"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Қапада"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IV томдағы "Қапада" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Абай аға"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қарашығын"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Өкініште"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қақтығыста"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қоршауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Түн-түнекте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Құз-қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Қапада"

Қапада

Бұл тарау Абай мен Дәрменнің жатақтағы ауылға келуімен басталады. Келу себебі ауырып жатқан Дәркембайдың көңілін сұрау болатын. Осыдан 3-4 күн бұрын қарт Дәркембай ұлы Рахыммен бірге пішен тасимын деп суыққа бойын алдырып, қатты ауырып қалған. Абайлар келгенде үйде бірнеше адам бар екен. Дәркембай алдымен Абайды танып: «Абай-мы-сың?» деп зорға сөйледі. Сосын қасындағы Дәрменге қарап жақында деп белгі берді. Дәрмен бас түйістіре отырып әлсіз науқастың жүзіне жүзін тақады. Дәркембай: «Абай сенің... қарызыңнан...құтылды» деген сөздерді бөліп-бөліп айтты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бала Дәрменді ол Құнанбайдың алдына апарғанда, жас жігіт Абай: «Әкем үшін осы жетімге мен қарыздармын» деген еді. Дәркембай «қарызыңнан құтылды» дегенде осыны меңзеген-ді. Бүгінде Дәрмен Абайдың қасында жүріп, балаларынан кем емес болып ер жетті. Енді бір кезекте Дәркембай Абайға «Рахымды оқуға берші... Осыны да адам етші» деп соңғы арыздасу сөзін айтты. Арада ет пісірім уақыт өткенде ол дүние салды.

Абай жатақта Дәркембайдың жетісі өткенше болды. Дәрменмен ақылдасып, Рахымды келер жылы орысша оқуға беремін деп келісті. Қайтатын кезде Базаралы оны оңашалап алып, ескі сырқаты бүгінде қатты мазалап жүргенін, осыны пайдаланған Тәкежан, Әзімбай, Шұбарлар «атым ұрланды, ұрлатқан Базаралы, ұрлаған інісі Әбді" деп қайта-қайта адам жіберіп, қысым көрсетіп жатқанын жеткізді. Базаралы ендігі өмірінде олармен алысуға күш-қайраты қалмағанын айтып, көмек сұрады.

Арада көп күндер өтті. Қыс жақындағасын Абайлар үйі түгел тамға көшкен. Қазір ол оңашаланып үлкен ой еңбегінің үстінде. Жазған өлеңдерін Мәкен мен Әйгерім көшіріп алып жалықпай оқып, жаттайды.  «Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан!» - деген сөздерін өздеріне айтқандай көреді. Міне, осындай жемісті қоңыр күзде өзгеше суық хабар жетті. Қаладан қос атты ауыстырып мініп, тездетіп келген Баймағамбет Абайға Әбіштен телеграм әкелді. Абай жылдам ашып оқи сала, көздері шарасына шыға қатты шошынды. Қасындағы Әйгерім, Мағаштар жым-жырт бола қалды. Біраздан соң, Мағаш орысша жазылған хатты үйдегілерге естірте қазақшалады. Хабар шынында да суық екен. Әбіш екі айдан бері ауырып лазеретте жатқанын, Мағрипаны Семейге қайтарғанын қысқа ғана жазыпты.

Тегінде Әбіштің науқастығы бұларға бұрыннан мәлім еді. Мағрипаны Семейге қайырғаны оңай белгі емес. Алматыда соншама дәрігерлер бола екі айдан бері айыға алмаған соң амалы құрығаннан істелген іс қой. Әйтпесе, үйді шошытам дейтін Әбіш пе?! Осы жайды ойлаған Абайлар үнсіз жас төгісті. Қанша отырғаны белгісіз бір кезде Абай жасын тиып: «Жә, не отырыс! Жолға қамданыңдар. Мағаш сен бүгіннен қалмай Семейге аттанасың! Семейден Алматыға жүресің! Кәкітай, Дәрмен, сендер де қамданыңдар!» деп қайтадан еңіреп жіберді. Күн еңкейе Мағаш, Дәрмен, Кәкітай, Мұқа жолға пұл болатын семіз аттарды базарға апармақшы болып қалаға аттанды. Абай болса түнімен көз ілмей:

«Я, Құдай бере гөр,
Тілеген тілекті!
Қорқытпай орнықтыр,
Шошыған жүректі» - деп зар толқынмен өлең жазып шықты.

