Ұйықтап жатқан кезде ағзада қандай өзгерістер болады? Ұйқыны ояу кездегіден айыратын қандай белгілер бар?
Ұйықтап жатқан кезде адам ағзасының бәрі жұмысты ояу кезге қарағанда әлдеқайда баяу істейді, тіпті кейбір мүшелердің қызметі айтарлықтай төмендейді. Ұйықтап жатқан адам ағзасының рефлекторлық іс-әрекеті – сырттан болған әсерге қайтаратын жауабы – ұйқының қаттылығына байланысты не әлсірейді, не тіпті жоққа тән болады. Қатты ұйқыда жатқан адамның анау-мынау дыбысқа, денесіне тиіп кеткенге оянбастан немесе жай қимылдап қана қойып қайта ұйықтай беретіні бәрімізге белгілі. Бұл ұйқы кезінде орталық жүйке жүйесінде өзгеріс болатынын байқатады.
1904 жылы медицина және физиология саласы бойынша Нобель сыйлығын алған ғалым И.П. Павлов ағзаның барлық мүшесі мен жүйесінің іс-әрекетін орталық жүйке жүйесі үйлестіріп, ретке келтіріп отыратынын анықтады. Ұйқы кезінде орталық жүйке жүйесінің іс-әрекеті кілт өзгеретіндіктен мүшелер мен жүйелердің де іс-әрекеті өзгереді. Мысалы, ұйықтап жатқан кезде байқалатын өзгешеліктердің бірі – көз, қуық және тік ішек төңірегіндегі дөңгелек бұлшықеттерден басқа денедегі барлық бұлшықеттің әрекет істемеуі не босаңсуы байқалады.
Ұйқы кезінде дем алып, дем шығару әрі тереңдейді әрі бәсеңсіп және бірқалыпқа түседі. Жүректің соғысы баяулайды, қан қысымы 20-25 мм төмендейді.
Бүйректің қызметі баяулап, зәрді аз шығарады. Асқазан мен ішектің іс-әрекеті де біраз баяулайды. Бірқатар бездің жұмысы да баяулайды. Ағзада қышқылдану және зат алмасу процестері едәуір төмендейді. Сондықтан ағзадан шығатын заттар көп бөлінбейді.
Ұйықтап жатқанда дененің температурасы төмендейді. Сол себептен ұйқыдағы адам тез тоңады.
Барлық бұлшықет жүйесінің тыныштық табуы, жүйке жүйесі қызметінің баяулауы, мүшелер мен жүйелер жұмысының төмендеуі – ағзаның белсене қызмет істеген кезіндегі жұмсалған күш-қуатты бұрынғы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ұйқысы қанып тұрған адамның бойы сергіп, жұмысқа қабілеттілігі артып, көңілді жүруінің себебі де осы.