- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұзақ өмір сүрудің...
Ұзақ өмір сүрудің құпиясы – тәтті ұйқыда
Түннің ортасында оянып, артынша ұйықтай алмай жататын немесе төсекке жата салысымен бірден ұйықтай алмайтын сәттеріңіз жиі бола ма? Олай болса, еш уайымдамаңыз. Назарыңызға төсекке жата салысымен бірден ұйықтауға көмектесетін әдістер тізімін ұсынамыз. Мәңгілік өмірдің құпиясы тәтті ұйқыда екенін ұмытпаңыз.
1. Жатын бөлмеңізде тазалық болсын. Көрпе мен жастықтың тысын апта сайын ауыстырып, далаға апарып қағып алыңыз. Мұнымен қатар жатын бөлмеңізді тек ұйқы үшін ғана арнауыңыздың да маңызы бар.
2. Бөлменің ішінен компьютер, ұялы телефон, планшет дегендерді алып тастаңыз. Бұл электр құрылғылар жатын бөлмені ойын-сауық алаңына айналдырып жібереді. Түн ортасында біреуі шырылдап, ұйқыны бөледі.
- Телефоныңызды басқа бөлмеде қуаттандырыңыз;
- Электр құрылғыларын ұйықтамас бұрын алдын ала өшіріңіз;
- Жатын бөлмеден тықылдаған дауысы шығатын сағатты да алып тастаңыз;
- Ұйықтар алдында белсенділікті де төмендетіңіз.
3. Ұйқы алдында аздап сергіп алыңыз. Бұдан өзге ынталандыратын істермен айналыспауға тырысыңыз. Оған компьютер, теледидардағы түрлі бағдарлама, видео ойындар және т.б. жатады.
- Теледидар мен видео ойындардың орнына кітап оқыңыз. Оқу тыныс алуды тұрақтандырып, бұлшық еттерді босаңсытады. Әсіресе, ең қызық емес деген беттерін оқу арқылы жылдам ұйықтай аласыз. Миыңызға да пайдасы тиеді.
4. Кешкі тамақты ертерек ішуге тырысыңыз.
5. Жаттығудың барлығын күннің бірінші бөлігіне ауыстырыңыз. Бұған дейін жаттығудың уақытына байланысты кестеңіз болмаса, оны жасаңыз. Денсаулығыңызға аэробикаға қарағанда тыныш ұйқының пайдасы мол.
6. Ұйықтамас бұрын шешілмеген мәселелеріңізді ретке келтіріңіз.
- Келесі күнге арналған ең маңызды деген істердің тізімін жасаңыз;
- Киімдеріңізді үтіктеп, керек заттарды жинастырып қойыңыз. Алдын ала дайындық жайлылық сыйлайды;
- Мазалайтын дүниелердің барлығын қағаз бетіне түсіріңіз;
- Біреумен қақтығысып қаламын деп ойласаңыз, айтар жауабыңызды алдын ала ойластырыңыз. Дайын іс тыныш ұйқыға кепілдік береді;
- Өзіңіздің ілгерілеуіңізге де мән беріңіз. Әдетте өмірге деген қызығушылығымыз жоғалып, мақсаттарымызды айқындай алмаған кезде ұйқымыз қашады;
- Қағазға жетістіктеріңізді жазып, оны бір ыдыстың ішіне салып отырыңыз. Бір романды оқып бітірдіңіз бе, өзіңізге ұнаған қызды қараттыңыз ба әлде ата-анаңызды қуанттыңыз ба? Аптаның немесе айдың соңында оны ашып қарап, көптеген жетістіктерге жеткеніңізге риза боласыз.
7. Ұйықтар алдында сергіп алыңыз. Ол үшін уқалау, жеңіл керілу, медитация көмектеседі.
- Терең демалған сайын адамның ұйқысы келеді. Өкпеңізге ауа жұтып, 3-ке дейін санаңыз, артынша ауаны сыртқа шығарыңыз. Осы жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз.
8. Жылы душқа түсіңіз. Адам баласының денесі неғұрлым жылы, таза болған сайын, соғұрлым ерте ұйықтайды.
- Сусабынды қолданудың қажеті жоқ, бар болғаны таза сумен бір рет шайынып алыңыз. Ваннаға арналған көпірткіштер теріге әжім түсіреді. Сол себепті оны да аз пайдаланғаныңыз абзал.
9. Тыныштандыратын бір нәрсе ішіңіз. Ол жылытылған сүт немесе түймедақ шайы болуы мүмкін.
- Жаңғақ, сүт және банан ұйқыны келтіреді.
