Шотан батыр (1705 - ө.ж.б.) - Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан батыр. Шотанның әкесі Назар - би әрі батыр болған тұлға. Жоңғарға қарсы қол бастаған. Назар Әйтеке бидің жиені және жақын досы болған. Ол Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ақылдастар алқасына басшылық жасап отырған.
Әкесінің әділдігі мен көрегендігі бала Шотанға дариды. Оның жастық шағы жоңғардың бейбіт жатқан қазақ еліне шабуыл жасауымен тұспа-тұс келеді. Шотанның ерлігі ерте танылады. Ол алғашқы ерлігін 1723 жылы Әбілқайыр бастаған Кіші жүз қолының Қаратаудың Сығанақ асуында жоңғармен болған үлкен шайқаста көрсеткен. Осы соғыста қалмақты қоғадай жапырып жүрген шұбар аттыға көзі түскен Әбілқайыр хан таңданыспен: "Бұл кім?" деп сұрапты қасындағы жігіттерінен. "Ол Назардың ұлы Шотан ғой. Үлкен ұрысқа бірінше рет кіруі" дейді Мырзатай. Жас батырға көңілі толып, разы болған хан: "Бірінші ұрысы мынадай болса, қалмақтарған Алланың жіберген жаналғышы осы десейші" депті.
1728 жылғы Бұланты 1730 жылғы Аңырақай шайқастарында да ол үлкен ерлік көрсетіп, жаумен жан аямай шайқасады. Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін Шотан Кіші қолын бастап келіп, Абылай бастаған қолға қосылып, жоңғарлармен шайқасқан. Батырдың жүрек жұтқан ерлігіне Абылай хан да қатты риза болып, алғысын білдерген. Шотан есімі жоңғарлармен қарсы соғыста ғана емес, Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілсте де аталады.
Шотан батыр туралы деректерді халық жазушысы Әбіш Кекілбаев "Ұйқыдағы арудың оянуы" кітабында келтіреді. Сондай-ақ, Әбілқайыр, Абылай хандар заманының деректі құжаттарында, тарихи әңгімелерде, жырлар мен әдебиеттерде де бой көрсетеді.
Шотанның дүниеге келуі мен жасаған ерліктері туралы ел аузында аңыз-әңгімелер көп. Көп аңыздың бірі мынадай: "Маңғыстау түбегіне көшіп келген күз айында Назар үйіне кешке қарай нар мінген, сеңсең бөрікті, қаба сақал, қара түрікпен "Құдайы қонақпын" деп сәлем беріп, кіріп келеді. Жайғасып, шай ішіп отырған қонақ сыртта жүрген Шотанның қатты шыққан дауысынан селк етіп, қозғалады. Үйде қонақ барын біліп: "Ассалаумағалейкум!" деп есік ашып, үйге енгенде қонақ тағы қозғалады. Бәрін жіті бақылап отырған Назар қонағынан: "Ұлымның сыртта даусы естілгенде бір қозғалдыңыз, үйге келгенде тағы да селт еттіңіз. Айтыңызшы осы баламда нендей қасиет бар", - деп сұрайды. Сонда қарт былай деп жауап беріпті: "Даусында қаһар бар - адам жанын шошытар, жүзінде суық ызғар бар - қарсыласын жасытар".
Назар қонағын сыртқа шығарып салғанда қарт та, түйесі де көзден ғайып болған екен. Содан ел ішінде "Қыдыр көрген Назар" деген сөз тарап кетіпті. Бұл - аңыз. Бірақ аңызда да негіз болады. Шотан - ерлігі аңызға айналған батыр. Ел үшін еңіреп, аянбай найза ұстаған Шотан, Есболай, Әжібай, Есек, Атағозы, Бердібек сынды хас батырлардың арқасында қасиетті Маңғыстау қазақтікі болды. Адайдардың осы өңірге алғаш қоныстануын ақын Түмен Балтабасұлы "Маңғыстау" дастанында былай жырлайды.
Маңғыстау - үш қиянның өткен жері,
Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері.
Елеспен есі кеткен иесіз жерді,
Атамыз Адай мекен еткен жері.
Суы сүт, шөбі шүйгін, бал татиды,
Төлдейтін төрт түліктің өскен жері.
Бөлініп басқа елден қоныс қарап,
Ер болып, ірге қоныс тепкен жері.
Ер Шотан шұбар атты ұстап мініп,
Аға деп Әжібайға бата айтқызып,
Той жасап, Адай туын тіккен жері.
Ер Шотанға арнап Бектұр Төлеуғали "Бас сардар" атты кітап шығарды.
"Ел қорғаны - ер Шотан" және "Қазақ батырлары" кітабынан мәліметтер алынды