалай өзіммен тең санамаймын?! Оған басқаларына жасалмаған қошемет көрсетілуі сондықтан» деп жиын­ды жалғастырыпты. Диқанбай батыр туралы ел аузында жүрген бір оқиғаны елге айта кетейін. Бір күні жақын досы келіп: «Дықа, сен ұйықтағанда төбеңде жататын жолбарысты көрсетші» деп мазалай берген. Дықаң «мына сорға біз жататын бөлмеге төсек сап бер» дейді бәйбішесіне. «Өзі сұрап алған ауруға дауа жоқ» деген. Түн ортасы ауа жолбарыс бас жағына келіп жайғасыпты, әлгі досы қорқыныштан таңға дейін көз ілмепті. 

Диқанбай ақсақал үркіншілік кезеңде Қытайға қарай ауған жоқ, ары-бері көшу ел-жұртқа үлкен салмақ екенін түсінді. Сондықтан елді аман алып қалу мақсатында ерен еңбек етті. Ауыл тұрғындарын Шәлкөденің сырты мен Кетпен тауына паналатып жан сақтады. Көшпей қалған аз санды рулардан, Қожбанбет руынан Мергенбай баласы Қатамен, Құрман руынан Сатылғанұлы Сағатпен, Алжан руларынан Есімханұлы Самат, Ысқақ, Жіке, Шолпанбай, Ықсанұлы Тұрмыхамбет және Ермек тілмәш, Жарты руларының бас көтерер ел азаматтарымен араласқан.

1917 жылы патша өкіметі құлап, билікке Қызыл империя келгенде өзгерісті естіген Қытайға көшкен бауырлар қайта елге оралады.

Елге оралғандар Кетпен тауындағы Албан елінің өз қоныстарында аман-сау, күллі мал-мүлкімен жүргендерін көздерімен көріп таңғалысады.

Бөлтірік ақынның:
– Албанда Диқанбайдай жақсы тумас
Әр істе жамандықты әсте қумас, – деген сөздері жайдан-жай айтылмаған. Жазушы С.Тәнекеевтің «Ереуіл төбе әскерлері» атты кітабында патша үкіметі Қарқара қазақтарынан 67 адамның аты-жөнін көрсетіп, қылмыскер деп жариялағаны айтылады. Оның ішіндегі алжан болысынан 27 адам жазылған. «Өте қауіпті» деп көрсетілген 15 адамның айрықша тізімінде Диқанбай Жанпейісов көрсетіліп, «ату жазасына кесіліп, жері, мүлкі тәркіленсін» делінген.

Орыстың жазалаушы әскерлері Диқанбай болысты ұзақ уақыт қолға түсіре алмаған, өйткені болыс күзетшілерімен сақ жүріп, дер кезінде ел-жұртын көшіріп орын ауыстырып отырған. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, 1918 жылдың күзінде Диқанбай ауылы шапқыншылыққа ұшырады. Диқанбайдай ел жанашырын дұшпан аяусыз өлім құштырды, құбылаға қарап аят оқып тұрған сәтінде қылышпен екі рет шабады, сондағы құламаған батыр тұлғасын көрген орыс офицері Мельников қорыққаннан жүрек тұсынан атып өлтіреді. Көп адамы казак-орыстардың қолынан қаза тапты.

Бұл туралы осы қырғынды көзімен көрген Қамбар Матайұлы деген кісі соңына мынандай мәліметтер қалдырған. «Алжан руының батыр ұлы Диқанбайдың ауылын Афанасьев, Меньшов деген басшылары бар 85 орыс әскері қоршап алып, пулеметпен атқылап қырғынға ұшыратты. Жендеттер кетісімен көргеніміз Шәлкөдедегі Кеңбұлақ сайының аузында кең қонысқа жаңа қонған ауылдың барша үйі өртелген, осы жерде ішінде ер-әйел, бала-шағасы бар 27 адам оққа ұшқан. Мұны көріп жанымыз түршікті». Диқанбай батыр бабамыздың зиратында 36 адамның мәйіті бар.

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz

Г. Берік