- Негізгі бет
- Ақберен
- Әйгілі Олжабай батыр...
Әйгілі Олжабай батыр мен оның жиені Жасыбай батыр
Олжабай - қазақтың даңқты батыры. 1709 жылы дүниеге келіп, 1783 жылы қайтыс болған. Олжабай батыр Орта жүздің арғын тайпасынан шыққан. Оның арғы атасы Айдабол жасында би болған адам. Әкесі Толыбай "Ақтабан шұбырындыда" босқан елді жаудан қорғап жүргенде оққа ұшып, шейіт болған. Ол кезде он үш жастағы Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолында тәрбиеленеді. Олжабай жас кезінен батырлығымен көзге түседі. Ер жеткен соң елді, жерді қорғау үшін жоңғарлармен болған талай шайқасқа қатысады.
Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері - Баянауыл баурайында өткен шайқас. Олжабай батыр жиені Жасыбай батырмен жаудың жолын тосқауылдап жатады. Жасыбай батыр сарбаздарымен Шойынкөлге өтетін асудың іргесіне, ал Олжабай батыр Торайғыр көліне өтетін асудың аузына бекінеді. Жау әскері қапысын тауып, Жасыбай батырдың қолына тосыннан келіп тиіседі. Осы шайқаста Жасыбай батыр қаза табады. Олжабай батыр көмекке ұмтылады. Жауға қырғидай тиіп, баудай түсіреді. Олжабайдың сұсын көрген досы Төртуыл Баймұрат батыр "саған қарсы келер ешкім қалған жоқ, демал, маған да сауға бер" дейді. Сонда ол, "Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой" депті.
Олжабай батырдың есімі Орта жүзге ұран болған. Олжабай батырдың ерлігі, батырлығы, мергендігі, мәрттігі туралы жыр-дастандар бар.
Жасыбай Өмірұлы - қазақ батыры. XVIII ғасырда өмір сүрген. Орта жүздің арғын тайпасынан шыққан. Әкесі от ауызды, орақ тілді атақты Өмір шешен. Анасы - жаңа жоғарыда айтылған қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Жасыбай батыр құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін, басқа да қазақ жерін жоңғарлардан азат ету күресіне белсене араласқан. Келесі бір шайқас алдында Олжабай батыр Жасыбай батырға сарбаздарымен келе жатқан жоңғар жасағының жолын бөгеп, жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр екі есе көп жау қолымен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ оқыс тиген жау садағының оғынан қаза табады. Қазақ қолы шегіне бастайды. Сол кезде тау шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Олжабай батыр Жасыбай батырдың жау қолынан мерт болғанын естіп, қалмақтарды қырып салады. Бұл күнде ол жер "Қалмаққырылған" деп аталады. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында Жасыбай көлі, Жасыбай асуы деген жерлер бар. Жасыбай батырдың бейіті сол асудың үстінде. Халық арасында батырдың ерлігін баяндайтын "Ер Жасыбай" жыры сақталған.
Ж. Исакаев