Абылайдың аманаты

Жоңғарға қарсы соғыстың жеңіспен аяқтау кезеңінде ежелгі түркі даласына қатысты көптеген сауалдар туды. Оның ең бастысы – жоңғар аталған алып көшпелілер одағы жойылғаннан кейін оның иеленген жеріне кімнің қожалық етуі мәселесі еді. Мұнда бүгінгі қытайдың сол кездегі Чиң империясы ең әуелі өз ұпайын түгендеуге кірісті. Ал орыстар болса қазақтардың шығысқа бет алуы ондағы дұңған, ұйғыр мұсылман халықтарымен бірігіп, күндердің күнінде оңтүстік шекарамызға қатер тудыруы мүмкін деп қарады. Мұндағы қытай мен орыстың дәл бүгінгі қорқынышындай арғы жағында жатқан алаңдауы – ежелгі түркі жұртындағы тайпалардың қайтадан бас біріктіру қаупі еді.

Шын мәнінде Чиң империясының жоңғарларды барынша әлсірете түсуі қазақтар үшін де оң оңтайлы орай тудырған болатын. Осындай сын сағттарда айналсындағы алпауыт көршілерінің тамырын дәп басып ұстаған Абылай ендігі жерде өз саясатын іске асыруға кірісті. Орыс пен қытайға тең мәміле ұстай отырып, олардың ойлағандарынан да өзгеше жол қарастыру Абылайдың таңдауы болды. Сөйтіп ежелгі мекенге елді қоныстандырып, қазақ көшін шығысқа еппен жылжыту үрдісі Абылайдың қасындағы қайратына ақылы сай ер жүрек батырлары арқылы іске аса бастады. Бұл кездегі қазақ сұлтандарының бәрі де Абылай бастаған осы саясатқа бірден ат салысты. Нәтижесінде Абылай хан 1757 ж. Шағыр, Өмір баcтаған он бір кіcілік елшілік тобын Чиң патшасына жіберсе, осыдан кейінгі жерде ілгерінді-кейінді Төле би, Нұралы хан, Әбілмамбет, Әбілпейіздердің елшілері де Чиң патшалығымен әр түрлі байланысқа шықты.

Бұл байланыс жалпы қытай аумағының батыс шекара өңірін тыныштандыруда да өте маңызды болғандықтан Чиң патшалығы елшілерді жылы лебізбен қарсы алып отырды. Ал Абылай шығыcтағы ірі көршіcімен терезеcі тең дипломатиялық қарым-қатынаc орнату  cияқты аcа маңызды мәcелелерді шешуге қадам жасады.

Шын мәнінде екі жақта бірінің бақай қулығын бірі сезіп отырды. Тіпті жоңғар хандығының күйреуі қазақтар үшін бұрын жау қолында қалған мекендерін, өріс-қоныстарын қайтарып алуына мүмкіндік туғызғанмен, Чиң патшалығы бұған іштей жол бермеуге тырысты. Тіпті Жоңғарияны иеленіп алған Чиң әскерлері Зайсан көлінен Іленің орта ағысына дейін қарауыл топтарын орнатып, бұрын Жоңғарлар иеленіп кеткен жерлеріне қазақтар қайта қоныстануына мүмкіндік бермеуге бағытталған шараларды іске асыра бастады.

Осындай тығырықтардан «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» жол табу Абылайдың мойнындағы ауыр жүк болды.

Аса шебер дипломат Абылай жоңғардан босаған ежелгі мекенге елді қайта қоныстандыру үшін саудамен басталған «өріс-қоныс алу» саясатын өзінің Қабанбай, Жәнібек сынды сенімді батырлары арқылы іске асыра бастады. Бұл жайында Қытай жазбаларында мынадай деректер кезігеді:

 «1759 жылы 16 қазанда Әбілпейіз бен Қабанбайдың Жәнібек батыр және Едіге бастаған сауда тоғанағы Үрімжіде 144 атқа сауда жасап қайтты.

1763 жылы 14 қарашадан 2 желтоқсанға дейін Абылайдың Жәнібек бастаған 100 адамдық 7 сауда тоғанағы 234 жылқы, 20 сиыр, 720 қойға сауда жасап қайтты». Бұл да Үрімжі қаласында болған.

