Зиян "пайдалы" тағамдар

Заманауи жарнама құралдары денсаулыққа еш пайдасы жоқ тағамдарды да бізге жақсы деп үйретіп келеді. Кейбір шын мәнінде зиян болатын, бірақ бізге пайдалы деп таныс тағамдарды біліп жүріңіз.

Диетаға арналған нан

Түрлі дәнді дақылдардан әзірленген, арнайы диетаға арналған нанды пайдалы, құрамындағы талшықтар асқорыту жүйесін жақсартады деген пікір қалыптасқан. Бірақ жиі жағдайда дәнді дақылды нанда дәннің ұны ғана қолданылады, ал ол өз кезегінде соншалықты пайдалы болмайды. 

Асқорыту жүйесіне нағыз пайданы тұтас дәнді нан ғана әкеледі. Тұтас дәндерден пісірілген нанда дәннің кебегі сақталады. Дәл осы кебек асқазанға пайдалы болып, ішектерді тазалайды.

Дайын таңғы ас

Дайын таңғы ас тұрмақ, таңғы асты ішудің өзі денсаулыққа пайдалы деп білеміз. Ал қораптарға сұрыпталған дәнді дақылдар таңғы қалайша пайдалы болмайды?Өндірушілер астың дәмін келтіру үшін дайын таңғы асқа қант пен канцерагенді қоспалар қосады.

Мюсли аталатын тұтас дәнді дақылдар мен жаңғақ, кептірілген жемістен тұратын таңғы ас тәтті дайын таңғы астардан әлдеқайда пайдалы. Гранола атты таңғы ас та тек табиғи дәндер мен жаңғақтар мен балдан әзірленеді. Келесіде дайын таңғы астардын осы түрлерін алып көріңіз.

Cуши мен роллдар

Әрине суши мен ролдардағы піспеген балық, күріштің калориялығы төмен болады. Бірақ ең дәмді суши түрлеріне жиі жағдайда майонез, ірімшік, қуырылған құрамдас бөліктер қосады. 

Үйреншікті сушиге тапсырыс бергенде оның арасынан ең диетикалық түрлерін таңдап, расымен тек теңіз өнімдері мен күріштен әзірленгенін таңдаңыз. Сондай-ақ көкөністерден жасалынатын ролдар, кимбаптарға назар аударыңыз.

Шырын

Шырын жемістердің дәрумендері мен табиғи пайдалы заттардың қайнар көзі деп білеміз. Бірақ дүкендегі дайын шырынға қант пен бояғыш заттар, су қосады. Келесі жолы пайдалы шырын ішкіңіз келсе, жаңа сығылған түрін іздеңіз немесе кез-келген жемісті жеңіз.

Ал сіз қандай зиян "пайдалы" тағам түрлерін білесіз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: photo.99px.ru, goodfon.ru