Еуропа елдері, Қытай мен Жапонияда велосипед басты көлік құралдарының біріне айналған. Біздің елімізде де велоспорт жақсы дамып, күнделікті жұмыс пен сабаққа велосипедпен барып келетіндердің қатары көбейіп жатыр. Егер сіз бұрын-соңды велосипед теуіп көрмесеңіз, елден қалмай, бұл денсаулыққа пайдасы мол, көңілді сергітетін спорт түрімен айналысып көріңіз.
Мамандардың айтуынша, велосипед серуендерінің мынадай жағымды жақтары бар.
Велосипед тебу бұлшық етті жаттықтырып, ағзаның төзімділігін арттырады. Қала көшелерінде велосипедпен жүру тез әрі ыңғайлы, жол тығындары кезінде велосипедтің көліктер алдындағы артықшылығы қатты байқалады.
Көлікпен салыстырғанда велосипедтің тағы да бірнеше артықшылығы бар: парковка, бензин, штраф төлеуге артық ақшаңыз кетпейді.
Велосипедті өзіңіздің басты көлігіңіз ретінде таңдауыңыз экологияның жақсаруына қосқан үлесіңіз болып саналады. Велосипед қоршаған ортаға мүлдем қауіпті емес.
Велосипедпен серуен көңіліңізді көтеріп, күні бойы сергек жүруіңізге кепіл болады.
Велосипед тебу – артық салмақ тастауға жақсы көмекші бола алады. Ол аяқ бұлшық еттерін жаттықтырып, сізді шымыр қылады.
Велосипед тебу жүрек-тамыр жүйесін жақсартады. Ал егер велоспорт күнделікті әдетіңізге айналса, жалпы денсаулығыңыз жақсы болады.
Велоспорт стрестен арылу мен жастықты ұзаққа сақтаудың әмбебап жолы. Зерттеулер көрсеткендей, велосипедпен әуестенетіндердің орта жасы басқалармен салыстырғанда 5 жасқа ұзақ екен.
20 жылға жалғасқан бұл зерттеуге велосипед тебетін 5 мың адам қатысты. Олардың әрқайсысы велосипедті күнделікті қолданатын жандар. Зерттеу нәтижесінде велосипедті жоғары жылдамдықта айдайтындардың өмір жасы ұзағырақ болатыны дәлелденді. Алайда велосипедті тым тез айдау жүрек аурулары бар, физикалық жаттығуларға үйренбегендерге зиян болуы мүмкін.
Велосипед серуендері кезінде аяқ, сан бұлшық еттері жұмыс жасайды. Сонымен қатар іш, жамбас, балтыр, тобық та жаттығады. Бұндай спорт түрі қимыл-қозғалысында қиындықтары бар, варикозға шалдыққандарға жақсы ем бола алады.
Педальдарды табанның алдыңғы бөлігімен басыңыз. Велосипед тепкен кезде қол, мойын, арқаңызды босаңсытып отырыңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: velogadget.ru, politiken.dk