Ұйықтар алдында су ішкен дұрыс па?

Су – тіршіліктің қайнар көзі, адам ағзасына ең қажет дүние. Жиі су ішіп жүргеннің пайдасы да зор. Адам күніне 2-3 литр су ішу керек деседі. Әрине, күнде ондай көлемде су ішіп үргермейтініміз тағы бар. Сондықтан кешке, жатарда су іше салатынымыз бар. Ұйықтап жатқанда ағзаға су жетпей қалмасыншы деп ішетіндер де бар.

Ендеше бұл әдет қаншалық дұрыс, ағзаға пайдасы бар ма әлде зияны көбірек пе – соны қарастырып көрейік.

Пайдасы

Ұйқыдан сергек тұрасыз. Адам түнде ұйықтап жатып көп ылғал жоғалтады. Терлеуі мүмкін, оның үстіне 8 сағат бойы ұйқыда жату – ұзақ уақыт. Сондықтан жатарда ішкен су ішіп жатсаңыз, сусай қоймайсыз. Ал ағзаға су жетіспесе, адамның жүйке жүйесі сыр беруі мүмкін. Содан ұйқыдан тұрғанда мең-зең болып тұрасыз. Әлсіздік болуы мүмкін. Қарын қатты ашқанын да сезуіңіз мүмкін.

Ал кешке бір кесе су ішіп жатсаңыз, мұндай бола қоймайды. Көтереңкі көңіл-күймен тұрасыз.

Бас жазуға көмектеседі. Бұл нәрсе енді ішімдік ішуді әдетке айналдырғандарға керек. Кешке ішімдік ішсеңіз, жатарда суды да ішіп жатқан жөн. Өйткені ішімдік адам ағзасындағы магний, калий мен натрий сынды минералдарды шайып кетеді. Ал су соның орнын толтырады. Егер су ішпесеңіз, онда мең-зең болып, "бас ауырып" тұруыңыз мүмкін. Содан "бас жазу" басталады.

Минусы

Дәрет мазалайды. Жатарда суды көп ішіп қойсаңыз, түнде қуық сыздап, дәретке жүгіріп, ұйқыңыз бұзылуы мүмкін. Ал дәретке бір шығып алғаннан кейін қайта ұйықтай алмай қалсаңыз ше... Ұйқыңыз бекер бұзылады. Сондықтан жатар алдында соны ойлап барып, ішіңіз.

Қуық жұмысын нашарлатуы мүмкін. Жас келген сайын қуық жұмысы да сыр беретіні белгілі. Дәретті дұрыс "қысып тұра алмайтын" болады. Ал түнде ағзада көп дәрет мен сұйықтық жиналып қалса, қуық күштің бәрін соған жұмсап, уақыт өткен сайын қызметі нашарлай беруі мүмкін. Сондықтан ондай болмасын десеңіз, қазірден қуықты күткен жөн.

Сонымен түнде су ішуге бола ма әлде жоқ па?

Бұған жауап табу үшін мынандай бір қарапайым тәжірибе жасап көріңіз. Жатарда су ішіп жатыңыз. Ағзаға қалай әсер етеді екен, соған мән беріңіз. Егер түнде дәретке шығып, қуық сыздап маза кетсе, онда жатарда су ішуден аулақ болыңыз. Ондайда суды жатардан екі сағат бұрын ішіп алған жөн.

Егер ондай қуық қысу болмаса, онда өз еркіңіз.