Жастайынан музыкамен айналысқан баланың когнитив ойлауы дамып, есте сақтау қабілеті артады. Мұны дәлелдеу үшін Чили ғалымдары тәжірибе жасапты.
Нейробиологтардың зерттеуі Frontiers in Neuroscience журналында жариялаған. Ғалымдар 10-13 жас аралығындағы 40 баланы алып, екі жылдай зерттеу жүргізген. Жиырма баладан екі топқа бөліп, бірінші топтың оқушыларын аптасына екі рет ансамбль мен оркестрге қатыстырып, музыкалық аспаптар үйреткен. Ал екінші топ ондай үйірмелерге бармаған.
Екі жылдық бақылаудан кейін балалардың ақыл-қабілеті мен жұмыс жадын білу үшін арнайы тестілеу өткізген. Оларға абстрактілі, визуал бейнелер көрсетіп, қысқа әуендер тыңдатып, есте сақтау қабілетін тексерген.
Ал балалардың ми белсенділігін функционалды магниттік-резонанстық томография арқылы бақылап, ми реакциясы мен оның кері байланысына, уақыты мен нақтылығына мән берген.
Нәтижесінде екі топтың да балалары бірдей жауап беріп, теңдей реакция білдіргенімен, музыкамен айналысқандардың нақты жауап беретіні, бірнеше дыбыс пен бейнені бір уақытта оңай ажырата алатыны байқалған.
Томография музыкамен айналысқан балалардың "фонологиялық ілмек" атты мидың алдыңғы және ортаңғы бөлігіндегі арнайы құрылымның белсенділігі жоғары болатынын көрсетті. Ал мидың бұл бөлігі дыбыс пен бейнені тез қабылдау мен соған сәйкес қимыл-әрекеттің жылдам түзілуіне ықпал етеді.
Мұндай балалар шынайы өмірде тез шешім қабылдай алатын болады.
Күрделі тапсырмалар мен міндеттерді шешуіне көмектесетін қуатты когнитив ойлау жүйесі қалыптасқандықтан, психологиялық жағынан төзімді, шығармашылық қабілеті дамыған келеді. Соның арқасында өмір сүру сапасы да жоғарылайды.
Ғалымдардың айтуынша, музыка баланың жады мен есту қабілетін әжептәуір жақсартады. Алдағы уақытта ғалымдар жад пен есту қабілетінің қалай бір-біріне әсер ететінін зерттеуді көздеп отыр.