Алтын түстес зәйтүн майының адам денсаулығынан бөлек сұлулық үшін де атқарар қызметі зор. Бұл майдың негізгі ерекшелігі ағзаға сіңімділігі 100% болғандығында. Ал салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, өсімдік майының сіңімділігі 83% құраса, жүгері майы 36%. Бұдан бөлек зәйтүн майының денсаулыққа пайдасын мына жайттардан біле аласыз. Зәйтүн майы құрамындағы Е дәрумені ағза жасушаларының солуына бөгет болады. Осы себеппен ол ағзаның қартаюын баяулатады, теріні тегістеп, әжім түсуінің алдын алады. Майды теріге қолданғанның пайдасы мол. Ол құрғақ және сезімтал тері үшін таптырмас жұмсартқыш зат және тері жасушаларының ылғалдылығын жоғалтуына жол бермейді. Дәрігерлер бұл майды атеросклероз бен басқа жүрек қан-тамыр жолы ауруларының алдын алуда қолдануға кеңес береді. Ол ағзадағы жақсы холестерин деңгейін арттырып, артерияда атеросклеротиялық түйін жасаушы жаман холестериннің азаюына ықпал етеді. Тырнақты қатайтып, тырнақ айналасындағы теріні жұмсарту үшін зәйтүн майдың пайдасы көп. Оны жүзеге асыру үшін зәйтүн майы мен лимон шырынын араластырып, кішігірім бұлауша жасау керек. Зәйтүн майы қант диабетінің алдын алады. Себебі ол қан құрамындағы глюкоза деңгейін төмендетеді. Зәйтүн майы асқазан, ішек, ұйқы безі және бауырдың қызметін арттырады және асқазан мен 12 елі ішек жарасының жазылуын жалдамдатады. Ал асқазан жарасынан арылу үшін таңертең ашқарынға майдың 1-2 шай қасығын ішу керек. Отырыс алдында зәйтүн майының 2 қасығын ішіп, аздап қулық жасауға болады. Ол ішімдіктің салдарынан масаңданудың алдын алады. Іштің қатуынан, дәреттің қалыпсыздығынан жапа шегушілерге күнделікті таңертең ашқарынға 1 шай қасық зәйтүн майын ішкен пайдалы. Сонымен қатар оны көтеу дертін емдеуде де қолданады. Бауыр аурулары мен өт қабы ауруларын емдеу кезінде зәйтүн майының аурудың тез, білінбей өте шығуына ықпалы зор. Мұндай науқастарға да ашқарынға 1 қасық зәйтүн майын ішіп тұруға кеңес береді. Зәйтүн майын сақтауда мұқият болу керек. Себебі ол тез бұзылады. Құтыдағы май жасалған күннен бастап 6 ай ішінде қолдану керек. Ал майдың бұзылуына әсер ететін негізгі факторлар жылу, жарық және ауа. Сондықтан май ыдысын терезе алдына немесе пеш жанына қоймаған дұрыс. Дұрысы 12-14 градус температурадағы қараңғы жерде сақтау керек. Қақпағы ашылған құтыдағы майды мүмкіндігінше 1-2 ай ішінде пайдаланып тауысқан жөн. Сонымен қатар бір рет қыздырылған майды екінші рет пайдаланбаңыз. Себебі жоғары температурада қыздырылған май құрамында мутагенді және канцерогенді әсері бар улы заттар түзіледі. Денсаулығыңызға пайдалы әрі жастықты ұзартатын, сұлулықтың кепілі бола білетін майды таңдағанда абай болыңыз! Тек жоғары сұрпын ғана таңдаған дұрыс.