Ұйықтай алмаудың негізгі себебі нерв жүйесінің қалжырауы дер едік. Тәтті ұйқының бұзылуына көп нәрсе себепкер: қатты қиналу, ренжу, күн тәртібін сақтамау, қоршаған ортаның ластығы, шу, ауасы тар бөлме, тоя тамақтану, жатар орынның жайсыз болуы.
Орыстың ұлы ғалымы И.В. Павлов «адам ұзақ уақыт аштыққа шыдайды, ал ұйқыға еш уақыттта шыдамайды» деген еді.
Ересек адамға 8 сағат ұйықтау керек. Әсіресе, ұйқыға белгілі бір мезгілде жатқан абзал. Мамандардың айтуынша, ең тәтті ұйқы түн ортасына дейінгі мезгіл екен.
Әйелдер 24 сағаттың бәрін бірдей сараптап бөліп, кешкі сағат 10-да ұйқыға жату керек. Бұл үшін ұйқыға дейін бәрін әзірлеп қояды. Сағат 19-дан кейін тамақтанбайды.Бөлмені желдетіп, ауасын тазартады. Жаз айларында терезені, ал қыста желдеткішті ашып ұйықтаған жанға рахат.
Ұйықтар алдында, ең болмаса, жарты сағат таза ауа жұтса, ол асқазанға да пайдалы, дененің сымбатты болуына да кепіл. Оның үстіне жақсы ұйықтайды.
Төсек қаттылау болып, жұмсақ үлкен жастықтың орнына желке астына жұмыр білік қойып ұйықтаса, жапондықтардың айтуынша, бетке, мойынға әжім түспейді, әрі сәндеп қойған шаш бұзылмайды. Әйтсе де сол жапондықтардың қатты білігінің орнына жұқалау ғана өзіңіз үйренген жастықты жастаса да болып жатыр.
Жатқан кезде барлық бұлшық етті босатып, әркім жайлы жағына аунап ұйқыға шомады.
Жылдам ұйықтау үшін жылы ванна қабылдап, бірнеше рет терең демалып, жарты кесе ыстық сүт не түймедағы гүлінен (ромашка) жасалған тұнба ішкен дұрыс.
Аяқ мұздап ұйқы бермесе, ыстық сумен жуып, қатты ысқылап сүртеді де қалың шұлық киіп жатады.
Ұйықтаудың тағы бір әдісі: орындыққа жайғасып, екі қолды бос салбыратып, басты иіп, иекті кеудеге тигізіп отырса, бірнеше минуттан соң көз іліне бастайды.
Қорыта келгенде, ұйықтатын дәріге дағдыланбаңыз. Жайлы орынға рахаттанып жатып бұлшық еттерді босатып, көңілді жақсы ойларға шомып бейне бір қалықтап жүргендей не бір тереңдікке батып бара жатқандай сезініңіз. Осындай сезім ертеңгі тіршілікке тынығып тұруға толық мүмкіндік тудырады.
Бірнеше күн қатарынан ұйықтай алмайтын да кез болады. Сондай шақта ғана барып дәрі алу керек. Басқа кезде ол дәрілерді бір таблеткадан, ертеңіне жарты, одан соң ширегін ішіп бірте-бірте азайтып дәрісіз ұйықтауға дағдылану оңай.
Сонымен бірге, үйде толық тыныштық сақталып, жарықты сөндіріп, өзіңе қолайлы жағдай жасау керек. Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз!
www.anabol.kz