Мағаш Майқан дейтін тату құрбысы мен Әбіш жақсы көретін Өтегелдіні ертіп Алматыға аттанды. Абай, Кәкітай, Дәрмен жүргіншілердің қалталарына зар, өлең хаттарын салып жіберді. Өздері енді Әбіш пен Мағаштың хабарлары мүлде оңалғанша Семейден кетпейтін болып, қалаға ұзақ жайласып алды.

Осы шақта Абай өзін қонаққа шақырған Дәмежанның үйіне келді. Мұнда қайықшы Сейіл де бар екен. Олар түнімен киізші Сейсеке, Қасен қасапшының осындағы кедейлерге істеп отырған қорлығын сөз етті. 

Абайлар Дәмежанның үйіне қонып, таңертеңгі шайға жаңа отырған кезде Кәкітай Мағаштан екі хат алып келді. Бұл хаттардың бірі жиырма күн бұрын, екіншісі он екі күн бұрын жазылыпты. Бірінші хат жай сөзбен басталып, аяғы Мағаштың өлеңімен аяқталыпты.

«Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам,
Көз жасым тоқтата алмай болдым сарсаң...

деп ол Әбіштің жағдайы ауыр екенін баяндапты. Мұны естігенде Абайдың да көзі жасқа толып кетті. Дәрмен мен Кәкітай жылап жіберді. Тек ішіндегі үлкенірек естісі Баймағамбет «екінші хатта не айтылыпты» дегендей бейіл білдірді. Абай көзілдірігін киіп хатқа қол созды. Мағаш бұл хатында Әбіштің лазереттен қаладағы шала қазақ Әбсәметтің үйіне шыққанын, қазір қымызбен емделіп жатқанын баяндапты. Бұл хат Абайға жұбаныштай көрінді. Енді үшеуі бірдей отырып Әбішке өлеңмен хат жаза бастады.

Бұл кезде Әбіш Алматыдағы атақты дәрігер Лев Николаевич Фидлерден ем алып жатқан. Майқан оны әр үш күн сайын шанаға жегілген Торжорғасымен әкеліп тұрады. Фидлер келген сайын науқастың беті бері қарамайтынын сезіп, іштей күрсінеді, бәрін Мағашқа жасырмай білдіреді. Бүгін де ол: «Ғабдирахымның саушылдығы қуантпайды. Не шара?!» деп жүріп кетті. Докторды шығарып салып үйге қайта кірсе, Әбіш Мағрипадан келген хаттарды бетіне басып жатыр екен. Ол: «Мағаш мына бір сары мен қызыл қағазға қарашы. Мағрипа жазыпты. Сағыныштан сарғайдым, қызың Рахила жүре бастады депті. Бірі сары, бірі қызыл қағаз менің Мағышым мен Рахилам ғой» деп көзі жасаурап кетті. Содан соң әкесінің жайын ұзақ толғады. «Ағам арманда қалды-ау, Оқытып еді... Өсіріп еді. Біліп, толып халқыңа қызмет етсең, әке арманым жоқ деуші еді. Не керек бәрінен ащы уы осы ғой» деп жүзінен аққан тамшы жастары жиілеп кетті. Мағашта үн жоқ, орамалын бетінен ала алмай ұзақ отырды.

