Әлем тарихын кейде жеке адамдар жасайды немесе өзге арнаға бұрады. «Тәңір қамшысы» атанған Аттила – Еділ қаған да әне сол алып Еуропа тарихын мүлде басқа арнаға жолға түсірген қаһарман. Күллі көшпендінің мақтан тұтар көсемі. Еділ қаған тақырыбы – мәңгілік тақырыптың бірі.
- Негізгі бет
- Ақберен
- Альпыда ат шалдырған...
Альпыда ат шалдырған ер Аттила
Қытайдағы қандасымыз Сәден Ескендірұлы бұл тақырыпта кеңінен зерттеу жасаған. Еділ қаған жайлы жазылған барлық деректер мен көркем шығармалар, тарихи жазбалар негізіне сүйене отырып, нақты дәлелдерге жүгінеді. Төменде сол автордың зерттеуін ықшамдап жариялауды жөн көрдік.
Ғұндардың Европаға кең көлемдегі жорығы
...Баламир аландарды бағындырғаннан кейін бөгет бермес жойқын күшке айналып, еуразия дипломатиясында басты орынға шықты, ол алғашында батыс Римды қорғау ұстанымында тұрды да, төртінші жорық нысанасын Донның батысындағы готтарға бағыттаған. Деректерге қарағанда оның ұлы әскері үйсін, абдал (албан), чұбан (суан), дулат, қаңлы, алан (алшын) қатарлы ежелгі қазақ даласының көшпенділерінен құралған.
Көшпенділер одағының еуропаға жүргізген жорығы қарапайым ірге кеңейту ғана емес еді.
Бұл жойқын жорық бас-басына ыдырап кеткен еуропалықтарды сілкінтіп ұйқысынан оятты, осыдан соң Еуропа құлдық бұғауын үзіп, қазіргі құдіретті елдері өз ыңғайына қарай отау тігіп, түтіндерін түтете бастады. Баламирдың басшылындағы ғұндар мен қазақ даласының көшпеділері өздеріне мүлдем бейтаныс бұл табиғатқа өз үстемдігін мықтап орнатып, Еуроазия мәдениетінің көпірін салды.
Ежелгі римдіктер мен гректер маңындағы халықты «тағылар», «варварлар " деп атайтын. Римнің маңындағы аталмыш тағылар негізінен германдар (қазіргі норвегтер, ағылшындар, голландтықтар, шведтер және т.б ата-бабалары), келттер (Celt қазіргі ирландиялықтардың ата тегі) және славяндар секілді үш негізгі тобынан тұратын. Германдықтардың шығыс бөлігі готтар, вандалдар және күнбадиларді негіз ететін де, осындағы готтар күші, ең мығым халық еді. Готтар Дон өзені мен Днепр өзенінің аралығын мекендейтін остготтар (шығыс готтар) және қара теңіздің батысы мен Дунай өзенінің төменгі, ағарына қоныс тепкен вестготтар (батыс готтар) болып екіге бөлінетін.
374-ші жылы Баламир алдымен Дон өзенін кесіп өтіп остготторға шабуылын бастады. Орта жазық билігімен үш ғасыр бойы тіпті, одан да әріден талай реткі қиянкескі, қанталапай мінезге сыралғы, ысылған, одан соң да еуразияның маң даласын шығысынан батысына бөгеусіз шиырлап, еуропаның қақпасын қақ айырып кіргелі тұрған ғұндардың остготтар теңі емес еді. Остготтардың билеушісі Германарик (Hermanric) қарсыласқан соғыста жеңіліп, өзі-өзіне қол жұмсады да, 375-ші жылы оның орнына шыққан Ветхимир да беймәлім біреулер жағынан оққа ұшып остготтар тізе бүгуге мәжбүр болды.