10. Ұйықтар алдында бөлмеге түсетін барлық жарықты сөндіріңіз. Терезенің пердесін де жабыңыз. Жарық ұйқы гармондарының бөлінуіне төтеп беріп, денені ынталандырады. Осының арқасында ағзаңыз мелатонин бөле бастайды.
11. Немесе жарықтан қорғайтын арнайы маскалар тағыңыз. Арасында көзге арналған лаванда жастықшаларын пайдалануыңызға болады.
12. Жайлылықты көбейту. Өзіңізге ыңғайлы болатындай жағдай жасаңыз. Денені қысып тұратын шұлықтарды шешіңіз. Ұйықтар алдында міндетті түрде дәретханаға барыңыз. Түн ортасында жылы төсектен тұрғыңыз келмей ұзақ жатуыңыз мүмкін.
13. Төсегіңізді дұрыстаңыз. Астыңызға төсейтін көрпелерді түзеп, үстінде қоқым болмауын қамтамасыз етіңіз. Түн ортасында ыстықтасаңыз, жастықтың екінші бетін жастаныңыз.
14. Жайлылық сыйлайтын әуендер қосыңыз. Ұйықтауға көмектесетін музыкаларды интернет желісінен табуға болады.
15. Жайлырақ жатыңыз. Жатқанда дұрыс жатуымыз керек. Жастықпен басты аз ғана көтеріп, шалқасынан немесе қырынан жатқан жөн. Ал екі бетімізбен жатқан кезде, мойнымызға салмақ түседі.
16. Жастық мойын түзу тұратындай болуы тиіс. Мұнымен қатар екі тізенің ортасына көрпені қысып ұйықтауымызға болады. Кейбір адам бірнеше жастық жастанады. Қанша жастық жастансақ та, бастысы өзімізге ыңғайлы болуы керек.
17. Төсектегі тыныштық. Қиялдауды ұнататын жан болсаңыз, өзіңізді бұлтпын деп елестетіп көріңіз.
- Сізге жылылық сыйлайтын сезім туралы ойлаңыз;
- Қатар тұрған сандарды елестетіңіз. Олар шексіз және 100-ден кейінгі сандар бұлыңғырланып тұр. Немесе 100-ден бастап 1-ге дейін санап көріңіз. Алайда сандарды математикалық дәлдікпен елестетудің қажеті жоқ.
18. Өзіңізді қай жерге барғанда жайлы сезінесіз? Ол әжеміздің құртының иісі аңқыған жайлау немесе осыған дейін ата-анамызбен, сүйіктімізбен қыдырып барған жер болуы мүмкін. Ол жерде серуендеп, тебіреніп жүргеніңізді елестетіңіз. Адамның бақытты шағы барлық қиындықты ұмыттырып жібереді.
19. Оқиғалар ойлап табыңыз. Үйіңіздегі кішкене іні-қарындастарыңызға қызықты ертегілер айтып беруіңізге болады.
20. Көзіңізді жұмып, өмірдегі ең бақытты сәттеріңізді еске түсіріңіз. Күдік пен мазасыздықтан арылыңыз.
21. Жаныңызда жатқан адам мазаңызды алса... Әдетте қасымызда жататын адамдар қорылдап мазамызды алады. Ондай кезде ақырын ғана басқа бөлмеге өтіп кеткеніміз жөн. Ертесінде бұл мәселені талқылып, қорылдаудан арылуға көмектесетін арнайы дәрілер сатып алуыңызға болады. Ал тұмау секілді жұқпалы аурулар болса, онда міндетті түрде басқа бөлмеде ұйықтағанымыз дұрыс.
Кеңестер:
- Көзіңізді жұмып, өзіңізді ұйықтап жатырмын деп сендіріңіз. Шуға мән бермеңіз;
- Ұйықтамас бұрын бірнеше бет кітап оқыңыз. Алайда қызығып, ұйқыны ұмытып кетпеңіз;
- Жатын бөлменің есігін жауып алыңыз;
- Төсектің керегеге тақалып тұрғаны жөн;
- Жеңіл кітаптар оқыңыз. Миыңыз оқиғаның шешімін білгісі келетіндіктен, ұйықтатпай қоюы да ғажап емес;
- Пижамаңыз кең әрі ыңғайлы болуы тиіс;
- Терең және ақырын тыныс алыңыз;
- Жайланып, еш нәрсе ойламауға тырысыңыз;
- Уақыт мәселесін де ұмытыңыз. Ерте ме кеш пе, міндетті түрде ұйықтайсыз. Сол себепті еш уайымдамаңыз;
- Жаныңызды сіңліңіз немесе бауырыңыз жатса, біраз уақытқа құшақтап алыңыз. Бұл да жылдам ұйықтауға көмектеседі.
Ал сіздің ұйқыңыз тыныш па?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: goodfon.ru, liveinternet.ru
Қ. Бүйенбай