- Негізгі бет
- Ақберен
- Жоңғарларға қарсы шайқасқан...
Жоңғарларға қарсы шайқасқан Ескелді би туралы
Ескелді Жылкелдіұлы - би, шешен, қолбасшы. Шамамен 1695 жылы Жетісу өңіріндегі Қаратал өзенінің бойында дүниеге келіп, 1770 жылы дүниеден озған. Төле бидің Ұланбике деген қызынан туған жиен немересі. Ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасының сиыршы руынан шыққан. Ескелді би "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" жылдары Тұрлымбет Бекенұлы, Жайнақ, Тәттібай мерген, Малтабар, Құлжан сияқты батырларды өз маңына жинап, жоңғар шапқыншылығына қарсы қанды шайқастарда қаһармандық көрсеткен. Кейін Ескелді би бастаған жалайыр қолы Аңырақай шайқасына, Аягөз, Таскескен мен қазіргі Текелі қаласынан әрідегі Жолбарыс сайы, Балырғанды, Қызқұлаған деген жерлерде өткен соғыстарға қатысып, қазақ жерін жаудан азат етуге елеулі үлес қосқан.
Ескелді бидің Абылай ханның сенімді серігі болғаны жайында да аңыздар сақталған. Соның бірі, Ескелді бидің қалмақ ханы Қалдан Серенмен келіссөз жүргізуге барып, соңында қалмақ ханы "судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді" деп, қызын Ескелді биге бергендігі туралы аңыз. Бірақ Ескелді би: "Ата салтын санасыз бұзады. Тон жағасыз, ел ағасыз болмас" деп, жолын Абылай ханға берген екен. Халық арасында "Ескелді би айтты" деген ұлағатты сөздер кең таралған. Қазір Алматы облысындағы бір аудан Ескелді би ауданы деп аталады.
Ж. Исакаев