Сонымен, Ветхимирдің жақтаушылары вестготтар жеріне ықтай қашты. Ғұндар батысқа қарай кеңейіп вестготтардың Днепр өзені жағасындағы берік тосқауылдарын да талқандаған соң, бұл маңдағы халық, билеушісі Ветханариктің бастауымен Римге жапырыла сұғынып кіруге мәжбүр болды. Міне, осылай «376-жылы көктемде олар Рим импраторының мақұлдауында, (Римның) одақтасы Салауаддинмен Дунай өзенінен өтіп, Балқан түбегінің терістігіндегі Слейске қоныс тепкен халықтардың ұлы қоныс аударуы басталды.
Днестр өзені мен Спания аралығындағы халықты негіз етіп, 200 жылдай жалғасқан бұл ұлы дүбірлі көш, тұтас еуропаның қоғамдық саяси-экономикасы, ұлттық этникасы, өндірістік қатынасы қатарлы жалпы әлеуметтік беталыстарындағы сипаттық ұлы бұрылыстың дүмпуі еді. Өрттің басы Баламирдың ұлы жорғы тек готтарға ғана бағытталған емес еді, ең алғаш сарматтар, готтар, макромондар, геттер қатарлы герман тектестер мен қатар иран нәсілділер де Альпы тауынан асып Италяға қарай жосып Рим империясына қауіп төндіре бастаған, ал, Баламир болса Еділ мен Дунай өзені аралығындағы кең алқаптың қожасына айналып үлгірген болатын. Деректерге қарағанда, Баламирдің Рим империясына жорығы заманымыздың 381-ші жылы басталғанмен, жойқын жорық 395-ші жылы император Теодорик (Theodoricus) өліп Рим екіге айрылғаннан кейін, шығыс және батыс екі бағыт бойынша атқарылған.
Баламир шығыс бағытқа Барсық және Қорсық атты екі қолбасшысын қойып, алдымен орта шығысқа аттандырған. Барсық пен Қорсықтың атты жасақтары қара теңіздің терістігінен аттанып, Кіші Азияға кіріп Құдысқа дейін шаңды жорықтар жасаған. Олар қазіргі Палестиннен орта Анатолия, шығыс Анатолия және Азербайжан арқылы кавказдан қайта асып қаратеңіздің терістігіне оралған. Бұл бағыттағы жорық заманымыздың 398-ші жылы Анатолияға 3-ші жорығымен уақытша тоқтатылған.
Баламирдың батыс бағыттағы жорығы 400-ші жылы басталып, тұтас Дунай өзені жағалауын жайпап Италияға кірді. Ол, осы жылы дүниеден өтіп орнына баласы (кейбір деректерде немересі) Жұлдыз билікке шыққаннан кейін жорықтың екпіні бәсеңдегенімен, үрейленген шығыс Европадағы этностар сеңдей жосылып батысқа ауа түскен. Шамасы заманымыздың 405-жылы Орал тауы мен Карпат (Carpathian) тауы аралығындағы кең алқап ғұндарға тәуелді болды.
Осыдан соң ғұндар Карпат тауы арқылы Венгрия жазығын басып алып, Будапешті орталық еткен ғұндар империясын құрып, Римге көрші елге айналды да, Римге үлкен қауп төне бастады. Заманымыздың 409-шы жылы тағыда Дунай өзенінің түстігіндегі Анатолияның өлкелерін ойрандаған. Жұлдыз дүниеден өтіп орнына 410-ші жылы шыққан Қаратұн жайлы дерек жоқтың қасы. Әйтсе-де, оның Рукия (Рұя), Мончақ, Айбарыс, Октар атты ұлдары болғаны мәлім. Қаратұн заманымыздың 415-шы жылы дүниеден өткен.
