Исатай жасынан аң аулап, құс атты, асау сәйгүліктерді үйретіп, қорқу дегеннің не екенін білмейтін батыл да қайсар, өжет болып өсті. Әділетсіздікке, зорлық, қорлыққа жаны төзбеді.
Еділ мен Жайық арасындағы бұрынғы ішкі Орданың ханы Бөкейұлы Жәңгір патша өкіметіне сүйеніп, өз қарамағындағы кедей шаруаларды қанады. Оларға әр түрлі алым-салық салды, малдарын тартып алып, аш-жалаңаш халге жеткізді. Ханның жауыздығы мен халыққа жасаған зорлық-зомбылығын айтып, патша өкіметіне шағым еткенімен, олар әділдікті таба алмады, патша Жәңгір ханды жақтады.
Әділетсіздік пен қанауға төзе алмаған Ішкі Орданың шаруа қазақтары 1836 жылы көктем шыға Жәңгір ханға, патша өкіметіне қарсы көтеріліске шықты. Бұл шаруалар көтерілісін Исатай батыр басқарды. Ол елдегі ең беделді батырлардың бірі, әрі алдына келгендердің талап-тілегін әділ шешетін турашылдығымен аты шыққан еді.
Исатайдың туының астына жиналған көтерілісші сарбаздар ханға арқа сүйеген байлар мен билердің кедей шаруалардан тартып алған малдарын иелеріне қайтарып берді.
Исатай Тайманұлы мен оның серігі, батыр әрі жалынды ақын Махамбет Өтемісұлының соңына ерген халық әділдік, теңдік барына көздері жетті. Көтеріліс өрістей келе сол жылы тамыз айында Исатай мен Махамбеттің сарбаздары хан ордасын қоршауға алады. Көтерілісшілер Ордада патша өкіметінің ханды қорғауға бөлінген екі жүздей атты әскері мен ханның жасауылдарын, орданы, ханды, оның қасындағы жауыз билерін жойып жіберулеріне мүмкіндіктері болды. Бірақ Исатай батыр ондай батыл қимылға бармады, өйткені Жәңгір хан әлі де болса халықтың талап-тілегін орындайды, зорлық-зомбылық жасауын қояды деген сенімде еді. Жәңгірдің орнына басқа жақсы хан қойса, елдің жағдайы өзгереді деп ойлады.
Көтерілісшілердің талабын орындауға Жәңгір хан он күн мұрсат беруін сұрайды. Хан уақытты ұтып, осы берілген мерзім ішінде Орынбор, Орал, Астрахань қалаларына ат шаптырып, олардан көп әскер алдырып үлгерді. Оларда мылтық, зеңбірек сияқты қарулар болды, ал Исатайдың сарбаздарының қаруы садақ, найза, қылыш, шоқпар ғана. Күш тең емес еді. Сондықтан сарбаздар патша әскеріне төтеп бере алмады, жеңіліп қалды. Ең үлкен, шешуші ұрыс 1837 жылы қазанда Тастөбе деген жерде болды.
Зеңбірекпен атқылаған патша әскері көтерілісші сарбаздарды аяусыз қырып салды. Исатай мен Махамбет аз ғана жолдастарымен аман қалды.
Патша әскерімен қаша ұрыс салған Исатайдың шағын жасағы осы жылдың желтоқсан айында мұз үстімен Жайықтың бергі бетіне өтіп кетті. Ондағы ойлары – осы жақта қытап шығып, халықты ханға қарсы көтеру еді.
Исатай Тайманұлы мен оның сарбаздары ойларын жүзеге асыра алмады. 1838 жылы тамыз айында патша әскері Ойыл өзенінің маңындағы Ақбұлақ деген жерде Исатай сарбаздарын жеңіліске ұшыратты. Осы ұрыста Исатай батыр ерлікпен қаза тапты. Исатай есімі ел есінде мәңгі сақталады. Өйткені, ол қарапайым халыққа теңдік әперу үшін күрескен еді.