Ұйқысы қанбаған, ұйқысыздықтан мазасы қашқан адамның альтуризм қабілеті төмендейді. Жомарт болу, елге көмектесу сынды қасиеттерден айырылатын көрінеді. Оның орнына сараң, тұжыраңқы боп кетеді екен.
Осылай дейді АҚШ-тың Калифорния университетінің ғалымдары.
Мамандардың айтуынша, ұйықтамаудың, ұйқы қанбаудың кесірі шаш-етектен. Оны талай зерттеу дәлелдеген. Соңғы 20 жылда жүргізілген зерттеулердің бәрі ұйқы мен психиканың арасында тікелей байланыс бары анықталған.
Сондай зерттеулердің бірі – ұйқысы қанбаған, ұйқы қашудың созылмалы түріне шалдыққан жандардың әлеуметтік қарым-қатынас деңгейі де нашарлайтыны. Ұйқысы қанған және қанбаған адамдарды екі топқа бөліп, миына МРТ жасатқан зерттеушілер ұйқысызыдыққа ұшыраған жандардың кейбір ми бөлігі жұмыс істемей қалатынын байқаған. Әсіресе, симпатия мне эмпатия, өзге адамдарға жан ашу, көмектесу, қолғабыс етуге белгі беретін ми бөліктері нашарлап кететін көрінеді.
Ғалымдар тағы бір қызық дүниеге куә болған. Адамдар жазда аса жомарт бола бермейтін көрінеді. Өйткені жазда түн қысқа, адамның ұйқысы толық қанбайды. Содан жомарттығы нашарлап, сараңдығы ұстайтын кез көбейеді. Тіпті, бір сағат ұйқының өзі көп нәрсеге әсер ететін көрінеді.