- Негізгі бет
- Денсаулық
- Вакцина қалай жасалады?...
Вакцина қалай жасалады?
Бүгінде елдегі эпидемиология жағдайы әлі тұрақтала қойған жоқ. Вакцина егу жұмыстары жыл басынан бері қолға алынса да, оған әлі сенімсіздік танытатындар бар. Медициналық білімді жаңғырту мақсатында бүгін назарға вакцина құрамына кіретін бөліктер мен олардың жасалу жолын ұсынамыз.
Вакцинаның аурудан қорғайтынын білсек те, оның құрамында қандай ингредиенттер барын біле бермейміз. Әдетте вакциналардың құрамына ауру тудыратын микроағза бөліктері мен оны жасауда қолданылатын арнайы бағдарламалар болады. Сонымен қатар, вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де құрам бөліктері бар. Вакцинаның әрбір бөлігі белгілі бір мақсатта қызмет етеді және өндіріс барысында бірнеше рет сынақтан өтеді.
Вакцина құрамында қандай заттар болады?
Антиген
Барлық вакцина негізгі белсенді бөлік антигеннен тұрады. Олар ағзада иммундық қызмет атқарады. Антиген ауру тудырғыш микроағзаның нәруыз немесе көмірсу сияқты кішкене бөлшегі болуы мүмкін. Кейде әсерсіздендірілген немесе әлсіретілген тұтас микроағза болады.
Консерванттар
Консерванттар вакцина құтысын ашқаннан кейін контаминацияға ұшырамауы үшін керек. Әсіресе, оны бірнеше адамға қолданатын болса пайдаланады. Бір реттік вакциналарда әдетте консерванттер болмайды, бір дозадан кейін олар жарамсыз болып қалады.
Консерванттар арасында ең танымалы — 2-феноксиэтанол. Оны вакциналарға және балалар күтіміне арналған өнімдерде қолданылады.
Стабилизатор (Тұрақтандырғыш)
Стабилизатор вакцина құрамындағы бөліктердің өзара химиялық реакцияға түсуінен және ыдысқа жабысып қалуынан сақтайды. Стабилизатор қызметін көмірсулар (лактоза, сахароза), аминқышқылдары (глицин), желатин және нәруыздар атқарады.
Беттік белсенді заттар
Беттік белсенді заттар вакцина құрамындағы заттарды біріккен күйінде сақтайды. Олар тұнбаның түзілуінен, элементтердің жабысып қалуынан сақтайды. Сонымен қатар, беттік белсенді заттарды балмұздақ сияқты тағам өндірісінде кеңінен қолданады.
Қоспалар
Бұл қатарға белсенді қызмет атқармайтын, соған қарамастан вакцина құрамы үшін маңызды саналатын ұсақ бөлшектер жатады. Олар жұмыртқа ақуызы, ашытқы не антибиотиктер болуы мүмкін. Ол өндіріс үдерісі барысына сәйкес қолданылады. Мөлшері кішкентай болатыны соншалықты, оларды миллионнан бір не миллиардан бір деген өлшеммен алады.
Сұйылтқыш
Сұйылтқыш — қолданбастан бұрын вакцинаны дұрыс концентрацияда еріту үшін қолданатын сұйықтық. Көбіне сұйылтқыш ретінде зарарсыздандырылған су қолданылады.
Адъюванттар
Кейбір вакциналар құрамына адъюванттар кіреді. Адъювант иммундық жүйенің вакцинаға реакциясын арттыру үшін егілген жерде вакцинаны ұзақ ұстау арқылы немесе иммундық жасушаларды ынталандырады. Адъювант вакцинаның құрамына өте аз мөлшерде қосылады. Олар алюминий тұздарынан құралады мысалы, алюминий фосфаты, алюминий гидроксид немесе калий-алюминий сульфаты). Өйткені, адам күнделікті өмірде, соның ішінде тағам тұтыну барысында алюминийді жиі қабылдайтыны және оның ағзаға айтарлықтай залал келтірмейтіні белгілі болған.
Вакцинаның жасалу кезеңдері
Жиі қолданылатын вакциналар жылдар бойына сыналып, адам ағзасына зиянын тигізбейтіндей дәрежеде жетілдіріліп отырады. Оның үстіне миллионнан астам адам жылына түрлі аурулардан қорғайтын вакцина ектіреді. Басқа дәрі-дәрмектер сияқты вакцина да ауқымды тексерістен өтеді. Оның зияны мен пайдасы сараланып, адам ағзасына қалай әсер ететіні сыналады. Содан кейін ғана вакцина қолданысқа енеді.
Жасалған кез келген вакцина қандай антиген иммундық реакцияны тудыра алатыны белгілі болғанша бірнеше сынақтан өтеді. Клиникаға дейінгі сынақтың бәрін адамның қатысуынсыз жасайды. Тәжірибелік вакциналар алдымен жануарларға сыналады. Сол арқылы оның қауіпсіздігі мен аурудың алдын-алу қабілетін анықталады.
Егер вакцина иммундық реакция тудыра алса, сынақ клиникалық дәрежеге өтеді. Бұл уақытта сынақтың бәрі адамның қатысуымен өтеді. Оның өзі үш кезеңнен тұрады.
Кезең 1
Вакцина бірнеше еріктіге егіледі. Сол арқылы вакцинаның қауіпсіздігін бағалап, оның иммундық реакция тудыратыны сыналады. Сонымен қатар оның дұрыс дозасы анықталады. Ереже бойынша ерікті ретінде тек жастар ғана қатыса алады.
Кезең 2
Кейін вакцина жүздеген еріктіге егіледі. Бұл кезеңде түрлі жас мөлшеріндегі адамдар мен түрлі құрамды вакциналар сыналады. Сонымен қатар вакцина алмаған адамдардан бөлек топ құрылады. Сол арқылы вакцина алған топтағы кез келген өзгеріс бақылауға алынады.
Кезең 3
Бұл кезеңде вакцина мыңдаған еріктіге енгізіледі. Алдыңғы кезең сияқты вакцина алмаған топ та бақылауда болады. Үшінші кезеңде оның тиімділігі және неғұрлым көптеген адамға әсері мен қауіпсіздігі анықталады. Сынақтың көбі әртүрлі елде, аймақта өтеді. Сол арқылы оның аймаққа байланысты тиімділігі де сыналады.
Екінші және үшінші кезеңде зерттеушілер де, еріктілер де кімнің вакцина, кімнің сынама құрылғы алғанын білмейді. Бұл әдіс арқылы олар қандай өнім алғанын біліп, алдын-ала тұжырым жасамауы үшін, оның тиімділігіне толық көз жеткізу үшін қолданылады. Сынақ аяқталғаннан кейін ғана еріктілер мен зерттеушілер кімнің вакцина алғанын біле алады.
Вакцинаның қолданысқа енгізгеннен кейін де тұрақты мониторинг шаралары жүреді. Ұзақ мерзім бойына қолданылса да зерттеушілер оны бақылауды тоқтатпайды. Сол арқылы оның әсерін анықтап, оны оңтайландыру шараларын іске арсырады. Басты мақсат — вакцинаның адам өміріне қауіпсіз болуын қамтамасыз ету.
Т. Есқали