- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұзақ өмір сүрудің...
Ұзақ өмір сүрудің қарапайым 4 амалы
Адамның ұзақ өмір сүруі ең алдымен әдетіне, ғұмыр салтына байланысты. "Сақтансаң, сақтайды" деген. Адамның ғұмырын ұзартуға не себеп, оның жолдары мен амалдары қандай – осы бағытта зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдар көп.
Ендеше солардың айтып жүрген ойларынан ұзақ өмір сүруге септігі тиетін қарапайым 4 амалды атап өтейік.
Жүру, қимылдау
Көбірек қимылдаған, әсіресе, жаяу жүруге, серуендеуге көңіл бөлген адам жақсы өмірге лайық. Зерттеу көрсеткендей, адам күніне кем дегенде 30 минут (жарты сағат) жаттығу жасап, қимылдауы тиіс. Сонда жүрек пен қан ауруларынан, инсульт, басқа да қауіпті аурулардың алдын алмақ. 30 минуттық жаттығу не дегенге келсек, бұған кез келген қозғалыс жатады. Жаяу жүру, серуендеу, спортпен айналысу, баспалдақпен шығу, тауға шығу, тағысын тағы.
Көбірек қимылдаған адамның сүйегі мықты, бұлшықеті жұмыскер болады. Адамның ғұмыры содан ұзарады.
Ұйқыны жөндеу
Ұйқы ағзаға өте қажет. Ми мен денені қалпына келтіреді. Түнде жақсы ұйықтаған адамның ағзасы дұрыс жұмыс істейді, психикалық жай-күйі жақсарады, иммунитеті күшейеді. Дұрыс ұйықтамаған адамның депрессияға түсуі, диабет, жүрек ауруларын, тіпті қатерлі ісікті "іліп алуы" мүмкін.
Адам күніне 6-9 сағат ұйықтауы керек.
Ішімдік ішпеңіз
Ішімдік ішудің зиян екенін бәріміз білеміз. Алкоголь жүрек жұмысына кері әсер етеді. Аптасына 14 ыстақан ішімдік ішкен адамның ауруға шалдығу қауіпі зораяды.
"Ішімдікті аздап ішсе, денсаулыққа пайдалы деген бос сөз" дейді мамандар.
Жақсы тамақтаныңыз
Мамандардың айтуынша, адам барынша түрлі тағамнан жеуге тырысуы керек. Адам ағзасына зиян түсіретін, өмір қуатын алатын тағамдардан бас тартуы абзал.
Ғалымдардың айтуынша, ағзаға түскен зиянды тағам адам иммунитетін әлсіретіп, ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру қабілетіне кедергі келтіреді.Ал жасуша жаңармаған соң, ағза да тез қартаяды. Оның үстіне, зиянды тағам жейтіндердің көбі салауатты өмір салтын ұстанбайды. Спортпен, дене қимылымен айналыспағандардың да ағза теломері тез қысқаратын көрінеді.
Қ. Слямбек