Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
Назарыңызға I томдағы "Жолда" тарауын ұсынамыз.
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Жайлауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"
Жолда
Бұл тарау Жидебай қыстауындағы кештердің бірін сипаттаудан басталады. Зере Айғыздан туған немересі Кәмшатқа бесік жырын айтып, тербетіп отырғанда Абай терезеден сонау алыста тұрған Шыңғыс тауына қарап, ойланып кетеді. Соңғы күндері Шыңғыс бөктерінде болып жатқан оқиғалар бұл ауылға мәлем емес еді.
Бір сәтте Абайдың ойын үйге жүгіре кіріп, алыса кеткен Оспан мен Смағұл бұзады. Смағұл да Оспан сияқты Абайдың өз інісі, бірақ шешелері бөлек. Оспан Смағұлдың бір құлжасын алып, енді қайтармай жүр екен. Алысып жатқандары сол. Абай екеуін ажыратпақ болады, бірақ балалар оны әбігерге салады. Сөйтіп тұрғанда Оспан Смағұлдың бет-аузы мен құлағына шейін қымызға батырып жібереді. Әлгі оны боқтаймын деп, байқамай Ұлжанға да сөз тигізіп қояды. Абай інісінің жаман сөз айтқанына ашуланып, жағынан тартып жібереді. Смағұл жылап, өз үйіне кетеді.
Бірақ арада көп уақыт өтпестен ол үлкен үйге қайта келеді. Бұл жолы жанында шешесі Айғыз бар екен. Айғыз келе сала Абайды ұрыса жөнеледі. Оған мәселені түсіндірмек болған Абай кіші шешесінің айтқан сөздеріне күйініп, үнсіз қалады. Айғыздың не айтып жатқанын естімесе де, балаға ұрысып жатқанын түсінген Зере оны үйден қуып жібереді. Бұл оқиғаны сырттай бақылап тұрған Ұлжан да күндесін сабырға шақырады.
Біраздан кейін үйге Абайдың үлкен ағасы Тәкежан мен татар жасы Ғабитхан молда келеді. Олар енді жайғасып, әңгіме бастағанда арттарынан тағы бір адам асыға кіреді. Бұл кеше Тоқпамбетте болған төбелесті айта келген Жұмағұл атшабар екен. Құнанбайдың басымдық көрсеткенін, Бөжейге дүре соғылғанын естігенде Тәкежан мәз болады, ал үй ішіндегі басқа жандар бұл жайтты жақтыра қоймайды. Тіпті, Зере атшабарды зекіп тастайды. Жұмағұлға ілесе Сатай деген қойшы келіпті. Ол да өз әңгімесін бастап, Бөжейлер Құнанбай үстінен арыз жазуға кеткенін айтады.
Бірақ Жұмағұлдың басты міндеті төбелес жайын жеткізу емес екен. Ол Абайды әкесі шақырып жатқанын, Қарқаралыға аттанатындарын хабарлайды. Үй іші бұл жаңалықты ести сала, томсарып қалады. Жолға аттанарда Ұлжан Абайға "Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз. Бөжекеңді көрген жерде, сәлеміңді түзу бер" деп өсиет айтады.
Құнанбай тобының Қарқаралыға келуіне бірнеше себеп бар еді. Оның алғашқысы аға сұлтан осы маңда мешіт салдырған, соның ашылуына қатыспақ. Бұл оқиға соңғы уақытта Тобықты ішінде "мырза" атанып кеткен Құнанбайдың беделін бұрынғыдан да көтереді деп күтілуде. Осыған байланысты Хасен молда Құнанбайға "Қарадан хан туған өзіңсің. Иеңнің сүйген құлының бірі боларсың" деген еді. Одан кейінгісі, аға сұлтан қазіргі жағдайының арқасында Бөжеймен болып жатқан дауды өз пайдасына шешпек. Әлбетте ол жоспарын жүзеге асыру үшін осы Қарқаралыда беделі бар адамдарды да пайдаланбақ.
Қалада жүрген уақытта Абай бірнеше жиналыстың куәсі болды және өзі үшін көп жаңалық ашты. Сондай жиналыстың бірі Құнанбай тұрып жатқан татар саудагерінің үйінде өткен. Оған Алшынбай есімді осы өңірдің беделді кісісі қатысты. Ел ішінде Алшынбайды "Алшеке" деп атайды екен. Өзі Қазыбек бидің ұрпағы. Атасы Тіленші де би болған. Осыдан екі жыл бұрын Алшынбайдың Ділдә деген немере қызын Абайға айттырысқаннан кейін Құнанбай екеуінің достығы құдалыққа ұласқан. Құнанбайдың аға сұлтан атануына да осы Алшынбайдың сіңірген еңбегі көп.
Жиынға Абайды ертіп келген Майбасар болатын. Ол "Атаңа ғой! Атаңа сәлем бер!" деп қалжыңдап, жас баланы ұялта беретін. Абай сол үшін де Алшынбайдың атын естігенде қатты қысылатын, тіпті Ділдәнің өзін ойлаудан да жасқанатын.
