- Негізгі бет
- Ақберен
- Жылқы жүрісінің түрлері...
Жылқы жүрісінің түрлері
Қазақ халқы жылқыны жете танып, оны қадір тұтқан. Төрт түліктің төресі санайды. Тұлпарды ердің қанатына теңейді. Қасиетті түліктің бар келбетіне баса мән берген. Жүріс-тұрысына дейін аңғарған, ат қойған. Олай болса жылқының жүріс түрлерін айта кетейік.
Аяң – аттың қатты емес, баппен ақырын жүрісі.
Өгіз аяң – өте жай жүріс.
Сылбыр аяң – босаңсып, ілби басқан жүріс.
Сары аяң – бірқалыпты жедел жүріп отыру.
Ырғақ – шабандап жүру.
Қара жүріс – шаппай, желмей аяңдап отырып ұзақ жол жүру.
Бүлкіл– аяңнан тездеу болатын жүріс.
Құлан бүлкіл – екпіндете бүлкілге басып жүру.
Желіс – аяң не шабыс емес жеделдете, шоқырақтап жүру.
Бөкең желіс – орта екпінде бөкеңдеп шабу.
Сар желіс – ағынды өте жедел күшті желіс.
Текек – желіс пен шабысаралық шапшаңдықтағы бірқалыпты емес, секектей жайсыздау желу.
Жортақ – аттың желістен бәсеңдеу екпіндей бүлкілдей жүруі.
Шоқыту – текіректеп желіп келіп, біраз шауып барып, ірку.
Текірек – аттың жайсыз шоқақтап желуі.
Қалмақ желіс – жортуылдап тынбай жүру.
Шабыс – аттың бауырын жаза, қос аяқтап, екпіндете желдей есіп шабуы.
Ағынды шабыс – көсіле, заулай шабу.
Майшоқырақ – жайлап қана шабу.
Жорға – төрт аяқты тең салып, тайпала-тайпала ырғатылып, адамға жайлы келетін жылқы жүрісі.
Жол жорға – жүріске барабар адамға жайлы, митыңдаған жорға.
Үш аяқ жорға – жорғасынан жаңылып, текіректей желіп барып түзеп алатын жорға жүріс.
Су жорға – жаңылмайтын шапшаң жорғалау.
Тайпалған, төкпе жорға – екпіндей сәнімен, төгілтіп жорғалау.
Су төгілмес жорға – аяқ тастауы тең, жайлы жорға.