- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұйықтай алмайтын адамдарға...
Ұйықтай алмайтын адамдарға кеңестер
Ұйықтай алмай, аунақшып жатқан кезде адам қиналып, ұйқысыздығы жайлы уайымға түседі екен. Ұйықтап кетудің қарапайым түрлерімен өзіңіз-ақ таныс шығарсыз. Бірақ ешкім білмейтін әдістерді Massaget.kz түсіндірмек.
1. Шие шырынын ішу
Ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша, шие шырыны тез ұйықтап қалуға сеп болады екен. Себебі оның құрамында ұйқы гормондарын арттыратын мелатонин бар екен. Қосымша пайда: шие шырыны көп өмір сүруге таптырмас сусын.
2. Ішіңізді сипап жатыңыз
Адам баласы күнделікті тұрмыстағы іс-әрекеттерге берілгені соншалықты, ұйықтар алдында да мың сан ойланып, сол ойлардан арыла алмай қояды. Ал қарныңызды айналдыра сипаған кезіңізде денеңіз босаңсып, жайбарақат күйге түседі екенсіз. Толық адамдардың тамақтан кейін қарнын сипап жатқанын көрген болсаңыз – міне, сол іс-қимыл адамның қолайлы демалуына мүмкіндік жасайды.
3. Денеңізді тырыстырыңыз
Барлық бұлшық етіңізді босаңсыту үшін алдымен оларды тырыстырып жатыңыз. Аяқ, қол, балтыр бұлшық етін, саныңызды тырыстырып біраз жатқан соң денеңізді түгелдей босаңсытып, рақат ұйқыға кетіңіз. Кем дегенде 7 рет жасап көрсеңіз, толықтай ұйқы құшағына енесіз.
4. Өткен күніңізді кері қарай айналдырыңыз
Кейбір адамдар үшін бұл өте пайдалы әдіс. Дәл осы жатысыңыздан, қалай төссекке қарай бара жатқаныңыздан, ал алдында шәй ішкеніңізге т.с.с әрмен қарай қиялыңызбен өткенге саяхат жасап көріңіз. Көп жағдайда кешқұрым уақытқа дейін саяхат жасаған соң адам қалжырап ұйықтап кетеді екен.
5. «Соммидор» құрылғысын жасап алыңыз
Францияда осылай аталатын құрылғы бар: ашық көк экран адамның тыныс алу ретімен бірге ашық және қою түске боялып отырады. Құрылғыны қалай жасаймыз? Бірінші кезекте сіздің тыныс алу жиілігін өлшейтін құрал керек. Онымен өз деміңізді өлшеп алған соң экрандағы түстің сол жиілікпен ашық және қою түске айнала боялып отыратындай етіп жасайсыз. Кейін сол видеоны смартфоныңызға жүктейсіз де, ұйықтар алдында соған қарап жатасыз.
6. Фильмдер көріңіз
1987 жылы АҚШ-та ұйқысыздықтан арылуға көмектесетін «Ұйқысыздық дәрісі» атты фильм шығады. Бұл фильм 2006 жылға дейін Гиннестің рекордтар кітабында ең ұзақ фильм ретінде тіркеліп тұрған екен. Фильмнің 3 сағат және 40 минутқа созылатын сюжетінде бір адам өзінің поэмасын оқып отырады. Бітті. Егер осы фильмді тауып алсаңыз тамаша ұйықтауыңызға біз кепіл. Ал таппасаңыз өзіңіз қалаған бір ең қызықсыз деген фильмді көріп жатыңыз. Ұйықтап кетуіңіз мүмкін.
7. Кітап оқу
Бірақ ешқандай да шытырман оқиғалы роман оқымаңыз, тек қана ғылыми әдебиет, әрі оның оқылуы қиын болсын. Ғылыми терминдері көп кітап ұйықтап кетуіңізге жол ашады. Бірақ түсінбеген тұстарыңызды білу үшін википедияны ақтарудың қажеті жоқ.
8. Ән тыңдаңыз
Интернетте ұйықтауға арналған немесе арнайы демалуға арналған әндер топтамасы бар. Соларды тауып алып, тыңдасаңыз ұйқыңыз келері кәдік.
9. Ән шырқаңыз
Бала кезіңізден-ақ бесік жырын тыңдап, тәтті ұйқыға кетуге болатынын білесіз. Міне, сол әнді айтып отырған адам да ұйықтағысы келеді екен. Сіз де өзіңізге жайлы, түсінікті, оңай жатталатын әнді таңдап алып айтыңыз. Бұл тіпті қорылдауды басады дейді кейбір музыкатанушылар.
Ұйқыңыз тыныш болсын!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: өңделген
А. Құлтай