Жауғаш, Жауғашты Қырбасұлы - қазақ батыры, Абылай ханның әскери қолбасшысы, елші. 1733 жылы Іле Алатауы етегінде дүниеге келіп, Меркі жерінде қайтыс болған. Жауғаш батыр Ұлы жүздің дулат тайпасы ботпай руынан шыққан. Әкесі Қырбас ХVIII ғасырдың 1-жартысында жоңғарлармен болған шайқастарға қатысқан, Аңырақай шайқасында ботпай қолын басқарған Сәмен батыр әскерінде мыңбасы болған. Жауғаш 19 жасында атқа қонып, қасындағы Қарпық, Майлыбай сияқты серіктерімен Алатаудан Арқаға барып, Абылай ханның орда сарбаздарының қатарына қосылған. Жауғаш Абылай ханның тапсырмаларын тиянақты орындап, сенімді серіктерінің біріне айналған. 1754-1756 жылдары Абылай ханның арнайы әскери қолын басқарған.
1756 жылы қытайлармен болған шайқаста Абылай хан жараланғанда, ұрыс даласынан ханды аман алып шығып, құтқарып қалған. Бұхар жырау жырларында Абылай хан "Іздесем де табылмас, Жауғашжан, сендей құбаша ұл" деп мадақтаған Жауғаш батыр осы. Ол Қытаймен арадағы қатынастарды реттеуге қатысқан елші де болған. 1771-1774 жылдары қырғыздармен болған қақтығыстардың мәмілегерлікпен аяқталуына ат салысқан. Абылай хан өмірінің соңына дейін жанында болып, айнымайтын тірегі саналған Жауғаш батырға жоңғарларға қарсы соғыстарда көтерген қасиетті жеңіс туын аманат етіп тапсырған. Сол ту батырдың ұрпақтарының қолында күні бүгінге дейін сақтаулы. Денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің ішінде, Абылай ханның қасына жерленген.