Бұдан екі нәрсені анық ұғуға болады. Біріншісі, Жәнібек батыр алғаш рет Әбілпейіз ханның, екінші рет Абылай ханның сауда тоғанағын бастап баруына қарағанда оның сол кезде Абылай және Әбілпейіз хандармен өте жақын өткенін әрі қазақ хандығының сенімді батырларының бірі екендігін көрсетеді. Өйткені ол кезде мұндай тоғанақты әйгілі батырлар бастап отырған. Екінші, Қазақ-Манчиң алғашқы сауда-мәмігерлік қатынасына негіз қалаған адам – Қабанбай батыр баласы Едіге мен Тұматай батыр еді. Олар 1758 жылы қыркүйектің 17-26 күні аралығында Үрімжіде 300 атқа сауда жасап, бұдан кейінгі қарым-қатынасты күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізіп қайтады. Келер жылында (1759 жыл) Жәнібек батырдың баруы ол кісінің екі ел қатынасының негізін қалауға ат салысқанын дәлелдейді.

Ал ел аузындағы ескі шежірелерде Абылайдың: «Өзеннің басын алмай, өлке сенікі болмайды» деген сөзі бойынша Қабанбайдың Іленің басына, Жәнібектің Ертістің басына найза шаншып қайтқаны туралы айтылады. Соның куәсі болып, Іленің басында «Қабанбай шоқысы», Алтай тауларында «Жәнібек асуы» немесе «Жәнібектің найза шаншыған жері» аталған тарихи іздер бар.

Демек, Абылай ежелгі түркі даласының бір пұшпағы болған бүгінгі Шынжаң қазақтары қоныстанған байтақ аймақты иелеу үшін сан қилы ақыл-айлаға барып, оны өз батырлары арқылы іске асырса, соның арасынан Ер Жәнібек ерекше шоқтықты көрінеді.

Қазақ елшілері 1755-1800 жылдар аралығында Бейжіңге әлде неше рет барып, сан алуан мәселелер төңірегінде келіссөздер жүргізгені тарихтан белгілі. Бұл барыста қазақтар Чиң әскерлерімен қақтығыспай, айтқанына көніп, көшіп кетіп, олар кеткен соң қонысына қайта оралып «мысық табандап» жылжу саясатын іске асырды. Тіпті Чиң армиясы оларға суық жүзін беріп, сауда тоғанақтақтарын қайтарған кездеде олар оңтүстік өңірлердегі ұйғырлармен байланыс орнатуға дейін барып, Чиң патшалғы жағын дәрменсіз күйге түсірген кездері де болды.

Осы кезеңдегі тағы бір ірі оқиға қазақ тарихына «шаңды жорық» деген атпен қалған Еділ қалмақтарының 1771 жылғы қоныс аударуы еді. Сол кездегі Чиң империясының әр түрлі саясатынан қарағанда осы көш жорығының арнайы жоспармен іске асқан болуы да бек мүмкін. Атап айтар болсақ, дәл осы шақта қазақ ауылдары жоңғардан босаған ежелгі түркі даласына әр түрлі жолмен ендірмелей кіруде еді. Оған қарсы тұрарлық қуатты қосынның ретін таппаған Чиң ендігі жерде өзара жауласып келген екі топты бір-біріне айдап салуды мақсат етсе керек. Сөйтіп, қазақтардың алдына дойбының жаңа тасындай тағы бір тосқауылды осы Еділ қалмақтарынан жасақтады. Азып-тозып келген елдің алдынан Чиң патша әміршілері өздері шығып қарсы алып, оларды қазақтардың алдына, яғный қазіргі Іле, Алтай, Тарбағатай өңірін негіз еткен Ұластай, Бөратала, Бұлғын, Қобық тектес жерлерге бөліп қоныстандырды. Осылайша Чиң империясы айла-тәсілі мен күш-қуатын қатарынан іске салып, екі арадағы жер дауын өз мүддесіне шешуге ұмтылды. Осындай алмағайып заманда қазақ руларының қатарында Ер Жәнібек бастаған керейлердің ұлтанды бөлегі атамекені Алтайға жаппай қоныс аударуға ентеледі. Ақырын келсе айласын асырып, қатты келсе қайратын көрсетіп алған бетінен қайтпады.

Бұл кезең туралы ел аузындағы шежірелерде Жәнібек батырдың: «Қоныс толы елі, өріс толы малы бар, жер қайысқан қолы, желкілдеген туы бар кімге болса да есесін жібермейтін, еселесетін қуаты бар он екі Абақ керей атанған ел болдық. Жаудың өтінде, жасақтың алдында, найзаның ұшында зорлықты күшпен алыса жүріп, зобалаң күндерді басымыздан кешіре отырып, осы күнге жеттік. Толқымалы мына заманда толықсыған елді алаңсыз өмір кешіретін жайлы мекенге қоныстандырғанымыз жөн сияқты. Ата-бабамыздың от жағып, күл төккен жері Алтай, сол Алтай тауына жеткеніміз жөн» деп ақыл айтқан екен деген сөз бар.

