Вегето-қантамыр дистониясы: жұмбағы көп ғасыр дерті

Медицина мамандары бұл ауруды бұрын жоққа шығарған еді. Себебін ауруға қарсы емдеу шараларының болмауынан деп түсіндіреді.

Атауы күрделі вегето-қантамыр ауруының басты себебі - күйзеліс болып шықты. Дәрігерлер күйзелістің біраз ауруларға себеп болғанын айта келіп, онымен күресудің медициналық, психологиялық, тіпті әлеуметтік жолдарын іздеген.

Вегето-қантамыр дистониясы (ВҚД) туралы алғашқы мәліметтер Америкада жарияланды. АҚШ оңтүстігі мен солтүстігінің өзара соғысы барысында дәрігерлер жауынгерлердің ішкі қан тамырлары жүйесіне зақым келгенін анықтаған. Өткен ғасырдың 20-жылдары Ресейде бұл ауру “қатерлі” болып танылды. Ауруға шалдыққан науқастың шағымдарына жауап табылмай, аурудың сипаты түсініксіз болғаннан кейін, бұл індетті емдеу мен шешімін шығару қиынға соқты. Қазіргі таңда, дәрігерлер шеңберінде бұл ауруға қатысты дау көп.

Қантамырлары сыр берген жандар қатары күн санап үдей түсуде. Қазіргі таңда, бұл ауруға жер бетіндегі адамдардың 70%-ы шалдыққан. Көбінесе бойшаң әрі жүдеу кісілер, сонымен қатар, моральдық және физикалық жағдайына көп ауыртпалық түсетін жандар бұл ауруға осал келеді.

“Дәрігер, менің бүкіл денем маза бермей ауырады”, — деген шағыммен келетін науқасқа дәрігердің қоятын ең алғашқы диагнозы — вегето-қантамыр дистониясы. Зерттеушілер бұл аурудың 150 көрсеткіші мен 50 синдромын анықтаған. Кейде дәрігерлер қандай да бір ауруды анықтай алмай жатса, қантамырлар жүйесіне сілтей салатын көрінеді. Мұндай жағдайларға ұшырасып, зардап шегіп жатқан науқастар көп. Дәрігер жүрек-қантамырлар жүйесі (ВҚД) сыр берген деп, жүйке ауруларын емдейтін бөлімшеге жатқызған науқастың, кейін астма немесе өкпе ауруынан зардап шеккендігі анықталған.

Зерттеу барысында, қан тамырлары ауруларының белгілі бір індет емес, бірнеше симптомдардың жиынтығы екені белгілі болды.

“ВҚД” яғни, жүрек-қантамырлары ауруларының алғашқы белгілерін дәрігерлер былай белгілеген:

—    Есінен тану, жүрек пен кеуде айналасына шаншу қадалғанын сезіну;

—    Дене қызуының тұрақсыздығы мен өңнің солғын тартып, не қызаруы;

—    Тұла-бойының біресе терлеп, біресе қалтырап тоңуы;

—    Әр түрлі аурулардың өршуі, көп жағдайда бас пен жауырыннан ауырлық сезіледі;

—    Эмоциялық көңіл-күйдің бұзылуы: тез шаршау мен психологиялық қамкөңілдік.

 

Факторлары

Бұл ауруды тудыратын алғашқы фактор — эмоциялық көңіл-күйдің түсуі мен күйзеліс. Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-психотерапевт Дмитрий Мерзляковтың айтуынша, ВҚД ауруына шалдығатын жандар көп жағдайда уайымға беріліп, жабырқап жүреді. Кәсіби сөзбен айшықтасақ, адам күйзеліске түскенде, оның сезу мүшелерінің қызметі төмендейді. Бұл аурудың тұқым қуалауы мүмкін. Мәселен, холериктер өмірге белсенді. Айналасында болып жатқан әр құбылысқа сезімтал келетіндіктен, олардың бұл ауруға шалдығу қаупі жоғары.

Кейбір зерттеушілер «ВҚД ауруының басты себебі — қанның ағзада дұрыс айналмауынан», - деп түсіндіреді. “Сіз қантамырға жалғанбаған сау мүше көрдіңіз бе? Адамның алпыс екі қан тамыры бойындағы барлық он екі мүшесінің арасын жалғап, адамның өмір сүруін қамтамасыз етеді” — деп түсіндіреді дәрігер-остеопат Дмитрий Мохов. «Мәселен, неврология бөлімшесінде жасайтын бірде-бір дәрігер бас сақинасы ауруын іштің кебуімен байланыстырмайды. Алайда, бұл екі ауру та қанайналым жүйесіне әсер етеді. Сондықтан, қантамыр ауруларының ушығуына да негіз болуы мүмкін.


