Энгельгардт атындағы Молекулярлық биология институтының жасуша пролиферациясы зертханасының меңгерушісі, вирусолог Петр Чумаков Ura.ru сайтына берген сұхбатында коронавирустан айыққандардың қайсысында иммунитет күшті болатынын айтты.
Чумаковтың айтуынша, COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырғандарда қатты ауырған адамдарға қарағанда, коронавирусқа қарсы иммунитет күшті болады.
"Тромбоз, тіндердің некрозы, гипоксия және т.б. – мұның бәрі ковидтің ауыр түрінде болады. Бұл, әрине, иммундық жүйеге үлкен зиян келтіреді", - деді вирусолог.
Маман коронавирустың жеңіл түрінен иммунитет те төмендейтінін, бірақ уақытша екенін атап өтті. Бұл кез келген аурумен ауырғанда болады, өйткені иммундық жүйе өзінің барлық күшін патогенмен күресуге жұмсайды. Уақыт өте келе әлсіреген иммунитет қалпына келеді.
"Ағзада COVID-19-дан кейін пайда болған иммунитет басқа аурулардан да қорғай алады”, - деді Чумаков.
Бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирусқа қарсы қоғамдық иммунитеттің деңгейі 53 пайызды құрағанын айтқан болатын.