Осы әңгімелер төңірегінде тағы бір зерттеу таппаған тақырып, Ер Жәнібек батырдың ежелгі ел заңын қолға алуы еді. Атап айтқанда бағзыда қағаз бетіне түсіп үлгермеген түркінің ежелгі заң-тәртіптері кейіндері Шыңғысхан арқылы қазақ хандықтарына жалғанып, «Жеті жарғы», «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы» аталғаны белгілі. Соның бір парасы Әбілпейіз, Әбілмәмбет, Абылайлар арқылы қазақ билерінің жаңғыртуымен жасалған заң-ережесінің «төрт би төренің заң-ережелері» аталып абақ керейлерде сақталуы еді. Мұнда да қазақ хандарынан бөлініп қалуды қаламаған Ер Жәнібек өмірден озар шағында Әбілпейіз ұлдары – Көгедай, Сәмен, Жабағыларды керей ішіне әкеліп, ел бірлігін сақтауды мақсат еткен. Әрі ел билері мен төре заңдарын бірлестіріп, аталған ел басқару түзімінің негіз қалаған болатын. 

Жалпы қазақтардың шығысқа беталған көші туралы сөз болғанда Зайсан жерінде өткен Қызмет Серікбаев атты ақсақалдың 1960 жылдардың алды-артында жазып қалдырған дерегінен де талай сыр аңғарылады:

Атап айтар болсақ, Сіргебай атты ақсақалдың әңгімесінен дәйек келтірген Қ.Серікбаев бір жазбасында: «Керей ауылы қалмақты Ертістің дариясынан өткізді. Бұрынғы отырған қалың қалмаққа қосылып Жетіарал, Шорға, Тарбағатай тауы, Қызылшілік, Маңырақты мекен еткен құба қалмақты Ер Жәнібек әскерімен түнде келіп жаулап, қырып айдап, жеті күн, жеті түн ұрыс салды. Тарбағатай тауының Күзуін, Шағаноба деген асуларынан қалың қалмақты қытай жеріне асырып барды...» десе; Сыбан Ораза ақсақалдың әңгімесінен орыстың әйел патшасының Абылайға жер сұрап елші жібергенін, Абылайдың Жәнібекке қос атпен кісі жіберіп алдырғанын айта келіп, мындай әңгіме өрбітеді:

Орыс елшілерін шақырып Жәнібек: «біз сіздермен елдесуді қалаймыз. Бірақ біздің де шартымыз бар. Әуелі шартты орындаймысыздар?» деді. Орыс елшілері: «орындаймыз, батыр, шартыңды айт?» деді. Сонда Жәнібек: «Біздің халқымыз бытыраңқы. Қызыл Аяқ, Қырғыз, Қалмақ деген жаулары бар. Сіздермен елдессек сол сыртқы жаулардан қорғайсыздар. Алайда алман ретінде шөп басы береміз. Қара қазан сары баладан солдат бермейміз. Және де біздің қазақ халқы мал өсірумен жан сақтаған халық, соған астық салғанды үйретесің. Қазақ ішіндегі надан адамдар бір-бірімен ұрсысып, соғысып қалуы мүмкін. Ондайда бір жағына шықпай, әр екі жағына кешіріммен қарайсыңдар!» деді.

Орыс елшісі қағаз алып тоқтам жазды. Қағазға екі жағы қол қойды. Абылай хан, Жәнібек батыр қол қойып, мөр басты».

Әңгімені ары қарай жалғаған Қызмет Серікбаев ендігі жерде Нұржақып ақсақалдың әңгімесі арқылы 1916 жылы патша үкіметі қазақтан солдат алатын болып, жарлық жариялағанда ел ақсақалдарының сол баяғы орыспен болған келісім-шарт қағазды зорға тауып, ақ патшаның әскеріне қазақтан адам алман бермегенін жазады.

Демек, Абылайдың жоңғардан босаған жерді иелену барысында Жәнібек сынды батырлары арқылы жүргізген өріс-қоныс алу саясатының да аса қиын жағдайда, қанды қақтығыстармен іске асқанын байқауға болады.

Абылайдың 1781 жылы, Жәнібектің 1792 жылы қайтыс болғанын еске алсақ, Жәнібек батыр өле-өлгенше қазақ мүддесі үшін қан кешіп, Абылайдың аманатын орындаумен болды. Ақыр аяғында сол жеңісті шеруінің нәтижесінде бүгіндері екі миллионға жуық қазақ ұрпағының ежелгі мекенге бауыр басуына негіз қалады. Бүгіндері Шынжаңда және Моңғолия жерінде отырған қазақтар өздерін жоңғардан босаған ежелгі жерімізде отырмыз деп қарайды. 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Abai.kz