Маусым айына қарай COVID-19 таралуы бәсеңдейді, содан кейін коронавирус пандемиясы аяқталуы мүмкін, дейді Гамалея орталығының бас ғылыми қызметкері, вирусолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Альтштейн. Бұл туралы Lenta.ru жазды.
Альштейннің айтуынша, әлемде COVID-19 вирусының таралу қарқыны біртіндеп төмендеп келеді. Коронавирусқа қатысты жағдай қазір екі жыл бұрынғыдан мүлде басқаша, сондықтан індет жақын арада жойылады, деп есептейді вирусолог.
"Бізде екпе алған адамдар өте көп. 50 пайыздан астам адамға вакцина егілген. Жалпы, індет аяқталады. Маусымға дейін вирус жұғу көрсеткіші төмендейді", - деді Анатолий Альштейн.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавируспен екі жылдық күрестің қорытындысын шығарған болатын. Екі жыл ішінде қазақстандықтар 1 айдан 3 айға дейін созылған сырқаттанушылықтың бес этапын бастан өткерді.
Жалпы, 10,3 млн адам – республикадағы жалпы халықтың жартысынан астамы І компонентпен, 9,7 млн адам – ІІ компонентпен егілді. 2,9 миллион адам қайта вакцинацияланды.
Қазіргі уақытта барлық дерлік шектеу шаралары алынып тасталды, эпидемиологиялық жағдайға сәйкес барлық өңірлер «жасыл» аймақта тұр.