Тұтас Еуропаның қордаланған қайшылықтарының шыңына жеткенде Баламирдың жорығы оған май тамызық болып ұлттардың зор қоныс аударуының шымылдығы ашылды. Әсіресе, Қаратұннан кейінгі таққа мұрагерлер Мончақ, Рукия, Октар қатарлылар тұсында бұл өрт тіпті-де үдей түскен болатын. Римнен тысқары германдықтарды негіз еткен «тағылық›› күйде сипатталатын халықтардың тіршілік тәсілінің өзгеруі мен Римның құлдық қоғамының дәуір мүддесінен алшақ қалуы сынды бөгетсіз атқарылатын әлеуметтік сипаттағы бұрылыс, Европа ұлы құрлығында қыруар жаңа мемлекеттер мен жаңа этникалық топтардың шаңырақ көтеруіне мүмкіндік берді. Мейлі, қандай бір қоғамдық себептің салдарынан болсын, қаулаған бұл жаңа алшын-ғұндар қойған өртеңнің орнынан өрбігені өзгермес, ақиқат болатын.
418-ші жылы вестготтар Галлиясының (Gaule) түстігіне қазіргі Францияның Тулуза (Toulouse) қаласын орталық етіп германдықтардың тұңғышқы патшалығы весгот патшалығын құрды да, тегінде Одер өзені бойынан ауып 409-шы жылы Испанияға келіп қоныстанған вандалдар (Vandals) мен аландар весготардан ығысып заманымыздың 429-шы жылы Гейзериктің (Gaiseric) жетекшілігінде солтүстік Африкаға кіріп, 439-шы жылы Туниста вандалдар патшалығын құрған[15]. Олар шамасы 80 мыңдай адам болып, жергілікті тұрғындардың бір пайызын ұстағанмен,[16] Мавританяға дейінгі алқапқа үстемдік жасаған. Қазақтың этникалық құрамына еніп «алшын» аталған аландардың осы бөлінген тобы, міне осылай Африканың сахара шөлінің еншісіне-де қосылған.
V ғасырдың орта шенінде Одер өзені мен Висла өзені аралығындағы шығыс герман нәсіліндегі бургундиялықтар (Burgundian) Рон (Rhone) өзені мен Сена (Saone) өзені, аңғарларын жаулап алды да, Францияның шығыс түстігі мен қазіргі Швецияны негіз еткен бургундия патшалығын құрды. 407-жылы батыс Рим британя аралын англдар мен саксондарға беруге мәжбүр болды, соның негізінде 9-шы ғасырда қазіргі Ұлыбританяның негізі салынды. 476-жылы германдықтардың жоғары дәрежелі қолбасшысы Одакр(Odoacer)Батыс Рим империясының ең соңғы 6 жастағы императоры Ромулды (Romulus) тұтқындап Батыс Рим империясы күйреді-де, Римнің құлдық үстемдігі аяқталды. 493-жылы остготтар Византияның қолдауымен Паннониядан (Pannonian) (қазіргі венгрия өңірі) Италяға кіріп, Ромулдан біржолата билік тартып алып остготтар королдігін құрды. 486-шы жылы франктер теріскей Галлиясының терістігінде франк королдігін құрған, бұл королдігі кейін франк, Италия, Германия қатарлы королдігі бөлінген. Рим империясына ең соңында сұғынып кірген германдықтар тегінде Шведцарияның түстігін мекендейтін лангобардылар (Langobardi) еді.
Олар 568-шы жылы Альбаның (Alboin) бастауында Византияны талқандап терістік Италяны жаулап алып халықтардың ұлы қоныс аударуы аяқтады.
Ғұндардың, әсіресе, Баламирдың жорығы Еуропада осыншама ұлы өзгерістер мен сапырылысқан қиян-кескі күрестердің беташарі болды. Октар билік жүргізген кезге жеткенде Будапешті астана етіп, Венгрия жазығын негізгі территория еткен ғұн империясы ресми орнаған болатын. Жұлдыз, Қаратундер билік құрған кездерде бір сәтке болсада саябырлаған жорық Октар тұсында қайта үдей түскені белгілі, әсіресе, Рога билік алғаннан кейін ол қантұяқ тұлпарларын қайта жаратып Балқан түбегіне шабуыл жасаған. Ол, 422-ші жылы және 426-шы жылы екі рет қазіргі Булгаря өңіріндегі Тракия (Тракия) өлкесі мен Македонияны жаулап алып, бұл өңірлерді Византияға шарт бойынша қайтарып бергенінің есесіне жылына 350 лира алтын төлем беріп тұруға міндетті қылған.
Рога жалғастыруымен ірге кеңейту арқылы шамамен 432-ші жылы қазіргі Венгрия, Австралия, Чехия, Словакия, Сербия және Украина қатарлы елдерді құшағына сыйғызып жатқан Паннония (Pannonian) жазығын негіз еткен көшпенділер одағы мемлекетін қалыптастырып, өктемдігін бүгінгі Германия, Дунай өзенінің терістігінен былайғы шығыс еуропа, Қаратеңіз бен Кавказ өңірлеріне дейінгі кең далаға дейін кеңейткен.
Заманымыздың 434-ші жылы Рога дүниеден өтіп, орнына Жұлдызханның балалары Белада (Бұд) мен Аттила (Еділ) тақ мұрагерлері болды. Руканің (Рога) өлімі тұтас еуропаға қуанышты хабар болып тараған. Жазушы Алзимнің «Аттила» атты еңбегінде айтуынша, Византияның епископы Проколус шіркеуде «тәңір, ақеділ ТеодорусⅡнің дұғасын қабыл алып, Византия басына төнген пәледен айықты» деп уағыз айтқан.
Олар сол кезде ешқашанда Аттиланың Рогадан да қауіпті жау екенін біле бермейтін.
Аттила (406–453) жайлы әр сала қаламгерлері мен көркемөнершілері әр қырынан өте мол еңбектер жасаған. «Аттила» сөзінің төркіні жайлы да болжамдар айтады. Солардың ішінде «Аттила» сөзін Еділ өзенімен, ағасы Беладан (Бұдты) Будапешпен байланыстыратындары үстемдеу тұрады. Бұған, ғұндар есімдерінің түркі тілі мен табиғатқа байланысып жататыны себеп болып отырған болуы да мүмкін.
Мысалы: Баламир (бала патша), Жұлдыз, Мончақ, Қаратон, Деңізек және т.б. онің үстіне Аттила шынында да ғұндар Еділ өзені бойында үстемдік етіп отырған тұста дүниеге келгені анық. Ал, оның әрекетерін еуропа, грек қаламгерлері «мәдениет күйреткіш» ретінде сипаттап жазғандарымен, оның зорлығынан нендей бір, ақиқат тіленіп тұрғаны, оған еріксіз тәнтілік байқатып жататындары да мен мұндалап тұрады. Римның қарғыс атқан құлдық құрылымын тілгілейтін «тәңірдің қамшысы» аталуының сыры да сонда.
Аттила 418-ші жылы 12 жасында Римде аманатқа ұсталып тұрған. Оның ғұндар ішінде асқақ беделге ие болуы мен кейінгі жеңістерінің бір негізі осыдан қаланғаны бесенеден белгілі. Ол өз мақсатын жүзеге асыру үшін 445-ші жылы, ағасы Беладинді да қанпезерлікпен өлтіріп қатігез дара билеушілік өктемдігін мызғымас етіп орнатқан.
Аттила 435, 441–443 және 447-ші жылдары үш рет Византияға әскер аттандырып, Балқан түбегін шапты. Византия елдігін сақтап қалу үшін, жаза төлемін ауырлатып төлеу келісіміне тіленіп, жылдық салық төлемін 2100 лера алтынға көбейткен.
Заманымыздың 450-ші жылы өмір бойы ғұндарға төлем төлеп, жер бөліп берумен билігін сақтап келген ТеодорусⅡ дүниеден өтіп, орнына шыққан баласы Маркинос енді төлем берудің есесіне қолына қару алды. Маркиностың «тәуекелге» баруы тектен-тек емес, бұл бірден-бір тиімді талғам еді. Себебі, бұл кезде олардың ғұндарға әсілінде төлейтін жылдық салығы 2100 лера алтын енді тағы да үш еселенген, оның үстіне Византияның экономикалық дағдарысы мұншама мол қаржы беруге мүмкіндік бермейтін. Енді, бір жағынан Еуропада Аттилаға қарсы одақ та қалыптасып үлгірген.
449-ші жылы Батыс Рим императорының туған қарындасы Хонулия өз, ағасы мен отанынан қорлық көріп отырғаны үшін, Аттиладан көмек тілеп оған некелі болу ойын білдіреді. Бұл Аттила үшін көктен тілегені жерден табылған орай болды. Өйткені, оның Батыс Римді бағындырып тұтас Еуропаға қожайын болу мақсатын жүзеге асыруы үшін, бұл жеткілікті сылтау бола алатын еді.
Аттила дереу елші аттандырып Хонулияға құдалық айттырды, әрі ханышаның жасауы үшін Галлияны беруді талап етті. Галлия ішкі Галлия және сыртқы Галлия деп екіге бөлінетін. Ішкі Галлия әдетте Альпі тауының түстігіндегі Италия қатарлы өңірлерді, ал, сыртқы Галлия Альпі тауының терістігіндегі қазіргі Франция, Бельгия, Люксембург, Голландия, Шведцария қатарлы өңірлерді қамтиды. Мұндай қорлықты талапқа батыс Римның көнбесін Аттила әбден білетін.
Батыс Рим қорлықты талапқа қарсылық жауабын берген соң, Аттила 450-ші жылы 500 мыңнан астам қолмен сыртқы Галлия аудандарына жазалау жорығын бастады. Бұл тұс ғұндардың шарықтау шегіне жетіп, үстемдігіне шығысы Каспий, батысы Рейн өзені, терістігі Балтық теңізі, түстігі Дунай өзеніне дейін бағындырған Еуропадағы алып империяға айналып үлгірген шағы болатын.
451-ші жылы наурызда Аттиланың үлкен әскери қосыны алдымен Рейн өзенінен өтіп Францияның Мытзи, Римси қатарлы қалаларын жаулап алып, одан соң Парижге таяу Урлиян қаласына тықсырта шабуылдады. Аттиланың мақсаты вестготтарды ойсырата жеңіп, одан соң Батыс Римді біржолата бағындыру еді. Бірақ, «ең соңғы ұлы Римдік» аталған Батыс Римнің қолбасшысы Аетиус (Flavius•Aetius) 600 мың қосынмен көмекке келіп қырық пышақ қырқыстағы весгот, вандал, алан, франк, англо-саксон, лонгабард және т.б ғұндарға еселері кетіп, тәуелді болып жүргендердің басын құрап ғұндарға қарсы құдіретті одақ ұйымдастырды.
Сонымен, Аттила тізгінін Францияның Сена өзені алқабындағы Каталония (гот-алан) жазығына бұрды. Екі жақ 451-ші жылы маусымда Каталония жазығының Шарон деген жерінде бір тәулікке жалғасқан қанды шайқас жасады. Шайқасқа Аетиустың ұйымдастыруымен франк королі Мероуич, алан қолбасшысы Сангиян және вестготтардың королі Теодорик (Theodoric) қатарлылар тікелей қатынасқан.
Елдігін сақтап, намыстарын ендігәрі таптатпауға мықтап бекіген одақтастар, ғасырларға жалғасқан ата кектері мен намыстарын қайтарып алу үшін бастарын бәйгеге тігуге әзірленіп қойған болатын. Ал, бетіне жауы жалтақтап жеңімпаз атанып алған ғұндар да енді аттан түсуге амалсыз, тек нартәуекелге мініп, бедел үшін белдеспекке бекіген.
Міне, дәл осындай жандәрмен жанталаспен бедерлі беделдің белдесуі Еуропаның ортағасырлар тарихында ең аянышты, ең ауыр күн болған қынадай қырғын «Шарон қанды шайқасын» тудырды. Жылаған баланың дауысын Аттиланың атын атап тиғандары сынды үрейлі, аңыз күні бүгінде жалғасып, үрейдің символы болып қалыптасқан Шарон шайқасында екі жақтан өлгендердің саны 165 мың, жараланушылар есепсіз болған.
