Төрехан – батырлық дастан. Шығарманың екі-үш нұсқасы бар. Халық ақыны Нұрпейіс Байғанин жырлаған нұсқа 1940 жылы жазылып алынған. Көлемі 1050 жол. Ал екінші нұсқаны атыраулық Бисен Сариманов ел аузынан жинап, қағазға түсіріп, 1941 жылы Тіл және әдебиет институты қорына тапсырған. Көлемі шағын бұл нұсқа 500 жолдан тұрады.
Дастанда Төрехан батырдың әділдік іздеу жолындағы ерлік істері, сыртқы жаумен күресі баяндалған. Жыр нұсқаларының тілі көркем, сюжеті тартымды. Екі нұсқаның жалпы сарыны ұқсас болғанымен, ішкі сюжеттік құрылымы, оқиға барысы жағынан айырмашылықтар кездеседі. Көлемі шағын нұсқада сыртқы жаумен соғысудан гөрі аға мен қарындас арасындағы алауыздық тақырыбы бой көтерген, әділ ханды көксеген халық арманы ертегілік қиялмен астасқан.
Нұрпейіс нұсқасында Төреханның соғысатын жауы түрікпен деп нақты көрсетілсе, келесі нұсқада жау жағы Төреханның батылдығынан сескеніп соғыспайды. Алғашқы нұсқада Төреханды халық хан сайласа, екінші нұсқада батыр жауды жеңгеннен кейін хандық таққа отырады. Дастан Байғанин жинақтарында (1945, 1956), «Батырлар жырында» (1961, 2-том) жарық көрген, Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. Ал біз Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батыры» топтамасына жататын жырды таңдап алдық.
Төрехан алты жасында асық ойнап жүреді, балалардың асығын ұтып алады. Жасы өзінен сәл үлкен балалар әлімжетік жасап қолындағы асығын тартып алады.
Ағайын-туған жоқ,
Атадан жалғызбын, – деп сонда шешесіне келіп, жылап шағымданады.
Ақтабан атқа барады,
Атқа ерді салады.
Ата менен анамыз,
Жалғыз туған баламыз.
Қодарқұлдай қалмақтың,
Еліне кетіп барамыз.
Алла оңғарса жолымды,
Сол бір жауды аламыз.
Сөйтіп, Төрехан ауыл балаларынан таяқ жеп жүргенше жаумен шайқасқанды дұрыс деп санайды. Бұрыннан еліне тиісу үшін тісін қайрап жүрген жатжерлік жауды өзі барып талқандауды ұйғарады.
Қодарқұлдай қалмағың,
Жетітөре ел еді.
Ақтабандай тұлпарға,
Тек екі айлық жер еді.
Батыр туған Төрехан,
Іркілмей-ақ жөнеді.
Мекенді деген ел еді.
Он сегіз күн жол жүріп жетітөренің еліне келсе Етірек-күргендегі қызылбасқа Қодарқұл аттанып кетіпті. Ессіз жатқан елді Төрехан жеті күндей талқандап, шауып алады. Бір айдай сол жерде Қодарқұлды күтіп жатады. Қызылбастан жесір алып Қодарқұл қалмақ келе жатқан кезінде «Еліңді ноғай шапты» деген хабарды естиді.
– Көрейін дедім шамаңды, Танытайын дедім бабаңды, – деп Төрехан дұшпанынан тайсалмай тіл қатады. Бір-бірінің сөздеріне әп-сәтте шамданып қалған батырлар жекпе-жек соғысты бастап кеп жібереді.
Қалмақ, ноғай алысты,
Жағаласып қалысты.
Бес күн салды жағалас,
Екеуі де артық ер екен,
Қайраты болды шамалас.
Күн бесінге толғанда,
Сондай заман болғанда.
Қодарқұлдай қалмақты,
Көтеріп алып Төрехан,
Түбі терең, суы жоқ,
Бір құдыққа салады.
Жағаласқан жерлері,
Ала құйын шаң болды,
Көрмегенге таң болды.
Төрехан тағы да қалмақ келсе соғысармын деп, қасына ит ертіп, аң аулап күнін көріп жетітөренің елінде жата береді.