Кеңес: бойыңыздан қуат кетіп, денсаулығыңыздың сыр беріп жүргенін байқасаңыз, қантамырлар ауруы деп, қате ем қабылдаудан аулақ болыңыз. Себебі, бірнеше індет белгілері “ВҚД” ауруымен ұқсас келеді. Және есте сақтайтын маңызды жайт: кеуде қуыстарынан байқалатын әр шаншуға селқос қарамай, шұғыл емдеу қажет. Кез келген жай шаншумен, уақытша дене қызуының көтерілуі артында үлкен аурудың тұру мүмкіндігін ұмытпаңыз. Дер кезінде алдын алған сырқаттан оңай жазылуға болады. Жылына бір рет кардиолог, бір рет фтизиатор маманның тексеруінен өтіп тұрған жөн.

Енді күйзеліс туралы

Күйзеліс деп сыртқы орта әсерінен болатын сары уайым, жабырқауды айтады. Алайда биологиялық әсерден де адам ағзасы шаршап, күйзеліске ұшырауы мүмкін. Мысалы, гормоналды өзгерістер. Қантамырлар ауруының басталу кезі өтпелі шақтағы гормондардың ауысуымен, жүктілік және әйелдерде болатын климакс кездерінде байқалады. Бұл синдромдардың ушығуы мида қатерлі ісіктің пайда болуымен аяқталуы мүмкін. Кез келген ауру бірінші кезекте, миға ауыр күш түсіреді.

Тек дүрбелең болмасын!

Көпшілік “ВҚД” ауруын мерзімдік тұмаумен шатастырып жатады. Бұл жағдайда да қате ем қабылдап, ауруын ушықтырып алуы мүмкін. Қантамыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ойлап табылмағандықтан, ауруға төтеп берудің амалы: дұрыс таңдалған ем жолы мен аурудан айығып кетуге деген ұмтылыс.

“ВҚД” ауруының бетін қайтару үшін кешенді ем қабылдау керек. Қазіргі медицинада емдеудің әдіс-тәсілдері көп. Тек оларды шатастырмау қажет. Әдістер қатарына диета, психотерапия, фитотерапия және дене шынықтыру жаттығулары кіреді.

“ВҚД” ауруымен күресудің жолдары

Егер бұл дерттен дәрі-дәрмек таба алмай жүрсеңіз, босқа әуреге салынбаңыз... Өйткені, бұл аурудан айықтыратын препарат әлі шығарылған жоқ. Шығу мүмкіндігіне де үміт аз. Өзіңіз күш салмасаңыз, ешбір дәрігер-маман сізге көмек бере алмауы мүмкін. Сондықтан, ауруды болдырмау үшін таза ауада серуендеуді жиілетіңіз, дене шынықтыру жаттығуларын жасап жүріңіз. Дегенмен, жаттығулармен абай болу қажет. Себебі, жүрек пен тамырларға айтарлықтай күш түседі. Егер басқа уақытта дене жаттығуларын жасауға күш пен уақытыңыз жетпей жатса, таңертеңгілік 10 минутыңызды бөлсеңіз де, жетіп жатыр.

Тамақтану тәртібін сақтау — аурудың бетін қайтарудың бірден-бір жолы. Асыңыздың құрамына мән беріңіз. Бидай мен көкөністі тағамдардың санын көбейтуге дағдыланыңыз. Дәрумендері мол тағамдар жүрек пен қантамыры жүйелеріне жағымды әсер бере алады.

Емдік қасиеттері мол өсімдіктердің көмегіне жүгініңіз. Қазір емдеу орындарында шөппен емдеу әдісі танымал. Оның шипасы мол. Дәріханаларда да дайын шөптік өнімдер көп. Розмарин мен биостимулятор көңіл-күйді көтеріп, дене ауыртпалығын жеңуге көмектеседі. Ал қозу мен мазасыздықтан валериана, пустырник, боярышник деген дәрмектер құтқарады.

Рефлекстік емдерді де қолданып көріңіз. Бұған массаж, ине салу емдері кіреді. Ауырған мүшелерді қатты уқалау сырқаттан құлан-таза айығуға септігін тигізеді. Алтын инемен емделудің де пайдасы зор. Ол буындардың жұмысын жақсартып, жүйке жүйесіне де тыныштық сыйлайды.

Жоғарыда аталған қарапайым қағидаларды ұстансаңыз, жер бетіндегі адамзатты түгел шарпып өткен вегето-қантамыр дистониясы сізді айналып өтеді деп үміттенеміз. Бастысы, күйзеліске жол бермей, салауатты өмір салтын ұстаныңыз.

Суреттер doctor54.ru, ayzdorov.ru сайттарынан алынған