- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұйқыңыз қашып жүрсе......
Ұйқыңыз қашып жүрсе...
Бойыңызды әлдебір мазасыздық билеп, түндер бойы көз іле алмай жүрсеңіз, бұл ұйқысыздық ауруының алғашқы белгісі. Бұл аурудың тууына көбіне адамның өзі себепкер болады. Сол себепті ұйқысыздыққа душар болмас үшін айтар кеңестерімізге құлақ асыңыз.
Жатар алдында ванна қабылдаңыз
Ұйықтар алдында 1-2 сағат бұрын жылы су толтырылған ванна қабылдаңыз. Қалауыңыз бойынша бал ваннасын қабылдап немесе суға раушан гүл жапырақтарын салыңыз. 20-30 минут жеткілікті болады. Негізі, душқа да түсуге болады, бірақ, оның әсері шамалы.
Жатар алдында асқазанды толтырмаңыз
Кешкі астан кейін өзіңізге шектеу қойыңыз. Бей-берекет ас үйге бас сұғып, тоңазытқыш есігін аша бермеңіз. Сондай-ақ, ұйықтар алдында шоколадтан дәм татуға, кофе ішуге, темекі тартуға болмайды.
Электронды бұйымдарды сөндіріңіз
Электрондық бұйымдарды мүмкіндігінше, түнгі уақытта сөндіріп тастаңыз. Кешкілік теледидар қарап, компьютерде көп отыра бермеңіз. Электрондық бұйымдардың сәулелері жүйке жүйесіне кері әсерін тигізіп, ұйқының қашуына жол береді.
Төсекте жатып, кітап оқымаңыз
Көбі жастықты жастанып, шамды қосып, кітап парақтай бастайды. Әрине, жатар алдында кітап оқыған жөн. Алайда, оны орындықта отырып оқыған дұрысырақ.
Киіміңізге мән беріңіз
Ұйықтағанда киетін киіміңізді жібек, мақта маталардан тігілгені жөн. Ыстық тартар киімдер ұйқының қашуына жол ашады.
Төсегіңіздің орнын ауыстырыңыз
Төсегіңіздің бөлмедегі тұрған орнына аса мән бергейсіз. Мүмкіндігінше, төсек электрондық бұйымдар мен терезе жанында болмағаны абзал.
Жастық-көрпелеріңізді реттеңіз
Аптасына 2 мәрте төсек-орныңызды тазалап тұрыңыз. Қажет болған жағдайда, көрпе-жастығыңызды ауыстырыңыз. Жастығыңыз тым қатты не тым жұмсақ болмағаны жөн.
Дәрі-дәрмектер қабылдауға болмайды
Ұйқы бұзылған кезде көбінесе дәрі-дәрмектер ішіп жатады. Бұл ұйқысыздықтан арылудың оңтайлы шешімі емес. Себебі, ұйықтап кетемін деп, өзге ағза мүшелеріне (бауыр, өт, асқазан, бүйрек, жүрек т.с.с.) зақым келтіріп аласыз.
Күн тәртібін сақтаңыз
Күнделікті бір уақытта ұйқыға жатып, таңертең бір уақытта оянуға дағдыланыңыз. Мүмкін болса, күндіз 1-2 сағат мызғып алыңыз.
Таза ауа жұтып, серуендеп қайтыңыз
Ұйықтар алдында бөлме терезесін 15-20 минутқа ашып қойыңыз. Күн жылы кезде далаға шығып, 20-30 минут таза ауада серуендеп қайтыңыз.
Назар аударыңыз!
Егер де ұйқыңыз жиі бұзылып, біраз күндер көз іле алмай жүрсеңіз, дереу дәрігерге жолығыңыз. Ауруды асқындырып жібермес үшін, дәрігердің айтқан кеңесіне зер салып, барлығын мұқият орындаңыз.
Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз! Ұйқыңыз тыныш болсын!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: tipslife.ru, passion.ru
Ғ. Ұзақ