Жаудан мұқалмаған Төрехан қорлықты қарындасы Ханбибіден көреді. Ағасын іздеп келген қыз қырылып жатқан адамдарды көреді. Одан әрі Қодарқұлмен Төреханның жағаласқан жеріне жетіп қазандай қара тасты байқайды. Құдықта жатқан Қодарқұл жалынып бостандыққа шығаруын сұрайды. Қалмақтың батырына ғашық болып қалған Ханбибі ағасы Төреханға қарсы көптеген тосын, зұлым әрекеттерді ұйымдастырады.
Дастанның кейбір тұстары ертегілік сипат беретіні жасырын емес.
– Аға, сенің үзбейтін затың бар ма? – деп сұрайды Ханбибі.
– Адам болсын, жан-жануар болсын өз түгін өзі үзе алмайды деуші еді. Сірә, айдарымды үзе алмаспын, – деп жауап қайтарады ағасы.
– Оны немен кеседі?
–Табанымда алтын кездігім бар, сол кеседі.
Төрехан ұйықтаған кезде айдарын кесіп алып, оны жіп қылып еседі де, сонымен аяқ-қолын байлап тастайды. Осындай мәліметке толы жыр шумақтарын оқыған кезде батырға ғана тән аңғалдықты, бауырға деген риясыз көңілді, сенгіштікті байқадық. Алаңсыз ұйықтауы да оның аңқаулығын білдіретіні анық. Осыдан соң жасырынып жатқан Қодарқұл келіп қол-аяғы байлаулы жатқан ноғайға оңды-солды қылыш сілтейді. Алайда найзаның бірі де Төреханға дарымайды. Демек, жыршы халыққа жағымды адамға пәле-жала, қауіп-қатер жуытпайды.
Басын тепкілеген Қодарқұлдың әрекетіне жаны күйген Төрехан қарындасына жалынады.
Айналайын егізім,
Алтын еді лебізің.
Ноғай деген ауылым,
Аралап өзім көрейін.
Өзіңмен қатар бір жанға,
Қарағым, сені берейін.
Босатсаңшы қолымды,
Туғандығың қай жерде?!
Ақырында Төреханды қарындасы мен Қодарқұл бірігіп алып дәу терекке байлап, айдалаға тастап кетеді. Сол күні түнде Шынтасхан жаман түс көріп, ұйқысынан шошып оянады. Таң ата желмаяны алдырып ұлын іздеп жолға шығады. Қаншама күндер бойы қу ағашқа байланған жапандағы жас баланың қол-аяғын босатып, балға миуа қосып тамақтандырады. Күш қуаты қалпына келген Төрехан орнынан көтеріледі.
Айнала тұра қалады,
Терекке қолды салады.
Теректі түбімен суырып алады,
Теректі иығына салып алады,
Еліне Қодарқұлдың қайта барады.
Осыдан кейін намысшыл Төреханның қайсарлығына, буырқанған ашу-ызасына қалайша тәнті болмасқа?! Себебі ақылдылық, әділдік, ержүректілік секілді қасиеттер бойынан табылады.
Төрехан бірде Шыман ханның қызы Шыңбике сұлумен жол үстінде кездеседі. Осы қыз Төреханның да Ханбибінің де бүкіл әрекеттерінен хабардар екен. Қарындасының бір кәуірді жақын тұтып, ағасын өлтіргелі жүргенін айтады. Сөйтіп, Шыңбике сұлудың ақылымен талай рет басына төнген қауіп-қатерден Төрехан құтылады. Қарындасын жар етпей, отын-суға, күңдікке салып қойған Қодарқұлдың ауылына Төрехан барып қалмақты қорлықпен өлтіреді. Жинап парымен бес жорға, күймелі арбаны олжа етіп алды. Әкесі Шынтасқа алтыннан тоң кидірді. Отыратын жеріне мақпал төсеп, екі кісіге қызметін істетті. Ал жауды жеңген ер жүрек Төреханның еліне Шыман ханның қызы Шыңбике өзі іздеп келеді. Сөйтіп, олардың үйлену салтанатына тоқсан баулы ноғай жиналып, тоғыз күн той, он екі күн ойын жасайды. Халқының қорғаны бола білген Төрехан бай болып, барша мұратына жетеді.
Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz