Ақан Сері әпсаналары

Қазақ жұртының шын мәніндегі еш әсіре қоспасы жоқ, таңдайына бұлбұл ұя салған, қос қолтығына дүлдүлдің қос қанаты байланған ұлы перзенті Ақан сері Қорамсаұлы өмір сүрген қоғамынан мойны ұзын, иіні биік тұлға болғандығы ақиқат. Сондықтан да ол қара тобыр жұртының надандық қамытын киген кісәпір күйіне кейістікпен қарады, қарын тойғанша күйсеуден танбаған мес қарын мәстек байларының озбырлығы мен обырлығын аяусыз әшкерелеуден танбады. Ақиқат уытын аямай ақтарып, ақ алмастың жарқылындай өткір жырларын барынша қотарып, бетің бар, жүзің бар демей, сөз сойылын дөп сілтей білді. Сөйтіп те ұлы Ақан өзінің композиторлық, әншілік өнеріне қоса «Тура биде туған жоқ» қағидасымен суарылған өтімді де өткір өлеңдерімен де ерекшеленіп, даралана түскен.

Көкшетау өңірінде Ақан сері айтты дей­тін небір ғажап өлең өрнектері күні бү­гінге дейін ауыздан-ауызға жалғасып, кө­зіқарақты жұрттың тәбәрік деп жыртып алып қастерлер қасиетті саз мұрасына айналып кеткен.

Ұлан-ғайыр мол мұраның дені кезінде Сәкен сері Жүнісовтің де қаламына лекпей қағыс қалуы өкінішті-ақ болды. Ел ішінде еленіп те, ескеріліп те кәдеге аспай қалған серінің мұралары еске түскенде, «әттеген-ай» дейсің. Дейсің де, Сәкеннің «Ақан сері» романына ұлы серінің бұл сөз­дері еніп, орныққанда айтулы еңбек бүгін­гі­сінен де биік, әсерлі, мазмұнды да, қыз­ғы­лықты шығар еді дегің келеді. Әрине, мұны біз «біткен іске сыншы көптің» бодауына жұмсау үшін айтудан аулақпыз. Тек ұлы тұлғаның мұраларын әлі де тір­нек­теп жинап жүрсек деген тілек қана біздікі.

Хайыр, хош!

 

***

Қыр елінде болған бір айтулы асқа келген Ақан сері Құлагерін бәйгеге қосқан ғой. Қанатты тұлпар топтан озып келеді. Бәйгеге тігілген жүз тұсақ қойды олжалап, жолай  аты шулы  Алтайдың Сайдалысы­ның үйіне қоналқалайды.

Серінің жүрген жері аста-төк ән. Жұрт жиылып, Сайдалының аз ордасының іші-тысын керіп кетеді. Арқаның небір ғажап әндері мен өз әуендерін де әуелете шыр­қаған Ақан осы кештің гүлі болады. Осындай ордалы бір отырысты аңсаған әлеумет әлсін-әлі қошемет көрсетіп, құр­мет­терін де аяп қалмайды.

Бір тыныстаған сәтте Сайдалының өркөкірек ұлы Бекен:

– Сері, Құлагеріңді маған сатшы, жүз жылқы берейін, – деп кергісе керек.

Сонда Ақан сері:

– Мына жұрт сені Бекен мырза деуші еді. Сен ақылың жоқ ақымақ мырза  екен­сің. Ертең мына әкең Сайдалы өлмей ме? Сен сонда бес үйез елге сауын айтпай­-
мы­сың? Аста бәйге ұйымдастырмайсың ба? Бас бәйгеге жүз жылқы тікпеймісің? Сонда Құлагерім озып келіп, сол жүз жыл­қың­ды мен алмаймын ба. Бір теріне алатын жүз жылқыға Құлагерімді қалай қиып берейін, – депті.

Сайдалы баласына  алайып бір қарай­ды. Бекен ұялып шығып кетеді.

Ақан серінің атқан оқтай өткір сөзі, әрине, Бекенге жайсыз тиеді. Реті келген жерде есесін қайтаруды ойлайды. Атбасар жәрмеңкесіне Бекен мырза әнші, күйші, балуандарымен сайланып келеді. Өзі бай орыстың үйін жалға алып, Ақанды қо­нақ­қа шақырады. Ақан келген үйінің орыстікі екенін біліп, кірген бойда тізе бүкпестен:

– Ассалаумағалейкүм, Бекен мырза,

Шақырды дегеннен соң келдім мұнда.

Келсем де тізе бүгіп отырмаймын,

Көрсетпек қызметіңе болмай ырза.

Ағузы сөз сөйлесем әуел бастан,

Қалбыы нұр қараяды ішкен астан.

Шақырды Бекен мырза деген сөзбен,

Шіркін-ай, келіп қалдым қапылыстан.

Бетінде қара құман қақпағы жоқ,

Балалар шашыратып сідік шашқан.

Ет асқан шөгеніңді тексердің бе?

Кәпірдің торайының майын асқан.

Ғұсылы өмір бойы арылмаған,

Хозяйке ас-суыңа араласқан.

Әкеңнің қара қосы кетті қайда,

Бекен-ай, сені неден қара басқан.

Атаңның аруағына шек келтіріп,

Ұялмай өзің теңді замандастан.

Есілдің тоғайыңа шатыр тіксең,

Мәжіліс болар еді сұхбаттасқан.

Белгілі Орта жүзге Ақан сері,

Ішпейді шүбәлі харам астан.

Қолыңды ұстауға да жиіркенем,

Қош, сау бол, барым осы амандасқан, – деп шығып жүре беріпті.

 

***

Ақан сері ел аралап жүріп Атығай Был­ғауыш қажының ұлы Азынабай мырзаның отауына түседі. Сері шешініп, төргі бөл­меге өтіп барып отырады. Ауыз үйде жүр­ген Азынабайдың келіншегі:

– Осы үйде піскен бауырсақ та жоқ. Шәй мен қант та таусылып қалды.

Қайдағы қаңғыбас қонақ осы үйге келеді, – деп күңкілдейді.

Жәйсіз әңгімені естіген сері қасында отырған Азынабайға қарап:

– Шырағым, шығып қапты сақал, мұртың,

Келіннің ұнатпадым мінез-құлқын.

Өз басың әжептәуір көрінеді,

Айтып көр, кім болады қайың жұртың, – деп сұрайды.

Азынабай қайын жұртын айтады. Сонда Ақан былай дейді:

– Жақсылап бұл келінді бағу керек,

Алдына лағыл шамын жағу керек.

Қонаққа бұдан былай күңкілдесе,

Азуын балтаменен қағу керек.

Жақсы әйел жігіт сырын шашпау керек,

Бұралқы бұра жүріс баспау керек.

Қырсығы жаман әйел ерге тиер,

Ондайды жақсы жігіт тастау керек, – деп киініп шығады да, Былғауыш қажының өз үйіне келеді.

Кіріп келген сері:

– Отауға келіп едім қонуды ойлап,

Кіші үйде отыруға күліп ойнап.

Алдымнан шабаланып шыға келді,

Бір қаншық босағаға қойған байлап.

Қабам деп ұмтылып ет, басқа тептім,

Төгілтіп улы тілдің зәрін төктім.

Қыңсылап тынышымды ала бергеннен соң,

Отаудан үлкен үйге шығып кеттім, – дейді.

Былғауыш аңқау адам екен:

– Отаудың иті қаншық  емес, арлан еді ғой, – дейді.

Сонда Ақан сері:

– Ол үйде арлан да бар бүкірейген,

Мысықтай сирек мұрты тікірейген.

Қолынан іс келердей көрінбейді,

Малға не, қаншыққа не кекірейген, – дейді.

Былғауыштың әйелі сөз түсінетін зерделі жан екен.

– Ол – біздің отау еді. Балалардан бір білместік өткен екен. Бар қаталықты өз мойныма аламын. Кәне, қонақтар, төрле­тің­дер, – деп келіп, Ақан серіні өзі ше­шін­діріп, төрге әкеліп отырғызады.

Былғауыш қажы:

– Сен қай жігітсің? – дейді.

Ақан:

– Белгілі Орта жүзге Ақан серің,

Астымда құла торы маңмаң керім.

Баласы Былғауыштың Азынабай,

Мырза деп Атығайда естіп едім.

Оңаша отау үйде думандатып,

Қызыққа батырғалы келіп едім.

Қаншықтай шабаланып шыға келді,

Үлгісіз көргені жоқ жаман келін.

Келін қаншық, ұлыңыз арлан болар,

Арланы қаншыққа құл болған болар.

Қаншықтай шабаланып шықпаса егер,

Бет алып келген қонақ қонған болар, – деп өзін таныстырып, келіннің кемшілігін бетке басады.

Бәйбіше:

– Шырағым, Ақан сері деген атағыңа сырттан қанық едік. Енді сөзді  ұзарта көрме, – деп өтінеді.

Ертеңіне меймандар аттанарда бәйбіше серінің үстіне әкеліп шапан жабады.

Ақан сері разы көңілмен:

– Бәйбіше жан екенсің асыл ана,

Сай екен көркіңізге ақыл-сана.

Есімнен кетпестей бір іс болып ет,

Кешірдім, ол өкпені сізге ғана.

Мен алдым, шапаныңызды өзіңіз ал,

Жүргем жоқ ақымақтарға айып сала, – деп шапанын қайтарып беріп, аттанып кетіпті қайран сері!

 

***

Атақты Науан хазірет Ақан серімен бажа еді ғой. Содан да бір-біріне деген сый-құрметтері суыспаған ғой. Бірде Науан бажасына:

– Ғалымтайыма қыз айттырайын деп едім. Сен әйел затының сұңғыла  сын­шы­сы­сың ғой. Кіммен құда болғаным жөн? – деп ақыл сұрайды. Сонда Ақан сері:

– Құр бекер жаман әйел бұлттың қабы,

Келмейді жақсы әйелсіз ердің бағы.

Жабыға арғымақтан айғыр салсаң

Баласы сол арғымақ туар жабы.

Ер жігіт қанша жақсы болса-дағы,

Әйелге байланысты ердің бағы.

Алғаны ерге серік бола алмаса,

Жігіттің болмашыдан сыңар сағы.

Жігіттер,  әйел алсаң тексеріп ал,

Төркіні, нағашысы барлық жағы.

Ақылы, зейін, көркі бірдей келсін,

Құр бекер керек емес беттің ағы.

Жігіттер, әйел алсаң сөйлесіп ал,

Сөйлес те фаһіміне зейінің сал.

Құтылу қиын болар бала тапса,

Емес қой сойып, сатып жоятын мал.

Өмірге үйлесе алмай өкінішпен,

Деуменен «әттең ғана» боласың мал.

Ұқыпсыз жаман әйел алған жігіт,

Мойнына арық аттай бітпейді жал.

Жақсы әйел алған жігіт базары үйде,

Махаббат, сүйіспендік келсе егер дәл.

Ақаннан сұрасаңыз айтары осы,

Хазірет, ендігісін ақылға сал, –  деп тоқтапты сері.

 

***

Ақан сері Науан хазіретпен Қожым Тінәлі қажының апалы-сіңлілі қызда­ры­на үйленген. Бажа. Бірақ екеуінің де әйел­дері қайтыс болады. Науан бір татар­дың қызына үйленеді, ал Ақан содан кейін үйленген ғой. Бір жылда.

Науан:

– Ақан, мен үйлендім. Сен неге кешігіп жүресің? – деп сауал салады.

Сонда Ақан:

– Қожым қызын алдық та болдық бажа,

Екеуі де өлді ғой жетіп қаза.

Сізде қандай сыр барын мен білмеймін,

Бұл күнгеше  мен өзім еттім аза.

Кездеспей жүр сүйгенім ойымдағы,

Қалыңдыққа сай келмей қайын жағы.

Ала салсам сіз құсап абайламай,

Теңсіздердің талайы дайын дағы.

Ер дәулеті жақсы әйел еккен егін,

Қалтқысыз-ақ келтірер ердің ебін.

Ажарына құр бекер масаттанбай,

Қарау керек зер салып ата-тегін.

Ер серігі жақсы әйел деген ырас,

Жақсы үлгісі балаға болар мирас.

«Алып анадан туады», – дейді қазақ,

Шақша бастан тумасын қалақша бас, – дейді.

Хазірет қатты қысылып: «Пай-пай, Ақан-ай! Бет-жүзіне қарамай кісіні қаз­балап тастайсың-ау! – депті».

 

***

Ақан сері ел аралап жүріп атақты Мейрам болыстың үйіне түседі. Кіріп келіп сәлем бергенде, Мейрам болыс орнынан ұшып тұрып:

– Қарауылдың саңлақ серісі-ай! – деп келіп от деңгейінде көрісіп амандасады. Үйдегі  Мейрамның алты ұлы не сәлем бермейді, не сәлем алмайды. Болыстың үлкен ұлы Сейілбек Жанайдаров деген орысша оқыған шенеуік екен, сол:

– Қарауылдың қаршадай қара сақал­та­йына қатындарша көріспей-ақ отырып амандасу да  жететін еді ғой, – депті жақ­тырмай.

Сонда Ақан сері отырмастан:

– Атандың Мейрам қажы жұрттан асқан,

Атағың асып шықты алты Алаштан.

Ақ сұңқар үйде болмай түзде түнер,

Бір нәрсе балаларға араласқан.

Сәлемімді не алмайды, не бермейді,

Алланың рахматынан безіп қашқан.

Бір келген жолаушыға сыр алғызды,

Болмай ма тәкаппардың досы дұшпан.

Әкеге бала тартып туу қайда?

Туған ба балалардың бәрі ойнастан.

Өз басың артық туған адам екен,

Қуандық пен Сүйіндікке үлгі шашқан.

Қажыға бармасам да жаным таза,

Ішпейді Ақан сері шүбәлі астан.

Қырқылып қызыл тілім қалмаса егер,

Бастаймын Жанайдардан етіп дастан, – деп шығып жүре береді. Мейрам болыс соңынан жүгіре шығады.

– Балалардан бір білместік іс өтті. Ке­ші­ре гөр. Үйге түс, – дейді  шылауына оралып.

Ақан: «бір шығып қалған соң қайта кіру әбестік болады» деп оралмайды.

Мейрам: «балалардың айыбы» деп 25 сом ақша ұсынады.

Ақан ақшаны ұстап тұрып:

– Емес пе айтылған сөз атылған оқ,

Ызалы сөз жалыны қып-қызыл шоқ.

Өзің ал мынауыңды, мен алмаймын,

Ақымаққа айып сала шыққаным жоқ, – деп ақшасын кері қайтарып, жүріп ке­тіпті.

Түсінік: «Туған ба балаларың бәрі ойнастан» дегені Мейрамның үшінші әйелі жылқышымен көңілдес болып, Мейрам­ның өзі ұстап алған.

«Бастаймын Жанайдардан етіп дастан» дегені Мейрамның әкесі Жанайдар батыр Кенесары, Наурызбайдың қолында бол­ған. Наурызбай  төре Жанайдардың келін­шегімен көңілдес болады. «Мейрам Наурыз­байдың баласы» деген сөз ел ішін­де жиі айтылады. Мейрам бетке таңба осы оқиғаларды Ақан сері өлеңіне қоса ма деп қысылғандағы ақиқат еді.

Ел аузынан екшеп алған
Төлеген ҚАЖЫБАЙ.
www.ult.kz