Құнанбай Қарқаралыға келгелі Алшынбай оған бірнеше рет қонақ боп кеткен. Бірақ бұл күнгі кездесулері аса маңызды еді. Оны Абай сыртта тұрған адам мен ат санынан да аңғарды. Кеңес кезінде тергеу, билік, бата, серт, айып, кінә, татулық, араздық сөз болды. Алшынбай осы Қарқаралы қазағының тағы бір жуаны, Бөжейді қолдағысы келіп жүрген Баймұрын деген кісі арқылы жеткен сөздерді Құнанбайға айтты.
Артынша жиынға Майыр келіп қосылды. Құнанбай округті басқаратын приказдың бастығы болса, Майыр орынбасары еді. Өзі Құнанбайдың дегеніне жүре бермейтін. Сондықтан жаманатты көрінетін. Қазақ арасында "шапыраш майыр", "жүндес майыр", "піскен бас майыр" атанып кеткен ол бұл жолы да аға сұлтанға жақпайтын ойын айта келіпті. Екеуінің арасында қызу пікірталас жүрді. Ортадағы тілмаш тіпті алғашында олар айтқан дөрекі сөздерді аударуға қорқақтаған да. Құнанбай Бөждейді айдату керек десе, Майыр істі толық тексеру керек деп тұрып алды. Ұзаққа созылған дауды Алшынбай тоқтатты. Ол екі жақты да сабырға шақырып, мәселенің шешімін кешке өзі айтатынын, әзірге даулаусуды қоя тұруларын сұрады. Құнанбай да, Майыр да осы сөзге келісті. Одан кейін Майыр кетіп қалды.
Тамақтанғаннан кейін Алшынбай Құнанбайға Бөжейді жатқа жібермей, бауыр қылып жаныңа тарт деп кеңес берді. Құнанбай бұл достықпен айтылған сөз екенін ұғып, мәселені өзің аяқта деп тапсырды.
Осы жиын болған күннің кешінде Абай Қарқаралыны жалғыз өзі аралап кетті. Көңіл күйі көтеріңкі еді. Бір сәтте ол көше бойында соқыр шалды жетектеп келе жатқан топты байқады. Жас-кәрісі аралас күлісіп келе жатыр екен. Олар Абайға назар аударған да жоқ. Шалдың айтқан әңгімесін тыңдап, соған мәз. Абай да сол топқа қосылды. Кейін бір адамнан сұрастырып, әлгі соқыр шалдың Шөже деген ақын екенін білді.
Кеңес кезінде болған әңгіме бұл топқа да жетеді. Арасындағы бір қартаң кісі Шөжеге қозғау салғысы келіп, "Құнанбай мешіті бітті. Енді той жасамақ. Алшынбай Құнанбайды ағайынымен татуластыратын бопты" дегенді айтады. Ел шуласа кетеді. Шөже ақын бәрін күле тыңдап,
"Болыпты бір ақсақ таз және соқыр,
Құранды мысық сопы молдаң оқыр.
Болғанда ақсақ - дария, соқыр - қарға,
Ортасын дарияның қарға шоқыр" -
дейді. Жұрт тегіс ду етіп күледі. Ақсақ тазы - Алшынбай, соқыры - Құнанбай, деп жапырлап сөйлеп, Шөженің тапқырлығына мәз болады.
Абайды бұл сөз қатты ойландырады. Ақын бір ғана шумағымен күні бойы күмбездей болып отырған екі рудың екі шоқысын бір-ақ соғып, жермен жексен еткендей болды.
Ол жанындағы адамдарға мән бермей, үйлеріне қарай кетіп бара жатқанда дәл бұрыштан бұрылып өзіне қарай келе жатқан үш аттыны байқайды. Ол - Бөжей, Байсал мен Байдалы екен. Абай сол сәтте бойын жиып, аттыларды тосып тұрды. Олар да баланы байқап, аттарын баяу бастыра тұстас келді. Осы сәтте Абай айрықша тағзыммен төсін басып "Ассалаумағалейкүм!" деп сәлем берді. Бөжей оған оң назарын салып "Уағалейкүмәссәләм, балам" деді. Байсал Құнанбай баласының сәлемін алғысы келмей, қабағын түйді. Абай Байсалға ренжіп, оған да қадала қарады. Бөжей балаға таңданып "Жөніңді айтшы, балам. Бізді көрсең сәлем бер деп әкең айтты ма, өздігіңмен істедің бе?" деп сұрады. Абай өзім беріп тұрған сәлемім деп жауап берді. Бөжей Абайға батасын беріп, аттылар жүріп кетті. Осы кезде бағанадан үндемеген Байдалы "Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен" деп балаға сүйсінді.