Арада талай күндер өтті. Семей мен елден бірнеше хат келді. Мағаш та Әбіштің атынан ұдайы хат жазумен болды. Алматының қысы аяқталатын уақыт та жетті. Әбіш бұл шақта бас көтермейді. Құс жастыққа жабысып жатады, қатты жүдеген, көп қозғалмайды. Бір уақытта ол Мағаш пен Әбсәмәтті шақырып: «Мағашым үйден шықпай сарғайып кетті, Әбсәмәт. Естіп жатырмын. Алматының көшесі толған думан. Бүгін орыстың қызық мейрамы – масленица. Барыңдар. Әбсәмәт өзің Торжорғамен бәйгеге түс. Бәйгені өзім беремін» деді. Үйдегі еркектер түгелімен бас изесіп жамырай берді. Әбіш айтып отырға Торжорға - Алматыға белгілі жорға еді. Мағаштар алғаш келгенде аттары болдырып, базарға ат сатып алуға барған. Сол жерде Дәт деген адамға кезіккен. Ол Абай атына аса қанық адам екен. «Сендер бір өскен, өнген әкенің ұлдары екенсіңдер. Бұл базарда жақсы ат жоқ. Одан да мына менің атымды алыңдар» деп Торжорғасын беріп кеткен. Енді осы аттың жүрісін қызықтауға Мағаштар қала орталығына келе жатыр.

Торжорға шынында да тайпалған су жорға екен. Әбсәмет онымен бәйгеден қаланың байы Әбдуәлиевтің боз жорғасынан бір квартал озып жетті. Кешке жамырай қуанып үйге келгенде, Әбіш те жадырап Әбсәмәтке Кавказда емделіп жүргенде сатып алған бағалы қанжарын сыйлады. Әбіштен алған сыйына риза болған олар науқастың бөлмесінен шығып, қонақ үйге шайға отырысты. Осы кезде үйге екі адам кіріп келді. Келгендердің бірі Мағаштарға атын берген Дәт болатын. Екіншісі Жетісуға аты шыққан ақын Жамбыл еді. Дәт алдымен Торжорғаның бәйгеден озып келгенімен құттықтады. Сосын Жамбылды таныстырып, Әбіштің көңілін сұрай келгендерін, бірақ қазақта науқастың көңілін күн батқасын сұрамайтынын, осында қонып таңертең Әбішке кіретіндерін жеткізді.

Тағы үш күн өткенде Абайдан телеграм келді. Хатта: «Әбіштің жайы қалай? Жасырмай бәрін жаз!» депті. Мағаш әке хатын оқып бергенде Әбіш үн қатқан жоқ. Тек бас жағында жатқан книжкасын нұсқады. Мағаш Әбіш жанарынан «әкеме жауабым осы» деген белгіні аңғарды. Книжкада арапша жазумен жазылған: «Аға, қош! Арман-тілегіңді ақтай алмадым...Барымды бере алмай кеттім!.. Тағы бір арманым – Мағрипа! Қызығым едің... Алаңсыз көңілім саған адал... Рахиланы сүйдім» деп жазылыпты. Түстен кейін Әбіштің нашарлап жатқанын естіп үйге адамдар келе бастады. Түнде Фидлер келіп, Әбіштің басынан сипап ұзақ отырып, ештеңе айтпай шығып кетті. Таң қылаң бере Әбіш үзілді. Көптен бері барлық пен жоқтықтың арасында жатқан аяулы жан өмір шегінен ақырын ғана жылжып өтіп кетті.

Абайдан келген телеграмға енді Әбсәмәт көңіл айтып жауап жазды. Баласының сүйегін қалай қою керек екенін сұрады. Абайдан қайта телеграм келді. Хатында ол баласының еліне жетіп өтсем деген арманы барын, уақытша Алматыға қоя тұруын айтыпты. Әбіштің жаназасына халық көп жиналды. Өтегелді мен Майқан лақатқа өз қолдарымен Әбішті қойып: «Аманат-аманат!» десті. Қазаға келген Жамбыл ақын алғашқы сөзді өзі бастады:

«Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі жеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда...» - деп ұзақ жұбату жырын айтты.

