Ер адам – қоғамның қозғаушы күші. Оларда: қайрат, жігер, сенімділік, күш және де еңбекқорлық сынды толып жатқан қасиеттер болады. Ал бұл қасиеттерді бойға ұялататын – намыс. Қазақта «қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» деп бекер айтпайды. Бір сөздің астына көптеген қасиеттерді біріктіріп отырған ерлер жайында екі жақты салыстырмалы сараптама жасап көрдік.
Еуропа және қазақ мәдениетіндегі ерлердің орны қандай, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеу кезінде түрлі қызық жағдайларға кездестік.
Ерлердің атауы бір дегенмен, олардың әлеуметтік, тұрмыстық ортасына қарай табиғаттарының қалыптасуы мен бейімділіктері мүлде өзгеше. Қалалық жерлерде туып-өскен ерлерді «ақ саусақ» деп жатады. Бұл түсінік қара жұмысқа жегілмей, тек қана отырып немесе жазып-сызып жұмыс істейтіндерге айтылған сөз. Ал күрек ұстап, жер аударып көрген жігіттердің жөні бөлек.
Еуропада ерлердің дені қара жұмысты, қолға қарағанда техниканың көмегімен істейді. Мәселен жер аудару, егін егу сынды далалық жұмыстарда барынша денені қозғамауға, шаршамауға тырысады. Біздегі ерлер қара жұмысты негізінен ауылдық жерлерде көп істейді. Олар үшін техникадан гөрі қолдың күші маңыздырақ. Бұл әрине техниканы мүлде қолданбайды деген сөз емес, бірақ басты күшті білектің ырқына береді.
Еуропадағы ерледің жұмыс барысы мен өмір сүру дағдысына қарай олардың бірнеше жікке бөліп қарастырдық:
1. «Ауыртпалықты сезіну» сатысындағы ерлердің жалпы үлесі орташа есеппен 26%. Әлеуметтік және отбасылық өмірге бейімділігі жағынан бұл ерледің көп пайызы Румыниялықтар болып шықты. Олардың үлесі 72%.
2. «Келешекке жаңа көзқараспен қарау» сатысындағы ерледің жалпы үлесі 34% құраса, ең көп үлесті Швеция (57%) мен Францияның (42%) ерлері бөліп алды.
3. «Өз басын күйттейтін» ерлердің орташа үлесі 26% құрады. Өзгеге қарағанда өз басын ойлайтын, жеке тұрып өмір сүруге дағдыланған, отбасынан гөрі бойдақтықты месе тұтатын бұл жігіттердің көп мөлшері Германия мен Голландия жерінде көп болып шықты. Олардың үлесі 13-48%.
4. «Қамсыз» сатыдағы ерлер – ертең емес бүгінгісі үшін ғана өмір сүретін бұл ерлердің орташа үлесі 14%. Бұл көрсеткіш негізінде барлық елде тұрақты бір пайызға тән болып шықты.
Тек күш пен жігер, өмір сүру салтына қарай емес, кей елдерде ерлердің киім кию дәстүрі де өзгеше. Қазақ қоғамында ерлердің негізгі орны – түзде. Олар төрт түлік пен даладағы жұмыстардың иесі, іскері. Ал әйелдер қауымы үй тірліктеріне көп көңіл бөлген. Бұл Еуропа мәдениетінде мүлде басқаша. Ерлері де ас дайындап, үйдің жұмысына араласады. Тіпті әйел затымен бірдей жұмыс істейтіндері де бар. Біздің қоғамда ерлер негізінен кең балақты шалбар мен жиде киген. Сәнге қарағанда, сөз бен іске мән берген мәдениеттің батыстағы үлгісі тағы басқа. Оларда ерлер барынша сәнденуге әрі жақсы киініп жүруге, өздеріне күтіммен қарауға бейімделген. Тіпті Шотландия елінде ерлер қысқа көйлек киеді. Бұл – олардың ұлттық киім үлгісі.
Қоғамдағы орны мен тіршілік үшін күрестегі ерлердің үлесі көп болуы дұрыс. Өйткені олар тек түздік қана емес, отбасының да ұйытқысы бола білу керек. Шаңырақтың көтерушісі ер болса, керегесі – әйел заты.
Еуропа мәдениетіндегі іскерлік деңгейдің үлесі басым екенін аңғара отырып, біздің де қоғамда ерлердің екі жақты өмір салтын ұстанып жүруі керек пе деген ой туады. Жаманын қалдырып, жақсысын алу –өмірлік тәжірибе.