Бөжейдің батасынан кейін Абайдың көңілі ерекше көтеріліп, күні бойы болған оқиғаларды саралап, Майбасарлар жатқан пәтерге келді. Ішке кірсе, туған-туысқанның бәрі осында екен. Күндіз сойылған тайдың етін жемекке отырыпты. Шай ішу үшін Майбасардың жанына отырған Абай әңгіме барысында мешіт ашылғанын, енді намаз оқылатынын, одан кейін Құнанбайдың үйіне қонақ келетінін түсінді. Соған байланысты Жақып бәрін асықтырып жүр екен. Сөз арасында Майбасар Абайға тағы тиіспек болып, Алшынбайды, артынша Ділдәні еске алып, үй ішіндегілерді бір күлдірмек еді. Абай бұл жолы жасыған жоқ. Керісінше күле отырып, қолына домбыра алып, Шөженің қалпына салып, қалжыңдап Майбасарға өлең арнады. Үй іші оның сөздеріне қайран болып, әрі сүйсініп қарқылдай күлді. Майбасар "Мына жаманның қылығын-ай" деп күлгеннен басқа айтарға сөз таппады. Көңілді отырысты жылдам келген Қарабас бұзды. Ол намаз біткенін, қонақтар Құнанбайдың үйіне бара жатқанын жеткізе келіпті. Бәрі асығып кіиініп, сыртқа шықты. Абай осы үйде қалмақ еді, Майбасар бірге жүр деп ертіп алды.
Абай келгенше қонақтар тегіс орналасып алыпты. Сыртта қарбалас боп жатыр екен. Табақ-табақ ыстық асты жігіттер жүгіре ішке тасып жүр. Бұйрық беріп, бәрін басқарып жүрген Ызғұтты. Абай кіре берістен бір орындық алып, соған отырды да бірнеше бөлімге жайғасқан қонақтарды сырттай бақылауды ұйғарды. Бір кезде Балта деген ақын жыр айтты. Абай оны сүйсіне тыңдап еді. Артынша Балтаның жыры тоқтап, салқын кеңес басталды. Кейін сыртқа Қаратай шығып, Құнанбай мен Бөжейдің татуласқанын жеткізді. Майбасар мен Ызғұтты байлауы не болғанын сұраған еді, "Жақындығың қайта жаңғырсын, екеуің бала алысыңдар. Бөжей Құнанбайдың бір баласын бауырына бассын" деген тоқтамға келіпті деді. Бұл хабар Абайға ұнамады. Ол аң-таң болумен қатар, бір түрлі түршігіп қалды.
Осы кештен жиырма күн өткенде Құнанбай елге қайтатын болды. Жігіттер аттарын дайындап, Абай әкесінен ақша сұрап, Ызғұттымен бірге Жидебайдағы шешелеріне базарлық алды. Құнанбайдың кететінін естіген жұрт онымен қоштасу үшін тағы да үйіне қонақ боп келіп жатты. Келушілердің ішінде Майыр да бар еді. Оған аға сұлтан үш қара ат пен 500 сом берді. Тілмаш та құр қол кетпеді.
Қарқаралыдан шығып, елге жетем дегенше Құнанбай тобы бірнеше ауылға соқты. Әр ауыл оларды құшақ жая қарсы алып, жетекке ат беріп жатты. Тобықты шетіне ілінер кезде жолдан қосылған жылқылардың саны 15-ке жетіп, енді жетек емес, жеке айдалып отыратын болды. Абай "бұл не қылған жылқы?" деп Қарабастан сұрағанында, ол "Бұл әкеңнің олжасы" деп жауап берген еді. Осы жайт баланы қатты қамықтырды. "Парақорлық - кітап айтатын күнәнің ең үлкені. Кешегі салынған мешіт, Алшынбай ауылына кетіп жатқан қалың мал да осы парадан жиылған" деп ойлады ол.
Құнанбайлар Қарашоқыға жетіп, Күнкенің ауылында қалғанда, Абай қасына Жұмағұлды ертіп, Жидебайға кетті. Үй іші оны қуана қарсы алды. Қарқаралыда көрген-білгендерін әңгіме қылса да Абай Құнанбай мен Бөжей арасындағы келісім туралы тіс жармады.
Арада төрт-бес күн өткенде қарашаңыраққа Бөжей келеді екен, Құнанбай екеуі осында табысады екен деген хабар да жетті. Үй іші қонақ күтуге жақсылап дайындалды.
Бөжей келгенде Зере қарсы алып, бетінен сүйіп "Балам сен едің, анаң мен емес пе ем?" деп жылап алды. Елдің бәрі қарт ананың бұл сөзіне босаңсиды. Абай үлкендермен амандасқаннан кейін үйде отыра алмай, орын босату керек дегенді сылтауратып далаға шығып кетеді. Ертеңінде Бөжейлер жүрер кезде Қарқаралыдағы келісімнің шешімі жетті.
Құнанбай өз баласының ішінен Бөжейге беру үшін Айғыздан туған қызы Кәмшатты таңдапты. Үй іші бұл жайтты суық қабылдап, Ұлжан шыдамай сыртқа шығып кетіп, Айғыз жер бауырлап, Зере бүк түсіп үнсіз жылап қалады. Кішкентай Кәмшат өзін бөтен кісі алып кетіп бара жатқанын түсінбей "Апа! Әже!" деп шырылдап қоя береді. Оның зарлаған үні Бөжейлер аттанып, ұзап кеткенше басылмайды...
"Жолда" деп аталатын үшінші тарау осы бір мұңды сәтте аяқталады.