Ара-тұра, уақытша ашығу мен белсенді физикалық жаттығу – адам ағзасына барынша көбірек пайда әкелетін жол. АҚШ ғалымдары зерттеу жүргізу арқылы осындай қорытындыға келді.
Бригам Янг Университетінің зерттеушілері уақытша ашығу мен белсенді физикалық жаттығу кезінде метоболизм үрдісінің қаншалықты тез жүретінін байқамақ болған екен. Әсіресе, адам ағзасына ең қажет отын – глюкоза таусылған кезде ағзаның қандай күйге түсетіні қызықтырған.
Зерттеушілердің айтуынша, адам ағзасы ашыққан кезде глюкоза жетпей, кетон сынды органикалық затты бөліп, кетоз жағдайына түседі. Яғни, энергия өндіру үшін ағзадағы майларды еріте бастайды.
Ал мұндай механизм артық салмақтан арылуға, диабеттің, қатерлі ісік пен Паркинсон және Альцгеймер ауруының алдын алуға көмектеседі.
Ағза кетоз жағдайына тез жеткізудің бір жолы – дене шынықтыру, белсенді физикалық жаттығу немесе көбірек қозғалу. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, физикалық жаттығу (жүгіру, гантель көтеру, жаттығуға бару) кетон тәрізді заттардың бөлінісін 43 пайызға дейін көбейтеді екен. Бұл өз кезегінде ағзаның ашығудан көбірек пайда көруіне көмектесетін көрінеді.