Әбішті жер қойнына тапсыра салысымен Мағаштар Абайдың шақыртуымен тезінен Семейге жүріп кетті. Жер лайсаң болып, көп аялдап жиырма күн дегенде зорға жетті. Бұл кезде Семейде Абайға көңіл айтушылар келіп жатыр еді. Абай ашылып көп сөйлемейді. Бір кезде Затондағы жұмысшылар да көңіл айта келді. Әбді Әбіштің қазасына байланысты саналы арманын айтты. «Ортамызға келіп ақылымен, білімімен басшылық ететін есіл ер! Досың болса осындай болсын. Дәрмендей жалғыздар Әбіштен пана тауып еді. Біз де жетім қалдық. Заманымызда мұңымызды ұғып, қамымызды жейтін қай қазақтың оқығанын көріп отырмыз?!» деді. Осы сөз Абайға зор жұбаныш болды. Әбендер кеткеннен соң:

«Білім алдың бас болдың,
Көкірегіңді кермедің.
Ел ішіне сау келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің?!...» деп тағы бір у толқынын құшқандай еді...

Әбіштің қазасына қатты қайғырғандардың бірі – Павлов. Ол үш күн бойы Абайдың қасынан шықпай Әбіш туралы айтты. Баласының өзіне жазған хаттарын әкеліп оқып берді. Павловша жұбата білген тағы бір ескі досы Михайлов. Ол Алтайдан Әбіштің алғаш орысша оқуға апарғандағы қызықтарын баяндап ұзақ хат жазды. Әбішке екінші әке бола білген Михайлов сөздері қағазға өлең болып түсті. Мағаш келген соң да ақын шабыты іркілген жоқ. Қатарынан бірнеше өлең жазылды. Сол орайда Мағаш Әбіштің қоштасу хатын көрсетті. Ұақ әңгімеден соң Абай:

«Жиырма жеті жасында,
Ғабдырахым көз жұмды.
Сәулең болса басыңда,
Кімді көрдің бұл сынды?!» - деп кей жастарға оны үлгі ете жырлады.

Мағаш келген күннің қарсаңында Абай өзі шешіп, байлаған бір жай бар еді. Үш күндей Мағаштан Әбіш жайына қанып алған соң сол байлауды білдірді. Ең әуелі күн қызбай тұрып Әбіштің сүйегін алдырмақ болысты. Сол оймен Өтегелді мен Майқанның қасына үш кісі қосып, үш арбамен Алматыға аттандырды. Мағашты бөгемей Ақшоқыға жіберді. Өзі қасына Дәрмен мен Баймағамбетті алып қалада қала берген. Тек Өтегелділер бері қарай шықтық дегенде қаладан қозғалды. Әбіштің сүйегін Аягөзден бұрып Тобықты ішімен Ақшоқыға жеткіз деп Өтегелдіге тапсырған болатын. Осыдан он бес күннен кейін Абайдың тілегі орындалды. Май айының орта кезінде Ақшоқыдағы Абай аулында Әбіштің сүйегін тосып алған жұрттың жиыны қалың болды.

Ділдә мен Мағрипаға Әбіштің жүзін соңғы рет көріп, қоштасуға рұхсат берілді. Ол екеуін Өтегелді мен Майқан алып кірді. Ділдә ұлын көргенде «құлыным» деп зар төкті. Талайдан Әбіштің қасында болған Майқан мен Өтегелді де жерге отыра кетіп жылай берді. Мағрипа болса жылай да алмады. Ділдә Әбіштің жүзін ашқанда сылқ етіп құлап түсті. Ғажап, Әбіш ұйықтап жатқандай өңі бұзылмапты. Тек самай шашы ғана түскен екен. Екі әйелді көп тұрғызбай Өтегелділер әкетуге айналды. Сол сәтте ғана үні шыққан Мағрипа: «Әбішім, жаным! Антым міне!... Жүзіңді көріп атаған сертім сол... Мен де өмірді талақ еттім! Сенсіз дүние маған жоқ!.. Жетемін... Соңыңнан тез жетемін!..» деді де талып жығылған қалпында Өтегелдінің бауырына құлай берді...