Кейбір деректерде, өлгендердің саны 300–500 мың деп шамаланады. Осы қанды шайқаста аландар ата кектері мен жаңа қоныстары үшін аянбай кескілесіп зор шығынға ұшыраған. вестготтардың королі Теодорик жебе тиіп, ат тұяғына жаншылып өлген. Адамдар мен көліктердің өлігі төбе болып үйіліп, Сена өзені қып-қызыл қан болып, аққан деседі.
Дегенмен, «Шарон қанды шайқасында» одақтастар қаншалықты зор құрбандыққа ұшырағанымен, Аттиланы шегіндіре алды. Бұл Еуропалықтар үшін нағыз ұлы жеңіс еді.
Бірақ, Аттиланың шегінуінде-де өзінің ішкі есебі бар болатын. Ол, 452-ші жылы екінші рет батыс Римге қайта шабуылдап, Италядағы қалаларды қиратып, Рим қаласына тіке қандауырша қадалды. Аттилаға бөгет бола алмасын білген Батыс Рим империясы кезіндегі тұтас хирстиян діні әлемінің рухани көсемі папа ЛуиⅠді жалма-жан елшілікке салып тізе бүгіп, әсіліндегі әр жылына тапсыратын салығы 700 лера алтынды үш еселеп, 2100 лераға көтерді, әрі саяси жақтан ғұндарға тәуелді елге айналды.
Аттила Батыс Римді айтқанына көндіріп алған соң, енді қайта айналып салық тапсырудан бас тартқан Визанияға жаза жорығын жасауға қамданды. Бірақ, оған тағдыр ондай мүмкіндік бере қоймады.
Бетпе-бетте әлдері жетпесіне әбден көз жеткізген жаулары оны талай рет жымысқылықпен қастандық жасап, өлтіруге жоспар құрған болса да, мақсаттарына жете алмаған болатын. 453-ші жылы бір жас аруды тоқалдыққа алған тойы түні қан құсып дүние салды. Көзі тірісінде-ақ аты, аңызға айналып «тәңір қылышын» сыйлаған, күнақарларды жазалауға келген «тәңірдің қамшысы» деген даңыққа бөленген, өз халқының жеңімпаз қаһарманы, бүкіл Еуропаның үрейлендірген, тәңірдің бұл еркесі өз ордасында, сұлу арудың құшағында жан берді.
Деректерге қарағанда, күңіренген халқы беттерін тіліп, шаштарын кесіп, қара жамылып, қатты күйзелген. Бәлкім, бұнысы арысының ұлы туын, елдігінің ерен арысы Аттиланы қорғай алмаған бетіміз тілінгірлер дегені болар. Тарихи деректерге қарағанда, бұндай әдет байырғы ғұн, скиф-сақтарда да кеңінен таралған, және ұзақ мезгіл жалғасқан дәстүрлі әдет еді. Бұл көрініс бізге, қазақтың өз арын қорғай алмаған адамдарды «бетің тілінгір» деп қарғысымен сыбап жататынын, арысынан (қорғанысынан) айрылған бейбақтардың шашын жайып, бетін жыртып жоқтайтын әдетін есімізге еріксіз оралтады.
Аттиланың өлімі ғұндардың тағдырында күрт бұрылыс жасады. Ол көз жұмысымен-ақ балалары арасында бақастық туылып, ел арасы бұзылды да ғұн империясы ыдырай бастады. Әлкей Марғұлан өзінің «Эпос тудырған ортаның мәдениетке құсқан үлесі» атты еңбегінде «Золтанның мадьяр, аңыздары бойынша зерттеуінше, Еділ (Аттила) өлген сөң оның балалары Ернақ пен-Деңізек күн шығысқа қайтты. Кейбіреулері Қырым мен солтүстік Кавказға тоқталды...
Дереккөз: baq.kz
Е. Жұмабайұлы